Қан майданда жеңіс үшін жанын пида, басын құрбан еткен боздақтардың түрлі амал-айлаға барғаны аңыз болып айтылып жүр. Әсіресе, жау жағы бас көтертпей оқ жаудырғанда әскери құрамның ілгері жүруі үшін ажал оғы атқылап тұрған зеңбіректі денесімен жабуға екінің бірінің жүрегі дауалай қоймайды.
Жеңіс оғы жүрегінде
738
оқылды

Ал сондай әрекетке барып, даңқты Александр Матросовтың ерлігін қайталаған аягөздік Сабалақ Оразалиновке сол күйі батыр атағы берілмеді. Әрі ол дзотты кеудесімен жауып, тірі қалған бірден-бір жан. 

Бұл күнде атының өзі елдің есінен шығып бара жатқан Сабалақ Оразалинов 1925 жылы Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауда­нында дүниеге келген екен. Қазақ даласын жайлаған зұлматты жыл­дары ата-анасынан айырылып, балалар үйінде тәрбиеленеді. Ер жетіп, еңбекке араласа бастағанда батыстағы соғыс өрті бұрқ ете қал­ды. Сабалақ Оразалинов те за­мандастары сияқты өз еркімен майданға сұранады. 17 жасында Аш­хабадтағы мергендер курсына қабылданып, 131-атқыштар диви­зиясының құрамында ұрысқа кі­реді. 1944 жылдың 18 қарашасында кеңес әскерлері фашистердің қор­шауын бұзып өтіп, Эстонияның Моонзунд архипелагында ша­буылдайды. Дегенмен кеңес әскері Саарема аралының Каимри дерев­нясы маңына келгенде фашис­тердің күтпеген қарсылығына тап болады. Әсіресе, дзоттан оқты үздіксіз боратқан пулеметшілер бет қаратпайды. Мұндайды күтпеген кеңес әскері окопта жан сауғалап тұр. Осы бір тұста 131-атқыштар дивизиясының 482-полкінің ефрейторы Сабалақ Оразалинов тосын әрекетке барады.

1980 жылы мейрам қарсаңында жарық көрген «Лениншіл жас» газетінің штаттан тыс тілшісі Мейірхан Ақдәулеттің «Бір ұрыс­тағы 12 жарақат» атты мақаласында ардагердің өзі сол сәтті былайша еске алады: «...Бір кезде рота ко­мандирі, аға лейтенант Климовтың «Дзоттты дереу жою керек» – деген командасы естілді. Бұл жерде қалай да тәуекелге бел буу керек болды. Жаудың ажал шашқан бекінісі қаруластар қатарын сиретіп ба­рады. Әйтеуір, біреу өзін оққа байлап болса да, жау пулеметінің үнін өшіруге тиіс. Уақыт оздыру өзіңді де, жолдастарыңды да ажалға байлап берумен бірдей еді. Қолыма екі ауыр граната алып, окоптан шығып еңбектей жөнелдім», – депті батыр. 

Ажал оғы себелеп тұрған дзот­пен бетпе-бет келу қайдан оңай болсын. Бар болғаны 150 метр жердегі «өлім ұясына» жеткенше жауынгерге 2 оқ тиіпті. Әйтсе де, алған бетінен танбастан маңызды шабуылдағы шешуші қадамды жасауға бет алады. «Бір белгісіз күш мені бораған оқ астынан атып тұр­ғызып алға сүйреді. Жүгірген бо­йыммен гранатаны құлаштай лақ­тырдым да жата кеттім. Граната ұяға таяу жерге барып гүрс етті», делінген батырдың естелігінде. 

Сабалақ Оразалинов окоптан дзотқа дейін әкелген екі граната­ның екеуі де нысаннан мүлт кетті. Тек алғашқысы пулетшілерді аздап есеңгіретіп қалғанымен олар ажал оғын бүркуді жалғастыра береді. Жарақаттары жанға батып, дымы құрыған сарбаз шалт қимылдап, ұяны кеудесімен жаба құлайды. 

Таллиндегі әскери госпитальде 15 күннен кейін есін жиған Сабалақ Оразалинов өзінің ерлігі арқылы қаруластарына жол ашып бергенін, олар жауды күйрете соққылағанын білді. Бұл дзотты денесімен жап­қаннан кейін «уралап» алға ұм­тылған 8-рота жауынгерлері 200-ге жуық солдаттың көзін жойып, көптеген әскери техникасын істен шығарыпты. Жиыны 2 деревня неміс басқыншыларының қолынан азат етіледі. Осы бір шешуші шай­қаста ерліктің ерен үлгісін көр­сеткен Сабалақ Оразалинов елге қайтарылады. Дегенмен екінің бірі бара қоймайтын амалға барған жауынгердің ерлігі ескерусіз қалды. Сол кезде майдан газеттерінің бірінің тілшісі Оразалиновты даңқ­ты Александр Матросовтың ерлігін қайталағанын жазса да оны ешкім көзге ілмеді. Мұны қарулас­тары­ның Сабалақтың тірі қалуына күмәнмен қарағаны себеп болса керек. Өйткені ұзақ жылдар аягөз­дік майдангердің аты соғыс дала­сында қаза болғандардың қата­рында жүрген. Тіпті, жаңбырша жауған оққа қарамай, кеудесін ДЗОТ-қа тосқан жеріне ескерткіш белгі орнатылған. Сол жолы жа­уынгердің шала-жансар бейнесін көрген рота писары да оның тірі қалуы екіталай деп ойлаған сияқты. Себебі сол жолғы ұрыста Сабалақ Оразалинов 12 жерінен жарақат­танған екен. Жүрек тұсына тиген оқтың бірі майдангердің денесінде өмірінің соңғы күніне дейін жүрген екен. 

Қызығы 40 жыл бойы Ораза­линовтың ерлігіне әскери басшы­лар тиісті деңгейде назар аудар­майды. Майдангердің Эстонияда, Ленинградта тұратын қаруластары Сабалақ Оразалиновке Кеңес ода­ғының батыры атағын беру туалы ұсыныс жасағанымен оған тиісті деңгейде назар аударылмапты. 

Тек 1980 жылы Қазақ телеви­зиясы әзірлеген деректі фильмнен кейін ғана майдангердің аты мат­росовшылардың қатарына қо­сыл­ды. Бұл фильм КСРО-ның орта­лық арналарынан көрсетілгеннен ке­­йін Сабалақ Оразалиновке Дон­дағы Ростов қаласынан май­дангер Конс­тантин Чернышев хат жол­дап, оның ерлігі Ленинград әскери окру­гінің тарихында алтын әріппен жазылып қалатынын сөз етеді. Ал 1990 жылы Мәскеудегі бір топ бұ­рынғы әскери басшылар мен жа­зушылар құрастырған «Бессмерт­ная племя матросовцев 1941-1945» атты жинақта Матростың ерлігін қайталаған 300-ден аса жауынгер туралы мәліметтер жарияланады. Сол кітапқа жанқиярлық ерлік жасап, дзотты денесімен жазып тірі қалған 6 кеңес жауынгерінің бірі ретінде Сабалақ Оразалиновтың аты енген екен. 

Кейіпкеріміз көзсіз ерлік көр­сеткен соңғы шайқастан соң елге оралып, Аягөз депосында, кейін­нен Алматы шай фабрикасында еңбек еткен. 1988 жылы өмірден өтті. 

Ш.АТЫХАНҰЛЫ