Солтүстік Қазақстан облысындағы Шал ақын ауданында шенеуніктер шаруаны сергелдеңге салып, жерді жалға алу мерзімін ұзартпай жүр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғаушылардың бұл облыс бойынша осындай жалғыз жайт дегенге күмәнмен қарайды. Сол себепті енді барлық ауданда тиісті тексеріс жүргізілмекші.
Жырға айналған жер дауы
1,304
оқылды

Заңға көз жұма қараған

Шал ақын ауданындағы Приишим ауылдық округінің аумағындағы жалпы көлемі 1000 гектар болатын үш жер телімі 2013 жылы «Темірханов» шаруа қожа­лы­ғына уақытша жер пайдалану құқығымен 10 жылға берілген екен. Биыл 23 мамырда бұл мерзім аяқталады. Сондықтан шаруа заңда көрсетілген үш айлық мерзімді сақтап, алдын ала 16 наурызда eOtinish сервисі арқылы аудан әкіміне өтініш жолдайды. Онда мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкер дәл осы жер телімдерін жалға беру мерзімін ұзартуды сұрайды. Бірақ әкім-қаралар оның өтінішін уақытылы қарамай, әлі күнге дейін созбалаңға салып жүр. «Көктемнің бір күні – жылға азық» дегендей, жер емген шаруа алтын уақытының өтіп бара жатқанын айтып шырылдайды. 

«Жалға алынған алқаптың ішінде егістік жерлер бар. Онда біз малға жемшөп дайындаймыз. Аудандық әкімдік шешімді кейінге қалдырғандықтан, біз көктемгі егіс жұмыстарын бастай алмай отырмыз. Уақыт өтіп барады, топырақ құрғап жатыр. Егер мамыр айында көктемгі егісті баста­масақ, маусымда кеш болады, қыстыгүні жемшөпсіз қаламыз. Кейін оны сатып алуға қаражат іздестіру керек», – дейді «Темірханов» ШҚ инженері Қазыбек Темірханов. 

Шаруашылықтың 400 шақты малы бар. 90-нан астамы – қазақтың ақ бас сиыры, 300-і – Еділбай қойы. Жылқы басы үшеу-ақ болғандықтан, шаруа биыл тағы 90 шақты Қамбар ата түлігін сатып алуды жоспарлаған екен. Енді жер мәселесі шешілгенше, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүр. 

Аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Жеңіс Жақыпов шаруаның мұңын тыңдап, мәселесін шешуге уақыт таппаған. Істің соңы сиырқұйымшақтанып бара жатқандықтан, шаруа облыстық кәсіпкерлер палатасына жүгініп, көмек сұрады. Бұл мәселені қарастырған кәсіп­керлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысында сарапшы Шыңғыс Жылқыбаев түсіндіргеніндей, жалға алуды жаңа мерзімге ұзарту Жер кодексінің 37-бабының 2-тармағымен реттеледі. «Оған сәйкес жер пайдаланушы Темір­ханов жер учаскесінің шекаралары өзгермеген және жер пайдаланушы өз міндеттерін тиісінше орындаған жағдайда 10 жылдан 49 жылға дейінгі жаңа мерзімге жалдау шартын жасасуға құқылы. Шаруа салығын уақытылы төлеген, шекарасын өзгертпеген. Мұндай жағдайда мәселе жер комиссиясының қарауына шығарыл­майды, ауылдық округ әкімі шешеді. Өтінішті қанағаттандыру үшін ешқандай кедергі жоқ», – деді сарапшы. 

Бірақ жергілікті билік заңды белден басып, шаруаның мәселесін жер комис­сиясының қарауына ұсынған. Жер комис­сиясы оң шешім шығарғанына қарамастан, әлі күнге дейін аудан әкімінің тиісті қау­лы­сы жоқ. Әкімдік қызметкерлері кәсіп­кер­ге шешім өзгергенін, үш учаскенің біреуінің ғана мерзімі ұзартылатынын, басқасын жалға беруден бас тартатынын ауызша айтыпты. Бұл жер Бірлік ауылы тұрғындарының малын жаю үшін керек екен. Кәсіпкер бұған да келісіп, жерінің бір бөлігін ауылдың малын бағуға тегін ұсынған көрінеді. 

