Баспана сапасыз болып шыққан.
Абай облысында үйлерді сапасыз салған 5 мердігер ұйым жауапқа тартылды
1,265
оқылды

Бұл туралы өңір әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

«Құрылыс-монтаждау жұмыстарын сапасыз жүргізген 5 мердігер ұйым әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ең өрескел бұзушылықтар Семей қаласының көпқабатты тұрғын үйлерінің құрылыс нысандарында анықталды», - деді Абай облысының Бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Байқазақов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Басқарма басшысы келіп түскен өтініштер негізінде көпқабатты тұрғын үйлердің 19 объектісінде жоспардан тыс тексеру жүргізген. Оның 15-і жобалау-сметалық құжаттамадан ауытқумен салынған екен. Сондай-ақ бұрын пайдаланылған материалдар құрылысқа қайта жаратылғаны анықталды.

«Талдау көрсеткендей, көп жағдайда құрылыс субъектілері салалық заңнаманы білмеуден, жобалау құжаттамасының сапасыз дайындалуынан, мердігер ұйымдардың құрылыс-монтаждау жұмыстарын сапасыз орындауынан, техникалық және авторлық қадағалау тарапынан бақылаудың әлсіздігінен осындай бұзушылықтарға жол береді. Бұл, сайып келгенде, құрылыстағы заңнама мен мемлекеттік нормативтердің бұзылуына әкеледі», - деді Азамат Байқазақов.

Азамат Байзақов басқарма жұмысының қорытындысы бойынша, жалпы сомасы 23,6 млн теңгеге 68 әкімшілік іс қозғалғанын, оның ішінде 32 іс шешім қабылдау үшін әкімшілік сотқа жіберілгенін атап өтті.

фото:liter.kz