Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қазақстан аумағынан майданға аттанған 1 жарым миллионнан астам отан­дасымыздың 300 мыңға жуығы хабар-ошарсыз кеткен. Олардың ұрпақтары жауынгер аталарының қай мекенде жерленгендерін табу үшін әлі күнге дейін іздеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Бұл істе көбіне оларға жоғалған жауынгерлерді іздеумен айналысатын волонтерлер көмектесіп жатады.
Жоғалған жауынгердің жоқшысы
775
оқылды

Есімдегі қателер қатты адастырады 

Сондай игі жұмыстың басы-қасында жүрген еріктілер ретінде Facebook же­лісіндегі «Поиск воинов Казахстана про­павших без вести» тобын айтуға болады. Топ әкімшілерінің бірі, волонтер Күлән Нұр­мұхамбетованың сөзінше, бұл жоба 2015 жылы Макка Қаражанова есімді Ук­раинадағы қандасымыздың мұрындық болуымен ашылған екен. Бастапқыда өз ата­сын іздеу барысында көп кедергіге ке­зік­кен Күлән апай осы салада біраз тәжіри­бе жинақтаған соң, дереу осы топқа мүше болып, хабарсыз кеткен жауынгерлерді із­деу­мен айналысатын еріктілер қатарына қо­сылған. Ол іздеу процестеріне өзінің ма­ман­дығы да үлкен көмек бергенін айтады: – Мен орыс мектептерінде қазақ тілі пә­нінен сабақ бергенмін. Сондықтан орыс ұл­ты өкілдерінің қазақша аты-жөндерін кө­біне қандай қатемен жазатынын жақсы бі­лемін. Хабарсыз кеткен солдаттары­мыз­дың оңай табылмауына олардың аты-жөн­дерінің басқаша жазылуы да әсер етеді. Ке­зінде майданға шақырылғанда тіркеу жа­сайтындар олардың аты-жөндерін қалай естісе, солай жаза берген. Тіпті, кейде фа­милия немесе есімдердің өзгеріп кететіні сон­ша, оларды тапқан күннің өзінде туыс­тары мойындамай, «Бұл біздің атамыз емес» деп бас тартатын кездер де болады. Он­дайда әлгі солдаттың туған жері, соғысқа шақырылған орны тәрізді деректерді қоса кел­тіріп, ол кісілерге шынымен аталары еке­нін дәлелдейміз, – дейді Күлән Нұр­мұхам­бетова.

Ақырғы шайқасқан жерді білу де жеткілікті

Бұл топтың мүшелері жан-жақты іздеу па­раметрлерін қолдану арқылы адамдар әдетте өздері іздеп таба алмайтын мәліметті тауып беріп жатады. Оның басты себебі, көп кісі қолда бар құжатты дұрыс оқып, та­ни алмауы немесе архивтермен жұмыс іс­теу ережелерін білмеуі мүмкін. Бұдан бө­лек, топ мүшелері әлеуметтік желідегі осы мазмұндас өзге де шетелдік топтармен ты­ғыз байланыста. Яғни жауынгерді іздеуге бір емес, бірнеше топтың мүшелері жұмы­ла­ды. Егер іздеу жұмыстары нәтижесіз бол­­са, топ мүшелері марқұм жауынгердің туыс­­тарына Ресей Федерациясы Қорғаныс ми­­нистрлігінің орталық архивіне хат жа­зып, сұраныс жіберуіне көмектеседі. Кө­мек­теседі дегеніміз, ол мекеме өтінішті тек жауынгердің туыстарынан ғана қабылдай­ды. Тағы бір айта кетерлігі, егер жауынгердің қаза тапқаны туралы ешқандай ресми құ­жат жоқ болса, аталған топтың мүшелері із­деу барысында табылған деректерді зерт­тей отырып, оның соңғы шайқасқан жерін тауып, әлгі солдаттың есімін бауыр­ластар зиратына енгізуге жәрдемдеседі.

Күлән апайдың айтуынша, марқұм жауынгердің кей туыстары аталарының нақты жер­ленген жерін біліп берулерін талап етеді екен.

– Біз, әдетте, жауынгер қаза тапқан ауыл­ды немесе елді мекенді анықтап бер­е­міз. Бір адамдар бұл ақпаратқа қана­ғат­тан­бай, нақты қай орында жерленгенін біл­гісі келеді. Өкінішке қарай, ондай дәлдікке қол жеткізу көп жағдайда мүмкін емес. Өйткені бомба түскенде бірнеше шақырымдық ра­диустағы әскерлер түгел қырылып қалған ғой. Олардың әрқайсысын бөлек-бөлек жер­леп отыруға ол кезде шама қайда?! Ме­ніңше, атаңның соңғы рет шайқасқан же­рін білудің өзі жеткілікті, – дейді ол.

Әлімжаннан Олиможамға айналған

Бір жауынгерді табуға айлап, кейде тіпті жыл­дап уақыт арнауға тура келеді екен. Неге сонша ұзақ десеңіз, Ресей Федерация­сы Қорғаныс министрлігінің орталық ар­хивіне жазған хатқа кемінде алты айдың ішін­де жауап қайтарылады.