«Бұл мәселе былтырдан бері туындап отыр. Қазір халыққа жайылым жер жет­пейді. Бірлік ауылында 1,5 мың гектар жер тапшы. Президент те жайылым жерлерді көбейту туралы айтып отыр. Біз сол тап­сырма бойынша ғана жұмыс жүргіздік. Бірақ шаруаға кедергі жасап, мал бағуға, шөп шабуға тыйым салынбады. Ауылдың халқы сол жерді алып беруді сұрады. Бар болғаны – сол», – деді Шал ақын аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Жеңіс Жақыпов. 

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрайымы Инесса Қуанова мәселенің барлығы заң аясында шешілу керектігіне назар аударды. Экс-судья шенеуніктер шаруаға кедергі кел­тіріп, бюрократияға жол бергенін қадап айтты. Ақыр соңында жер қатынастары бөлімінің басшысы маман жетіспеген­дік­тен, тиісті қаулы уақытылы қабылдан­бағанын, бірақ құжаттың жобасы дайын екенін айтып ақталды. Өтінішті қараудың 15 күндік мерзімі әлдеқашан өтіп кеткені мем­лекеттік қызметшіге абырой әпере қой­­масы хақ. 

Сондай-ақ заңгерлер жаңа келісімшарт жасасқан кезде жердің шекарасы өзгермеуі керек екенін түсіндірді. Тіпті, жерінің бір бөлігін ауыл халқына берген күннің өзінде шекарасын өзгертпей, басқа жолмен шешуге кеңес берді. 

Антикор неге ұялды?

Таңқаларлығы сол, жыл басынан бері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті осы бөлімнің жұмысындағы жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізіп, бірқатар ұсыным берген екен. Сол кезде жерді жалға беру келісімшартының мер­зімін ұзарту туралы да мәселе туындапты. «Сонда сіздерден бұл мәселе жер комис­сиясының қарауына шығарылмайды, шығарған емеспіз, барлық ұсынымдарды орындап жатырмыз деген жауап келді. Бірақ наурыз айында біздің ұсынымдарға қарама-қайшы келесіздер. Не себептен? Біз үш ай бойы сіздерге барлығын тәптіштеп түсіндіріп, жұмыс жүргіздік, қолдау көрсеттік, ұсыным бердік. Бірақ сіздер біздің ұсынымдарды орындамайтын болсаңыздар, талдауды не үшін жүргіздік? Сіздер барлығын керісінше жасап отырсыздар» деген Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Айдос Жүнісов осындай жағдай қалыптасқаны үшін ұялып отырғанын жасырмады. Антикордың ұсынымдарына Шал ақын ауданының жергілікті атқарушы орган­дары шын мәнінде қағаз жүзінде ғана есеп берген болып шықты. 

Соңғы бір жылдың ішінде кәсіпкерлер палатасында мұндай мәселе осымен үшінші рет қаралып отыр. Кеңес төрайымы Инесса Қуанова мемлекеттік органдар Президенттің тапсырмасын желеу етіп, заңды жиі бұзатынын айтты. Тіпті, жер жалдау мерзімін ұзарту сияқты қарапайым ғана жұмыстың өзі соңғы кезде солтүс­тікқазақстандық кәсіпкерлердің кәдім­гідей бас ауруына айналып отыр. 

СҚО кәсіпкерлер палатасы директоры­ның орынбасары Жеңіс Қазиев шенеу­ніктердің құзіреттілігінің шектеулі болуы шаруаны кәдімгідей сергелдеңге салғанын қадап айтты. Жеңіс Абайұлы бұл жайт, басқа да аудандарда болатынына назар аударды. Сондықтан прокуратураға және жер инспекциясына осы мәселені зер­де­леп, тексеріс жүргізу және кінәлілерді жауап­қа тарту туралы ұсыныс жасалды. 

Роза ШӘКЕН, 

Солтүстік Қазақстан облысы