Биыл 11 рет өткізіліп отырған жиынның тақырыбы – «Цифрлық трансформация дәуіріндегі көшбасшылық және аймақтық деңгейдегі журналистика». Дүниежүзілік журналистер конференциясын жыл сайын Кореяның журналистер ассоциациясы ұйымдастырады. Бұл ұйымның 1964 жылы негізі қаланған, биыл 59 жылдығын тойлайды. Ассоциацияның мерзімді басылым, радио, телекоммуникация және интернет-платформалар сияқты әртүрлі салада қызмет ететін 203 компаниядан 11 мыңнан астам мүшесі бар. Шара Оңтүстік Кореяның Сыртқы істер, Мәдениет, спорт және туризм министрлігінің қолдауымен өтті.
Корея журналистер ассоциациясының президенті Ким Дон Хунның айтуынша, COVID-19 пандемиясының себебінен соңғы үш жылда аталмыш шара онлайн форматта өтті. Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері «Журналистиканың дамуы мен болашағы», «Климаттың өзгеруі мен ондағы журналистиканың рөлі», «COVID-19 пандемиясынан кейінгі дәуірге дайындық» және тағы басқа тақырыптарды талқылаған. Биыл әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған журналистермен жүзбе-жүз кездесудің сәті түсті. Конференцияның алғашқы күнінде екі тақырыпқа маңыз берілді – «Өңірлік дамудағы журналистиканың сын-қатерлері» және «Цифрлық трансформация дәуіріндегі көшбасшылық және журналистиканың болашағы».
«Бұл екі тақырыпты талдау әрі шешімін ұсыну – біздің парызымыз. Ұлтымыз, нәсіліміз, жынысымыз бен идеямыз алуан түрлі болса да, шындықты, бостандық пен бейбітшілікті ту ететін журналистік мақсат-мүддеміз ортақ», – деді Корея журналистер ассоциациясының президенті Ким Дон Хун.
Оның айтуынша, бүгінде ғылым мен технологияның жылдам дамып жатқаны соншалық, журналистика саласы бұл қарқыннан бір қадам ілгері болуы тиіс, олай болмаса орны толмас дағдарысқа тап болуы мүмкін. Сондықтан дүниежүзіндегі кәсіби журналистер үнемі серіктестікте жұмыс істеп, ұдайы өзара тәжірибе алмасып отыруы керек.
6 күнге созылған жиын бағдарламасына Сеул, Сувон, Пусан, Инчеон қалалары мен Кёнгидо провинциясына, сондай-ақ Кореяның демилитаризацияланған аймағына пресс-тур жасау енгізілген.
Кореяның мерзімді басылымдар қорының төрағасы Пё Ван Судың айтуынша, аталмыш конференция алғаш өткізілген жылдан бастап оған 100-ден астам елден мыңнан астам журналист қатысқан.
«Аймақтық проблемалардың күн тәртібінде талқылануы оның журналистер назарына ие болуымен, бұқаралық ақпарат құралдарында жиі талқылануымен тікелей байланысты екенін тәжірибе көрсетіп отыр. Сондықтан аймақтың дамуы кезеңінде журналистиканың маңызы зор әрі бұл істе әлемдік журналистер өзара идея, тәжірибе алмасуы және түрлі серіктестікке қол жеткізуі тиіс», – дейді Пё Ван Су.
Сыртқы істер министрінің саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Чхве Ёнсам былтыр Камбоджада өткен АСЕАН саммитінде ел президенті Юн Сук Ёль жариялаған Оңтүстік Кореяның Үнді-Тынық мұхиты стратегиясы мен тұрақты және бейбіт, дамушы Үнді-Тынық мұхиты аймағының стратегиясына тоқталды. Оның айтуынша, осы бастамалардың аясында Корея Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің ассоциациясына кіретін мемлекеттермен, сондай-ақ Латын Америкасы мен Кариб аралындағы елдермен тығыз қарым-қатынас орнатпақ.
«Өңірлік дамудағы журналистиканың сын-қатерлері» тақырыбындағы алғашқы панельдік сессияда әр елден келген журналистер өзінің кәсіби мансабындағы кедергілер мен жергілікті БАҚ-тың проблемалары туралы айтып, тәжірибесімен бөлісті. Бұл сессияны Чунгнам ұлттық университетінің құрметті профессоры Чо Сон Кюм жүргізді. Талқылауға Кванджу-Чоннам журналистер ассоциациясының президенті Маенг Дэ Хван, Bangkok Post репортері Порамет Тангсатхапорн, El País испандық күнделікті газетінің тілшісі Пабло Леон, Пусан қаласында корей тілінде шығатын Busan Ilbo газетінің журналистері Ким Джун Ён және Ли Сан Бэ, Sierra Leone радио-корпорациясының БАҚ және қоғаммен байланыс жөніндегі директоры Мұхамед Асмиу Бах қатысты.
