Тарихтың ақтаңдақ беттерінде біз білмейтін құ­пия көп. Әсіресе, Ұлы Отан соғысына қа­тыс­қан батырлар хақында әлі күнге ақиқаты ашыл­маған деректер жетерлік. Міне, сондай май­дангердің бірі – ұшқыш Біләл Қалиев.
Берлинді бомбалаған батыр
998
оқылды

Қаһарман ұлдың атағы қашан қайтарылады?

Қалиевтер отбасының ортаншы ұлы Біләлдің ерлігі аңызға бергісіз. Ол 1917 жы­лы Каспий жағалауында дүниеге келген. Сол кездегі Красноводскі қаласында (Қа­зіргі Түрікменстанның Түрікменбашы қа­ла­­сы) орта мектепті бітіріп, кейін алты ай­лық ста­тисттер курсын аяқтайды. Бір жыл­дай «Яг­ман» көмір кенішінде жұмыс іс­тей жү­ріп, ұшқыштар даярлау мектебінде бі­лім ала­ды. 1939 жылы әскер қатарына ша­қы­ры­лып, Черниговте ұшқыштар учи­лищесін бі­тіргеннен кейін Запорожье қа­ла­сында әс­кери қызмет етеді. Соғысқа сол жерден ат­танады. 

Ұлы Отан соғысы Қызыл Армия үшін барынша қолайсыз шақта бастал­ғаны жасырын емес. 1941 жылдың 10 шіл­десіне дейін неміс әскерлері Литва, Латвия, Белоруссияны түгелдей, Украина айма­ғының біразын басып алды. КСРО жерінің сол­түстік-батыс өңіріне 500 шақырым, ба­тысына 600 шақырым, оңтүстік-ба­ты­сына 350 шақырым бойлай кіреді. Осы тұс­та 22 шілде күні немістердің «Геринг қы­­­рандары» деп аталған ұшқыштары ұшып ке­ліп, Мәскеуді бомбылай бастайды. Әс­кер­дің рухын көтеріп, жауынгерлердің жі­герін жану үшін кеңестік әскери әуе күш­терінің алдына Берлинді бомбалау жос­пары қойылады. Алайда екі ара тым алыс еді. Үл­кен есептеулер мен тыңғылықты зерт­теу­лер арқасында ДБ-3 (дальний бом­бар­ди­ров­щик) деп аталатын ИП-4 ұшақтары Балтық теңізіндегі Сааремаа аралының әуежайынан ұшқанда ғана Берлинге барып қайтуға ша­масы жететіні белгілі болады. Шын­дығын айтқанда, мұндай көзсіз ерлікке бару оңай емес еді. Сталиннің тікелей бұйрығымен қолға алынған бұл істе кеңестік ұшқыш­тар­дың ішінен ең мықты дегендері іріктеліп алын­ған. Солардың қатарында ұшқыш Удо­виченко мен Павел Иоффе және Біләл Қа­лиев үшеуінен тұратын экипаж бар бо­латын.

1941 жылы 8 тамыз күні Балтық теңі­зі­нің Сааремаа аралынан алысқа ұшатын ДБ-3 бомбалаушы ұшақтары түн жамылып, Бер­линді бетке алады. Балтық флотының 1-ші авиаполкінің командирі Е.Преоб­ра­женс­кийдің әуе қырандары еш кедергісіз ойламаған жерден Берлин аспанында еркін самғап неміс астанасын аяусыз бомбы­лай­ды. Сонымен қатар 16 тамыз күні бұл сапар қай­таланады. Балтық майданы Әскери кеңе­­­­сінің Берлинге жасалған екінші әуе шабуылы жөніндегі баяндауында мынандай жолдар бар: «16 тамыз. 00 сағат 50 минуттан 02 сағат 40 минутқа дейін Берлинді бом­былау жөніндегі тапсырманы орындау... 

4 ұшақ­тан оның маңындағы Штеттин, Нейб­ран­­денбург қалаларына 5-ФАБ-250 (Фугас әуе бомбасы), 56-ФАБ-100 және 62-ЗАБ-50, ЗПБ-600 (өртегіш бомбалар) тасталды».

Міне, осы ақпарат «Совинфор­мбю­ро­ның» әуе толқындары арқылы хабарланған­да еңсесі езілген елдің жігері жанып, сенім ұшқынын лаулатады. 

Осындай жауапты да аса қауіпті тап­сырманы орындауда асқан ерлік пен кәсіби шеберліктің жоғары үлгісін көр­­­сеткен ұшқыштарға «Кеңес Одағының Ба­тыры» атақтары беріледі. Солардың қа­тарында Біләл Қалиев те болған. Бірақ осы ұшқыштар келесі бір тапсырманы орындау кезінде қайтып оралмады. 1942 жылы жау ны­саналарын бомбалап қайтып келе жат­қан екі ауыр ұшаққа «мессершмиттер» лап қояды. Күш тең емес еді. Мұны Хворостянка се­лосының тұрғындары анық көреді. Қы­зыл әскердің екі ұшағы да от-жалынға ора­нады. 

– Әкем Әбіл-қан майданды көрген ар­дагер. Ол соғыстан оралған соң, соңғы кү­ніне дейін Біләл бауырын іздеумен бол­ды. Сол кісінің айтуымен барлық мұра­ғат­тарға сұрау салып, алғашында құжаттарды там-тұмдап ғана жинай алдық. Барлық жер­ден «Әскери тапсырманы орындау ке­зінде қайтып оралмады» деген жауаптар ал­дық. Яғни, із-түссіз жоғалғандардың са­на­тында болған. 