– Бұл мекемеге хат жазар алдында сол­дат туралы мейлінше мол дерек жинауға ты­рысу керек. Өйткені ондағылар сұраныс хат­тағы деректер бойынша ғана іздеу жа­сай­ды, өздерінше зерттеу жүргізбейді. Мы­салы, Әлімжан Калимов есімді солдатты осы архивтің арқасында таптық. Онда аты Олиможам деп өзгеріп кетіпті. Сонда біз тек қана «Алимжан» деген нұсқа бойынша сұра­ныс жасатсақ, ол архивтен табыл­май­тын еді, – дейді Күлән Нұрмұхамбетова.

Осындай қателердің кесірінен іздеу жұ­мыстары да ұзаққа созылады. Мәселен, «Поиск воинов Казахстана пропавших без вести» тобы мүшелерінің бірі Айга Берназарованың атасы 72 жыл бойы хабарсыз кеткендер тізімінде болған.

– Әкем атамды 55 жыл бойы іздеген. Әжем де сонша жыл зарығып жарын күт­кен. Ол сонау 1943 жылы жесір қалғанын біл­­­­меген ғой… Соғыс кезінде атам Уралбай Ша­лабаевтың фамилиясы Шалаваев болып қа­те жазылып кеткен. Ал оны жерлеу кезін­де тегі тағы да өзгеріске ұшырап Малаваев бо­лып жазылған. Біз Facebook-тегі осы топ­тың арқасында атам туралы әрбір түй­медей фактіні жинап, ақыры ол кісінің ер­лікпен қаза тапқан жерін анықтадық, – деп жазады ол.

Қазақ солдаты Отанына 80 жылдан соң оралды

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде хабар-ошарсыз кеткен қазақ­стан­дық жауынгерлердің жерленген орындарын анық­тау және олардың есімдерін мәңгі сақ­тау мақсатында іздеу, мұрағаттық-іздес­тіру жұмыстарымен жүйелі түрде айна­лысатын ұйымдардың тағы бірі – «Атамның ама­наты» қоғамдық бірлестігі. Ол 2019 жы­лы құрылған. Бүгінге дейін бұл бір­лес­тікке 6 мыңнан астам өтініш түсіп, іздестіру то­бының арқасында 2200-ге жуық қазақ­стан­дық сарбаздың жерленген орындары анық­талған. Қазақстанның әр аймағында осы ұйымның 140-тан астам волонтері  жұ­мыс істейді. 

«Атамның аманатына» жүгініп, ха­бар­сыз кеткен аталарын тауып жатқан жан­дар­дың хикаялары қызық. Солардың бірі жасы 80-нен асқан Мәдениет әже әкесі Хамен май­данға аттанғанда небәрі 3 жаста екен. Со­ғысқа кеткелі әкесінен ешқандай хат-хабар келмеген. Іздестіру жұмыстарының нә­тижесінде белгілі болғандай, Хамен Жұманұлы Екінші дүниежүзілік соғыста Ржев түбінде болған шайқаста қаза тауып­ты. «Пионер» іздестіру тобы қазақ жауын­гері­нің сүйегін медальоны арқылы анық­таған. Бір жерден табылған үш сарбаздың екеуінің аты-жөні белгілі. Бірі Хамен Жұ­манұлы болса, екіншісі Төлеубай Жұма­бек­ұлы, бірақ үшінші жауынгердің есімі жұм­бақ күйде қалды. Олардың сүйегін елге әкел­ген соң, Мәдениет әже-ата салтымен әке­сін үйіне бір күн түнетіп, үшеуін бөлмей қа­тар жерледі. Сөйтіп, қазақ солдаты ота­нына 80 жылдан соң оралып, туған жердің төсінде жай тапты.  

Айтпақшы, жуырда Ақмола облы­сындағы Төңкеріс ауылында осы жерден май­данға аттанған 69 адамның есімі қашап жа­зылған стелла ашылды. Сол жауын­гер­лер­дің жеке басын, жерленген жерлерін анық­тауда үлкен жұмыс атқарған іздестіру тобы­ның мүшесі Гүлнар Қанафина іздеу про­це­сінде қолданған амалдарын айтып берді:

«Іздестіруді РФ Қорғаныс министрлігі Ор­талық архивінің «Память народа» және жи­нақталған деректер банкінің «Мемо­риал» сайтары арқылы жүргіздім. Сонымен қатар «Уикипедиядағы» мақалалар, Soldat.ru сайтындағы анықтамалықтар және ре­сейлік іздестіру форумдарындағы ақ­парат­тарды пайдаландым. Іздестіруге қосымша мәліметтердің: әкесінің, атасының аты мен тегі, әйелінің/шешесінің аты-жөні, бала­лары­ның бар-жоғы, соғысқа дейінгі қызмет түрі, қай жерде және ол шақырылған кезде жә­не т.б. жоқтығы кедергі келтірді. Үш күн­ге созылған іздестіру жұмыстары ақыры сәт­ті аяқталды. Барлығы 14 сарбаздың жер­ленген жері анықталды, олар Польша, Ук­раина, Беларусь және Ресей аумағындағы бауырластар зиратында жатыр. Қалған адам­дарды іздестіру РФ Қорғаныс ми­нистр­лігі Орталық архивіндегі деректердің жа­ңартылуына орай жалғасатын болады», – дейді волонтер.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