Порамет Тангсатхапорн билік, БАҚ меншігі, тұтынушылар мен нормативтік құжаттар ақпаратты орталықтандыруға айтарлықтай күш салынатындықтан, өңірді дамытудың негізі болған жергілікті проблемалар көлеңкеде қалып отырғанын айтады. Сонымен қатар репортер жергілікті жаңалықтар жариялау, өзекті тақырыптарды көтеру кезінде тай журналистері бетпе-бет келетін қиындықтар туралы айтты.
Тағы бір спикер Мұхамед Бах «бөлме ішіндегі үлкен піл» – биліктің БАҚ жұмысына саяси араласуы мен жарнама бюджетін қысқарту мәселесін талдады. Ол өз елінің кейбір аудандарында әлеуметтік медиа журналистердің қызметін іс жүзінде жойды деп есептейді. «Қазір кез келген адам смартфонға қол жеткізе алады және телефон иесі этикалық және кәсіби стандарттарға жүгінбестен кез келген уақытта, қалаған жерінде сурет түсіріп, жазба жазуға дайын. Смартфон радиодан, теледидардан немесе газеттерден бұрын жаңалық таратады. Дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысы қиындай түсті, мұндай жылдам ақпарат тіптен кәсібилікке қауіп төндіретін кезеңге жеттік», – дейді ол.
Бахтың айтуынша, Батыс Африкадағы көптеген елде бұқаралық ақпарат құралдары үздік кәсіби мамандарынан жоғалтып жатыр. Өйткені тәжірибелі редакторлар мен ардагер ТВ мамандар жергілікті БАҚ-тың болашағына күмәнмен қарап, мамандығын ауыстырып үлгерген, басым бөлігі жалақысы жоғары, болашағы жарқын қоғаммен байланыс, баспасөз қызметі және тағы басқа салаға ауысып жатыр.
«Цифрлық трансформация дәуіріндегі көшбасшылық және журналистиканың болашағы» сессияның модераторы – Корея журналистер ассоциациясының мүшесі Чон Мин Хо болды. Бұл талқылауға Корея, Қытай, Франция, Біріккен Араб Әмірліктерінен келген сарапшылар қатысты. БАӘ-дегі Gulf News порталының цифрлық контентті жоспарлау жөніндегі редакторы Анупа Куриан Муршедтің айтуынша, кез келген брендті және оның көшбасшылығын қолдаудың жалғыз жолы – сапалы әрі сенімді контент. Сондай-ақ «Журналистикада, әсіресе цифрлық дәуірде көзқарас бірлігі қажет. Трендтерге, технологиялар мен заманауи құралдарға сәйкес келетін және бейімделетін дәйекті, мазмұнды стратегия керек. Біздің табысқа жетуіміздің кілті – үздіксіз ойлау процесі. Басшыдан бастап қарапайым қызметкерге дейін ой тастап, идея айтуда сараңдық танытпадық», – деді Анупа Муршед.
Xinhua (Синьхуа) ақпараттық агенттігі бас редакторының орынбасары Чжоу Нин технологияның қарқынды дамуынан қорқудың қажеті жоқтығын алға тартады, өйткені контент – қай дәуірдің болмасын патшасы санала бермек.
«Медиаландшафт, қоғамдық пікірдің экологиясы және коммуникация мақсаттары жаңа медиа мен технологияның ықпалынан айтарлықтай өзгеріске ұшарады десек те, цифрлық трансформация дәуіріндегі жаңа технологиялар құралы қалай құбылмасын, «контент – патша» деген тұжырым еш өзгермейді. Бар болғаны, журналистер ChatGPT сынды жасанды интеллект құрастырған ақпаратты місе тұтып отырмай, алғашқы дереккөзден мәлімет алу үшін кез келген мәселеге тереңдеу аса маңызды әрі белсенді зерттеулер жүргізіп, визуалды, ақыл-ой және жазу машығын үнемі жетілдіріп отыру қажет», – дейді ол.
Конференцияда сондай-ақ фейк жаңалықтармен күрес, жарнама және табыс табудың балама үлгілері, жаңа технология мүмкіндіктері тақырыбында талқылаулар өтті.
Айдана НҰРМҰХАН,
Оңтүстік Корея
Сеул қаласы