Біләл ағам 1941 жылы кезекті бір тап­сырманы орындап жүргенде жа­рақат алып, оны үйіне қысқамерзімді де­малысқа жібереді. Қан қасаптың енді бас­талып, әскер күші жетпей жатқан кезін­де жауынгерлерді демалысқа жіберу өте си­рек кездесетіні белгілі. Мұндай құрмет ер­лігімен көзге түскен батырларға ғана жа­сал­са керек. Сол келгенінде ағам Сталиннің өзі сыйға тартқан орысша айтқанда «имен­ной» сағатын тағып келеді. Сөйтіп, оны қарын­дасы Аққазға сыйлап кеткен екен. Ста­лин сол кезде кез-келген солдатқа мұндай тарту жасай бермейтіні анық. 1942 жылы үйіне ағам туралы «қара қағаз» ке­леді. Содан бастап ол туралы ешқандай де­рек табылмады. Сөйтіп жүргенде Жеңіс­тің 40 жылдығы қарсаңында, яғни 1985 жылы Ресейдің Хворостянка селосының тұрғындары қызылізшілерге 1942 жылы 14 шіл­деде осы жерге Кеңес ұшақтарының құла­ғанын айтады. Қызылізшілер орманға, балшыққа құлаған ұшақтарды да, ұш­қыш­тардың мәйітін де табады. Сонымен бірге олар ұшқыштардың кім екенін, қандай әскери бөлімде болғанын және олардың Берлинді алғаш бомбалағанын анықтайды. Хворостянка селосының маңында құлаған ұшақта Павел Иоффе, Иван Удовиченко мен Біләл Қалиевтің болғанын олардың мойын­дарындағы капсул-медальондағы мә­ліметтер дәлелдейді. Олардың Балтық теңі­зінің Е.Преображенский басқарған 1-авиаполктің құрамында 1941 жылы тамыз айында Берлинді бомбалағаны да белгілі болады, – дейді Әбіл Қалиевтің немере інісі Болат Әбілұлы.

Ұшқыштардың денесі табылғаннан кейін қызылізшілер Біләл әскерге алынған Түрікменстанның Красноводск маңын­дағы Уфра кентіне хабар жіберген екен. Онда «ұшқыш Біләл Қалиев – Совет Одағының Батыры» деп көрсетіліпті. Оны өз көзімен оқығандар болған. Бірақ ол құ­жаттар бүгінге дейін сақталмаған. Ба­тыр­дың туған-туыстарын да ұзақ уақыт із­дестіреді. Бірақ ешқандай хабар болмайды. Оның өзіндік себебі де бар. Қалиевтер отбасы ол кезде Шу мен Мойынқұм аудан­дарына көшіп кеткен. Содан Біләл Қа­лиев­тің денесі табылғандығы туралы ақпараттан жақындары мүлде хабарсыз болады. 

– Әкем Әбіл өзінің батыр інісін көзі жұ­мылғанша жоқтаған жаны жаралы адам еді. Талмай іздегенімен, еш дерегін біле алмай жүргенде 1989 жылы ол Уфрадағы Біләл ағам оқыған №3 орта мектептің мұға­лімі Нина Дәулетовадан қуанышты хат ала­ды. Осы хаттың ізімен ол бізді қасына ертіп, інісінің жерленген жері Липецк об­лы­сының Хворостянка селосындағы «Бауырластар» зиратына барып, бауыры­ның рухына тағзым жасады. Сол жерге Әу­лиеатадан алып келген туған жер топы­рағын төгіп, құран оқыды. Алайда басына бөлек құлпытас орнатуға рұқсат берілмеді. Бұдан кейін әкем інісінің Кеңес Одағы Ба­тыры атағын қалпына келтіру ісіне кірісті. Бірақ ол ісін аяқтай алмай, 1995 жылы дү­ние­ден озды. Анам да көзі жұмылған әкем­нің бауырының жоғын түгендеумен айна­лыс­ты. Енді бұл міндет артында қалған біз­ге жүктеліп отыр, – дейді Болат Қалиев. 

Кейбір деректерде кезекті тапсыр­мадан оралмаған ұшқыштарды не­містердің қолына түсті деп күдіктенген Кремль олардың барлығынан Кеңес Ода­ғының Батыры атағын қайтарып алған деседі. Қалиевтер отбасы сол себепті батыр аталарының ерлігін дәлелдей алмай жүрген секілді. 

– Түрікменстандағы Біләл ағам оқыған ор­та мектеп пен көшеге ол кісінің есімі беріл­ді. Жаңаөзен қаласы мен Байзақ ауда­нының Қызыл жұлдыз ауылында оның атында көшелер бар. Енді батыр ағамыздың Кеңес Одағының Батыры атағы қайтарылса деген тілегіміз бар. Сол күнге Аллам жет­кізсе игі, – дейді Болат Әбілұлы.

Иә, қазір Қалиевтер отбасы осы бағытта жұмыс істеуде. Алайда ресейлік архивтерден ақиқатты аршып алу қиынға соғуда. 

«Шындық әрқашанда жеңеді, бірақ ке­шігіп жүреді», – дейді Батыр Бауыржан Момышұлы. Бәлкім, бұл іске еліміздің Сырт­қы істер министрлігі араласса, бір ше­шімі табылып қалар. Сосын Біләл Қалиевтің ерлігіне сай «Халық Қаһарманы» ата­ғы да берілетін күн туар.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы