TikTok желісі Financial Times тілшісін аңдыған

Америкалық екі журналист туралы жасырын мәліметтер жинау үшін олардың TikTok-тағы аккаунттары пайдаланылған. Бұл оқиғаның артында қандай себептер тұрғанын Aikyn.kz түсіндіреді.

Танымал әлеуметтік медиа платформа TikTok-тың қоғаммен байланыс жөніндегі директоры Financial Times басылымының тілшісіне құпия қоңырау шалып, The New York Times газетінің мақаласын оқуды ұсынады. Мақалада америкалық екі журналист туралы жасырын мәліметтер жинау үшін олардың TikTok-тағы аккаунттары пайдаланылғаны айтылады. Бұл оқиғаның артында қандай себептер тұрғанын Financial Times-қа сілтеме жасап Aikyn.kz хабарлайды.

Фото AP агенттігінен алынды

Кейін белгілі болғандай Financial Times тілшісінің және тағы бір америкалық журналистің деректерін жинау туралы TikTok-қа оның қытайлық бас компаниясы ByteDance-тен өтініш түседі.

The New York Times мақаласында ByteDance қызметкерлері екі тілшінің деректеріне олардың TikTok аккаунттары арқылы қол жеткізгені айтылады. Жеке деректер, олардың қозғалыстары мен геолокациясы журналистер туралы ақпарат іздеу әрекетінің бөлігі болған.

Осы оқиғадан кейін ByteDance компаниясының Қытайдағы екі қызметкері және АҚШ-тағы екі қызметкері ішкі тексеруден кейін жұмыстан босатылған. ByteDance компаниясының бас директоры бұл оқиғаны «көптеген тәртіп бұзушылық» деп атап, оған компанияның ешқандай қатысы жоқтығын хабарлаған.

Фото Bloomberg агенттігінен алынды. Авторы: Bryan van der Beek

Журналистер қауымын дүрліктірген осы оқиғадан кейін Америкада TikTok қандай платформа және компанияның түпкі мақсаты қандай, жаһандық болашағы бар ма деген сұрақтар талқылана бастаған. АҚШ Конгресі де бұл мәселеге жеке талқылау ұйымдастырып, онда TikTok-тың бас директорының есебі тыңдалады. Конгресс қолданбадағы деректердің қауіпсіздігіне күмән келтіріп, TikTok Қытай билігіне АҚШ азаматтарының деректерін ашып береді деген қорытынды жасайды. 

Фото Businessinsider.com.au сайтынан алынды

Google Search-тің үстемдігінен басталған интернет дәуірінде көпшілік аудитория әртүрлі тегін қызметтерге қол жеткізіп, аккаунттар ашу үшін жеке деректерін платформаларда жүктеп келді. 

Google электрондық поштамызды оқиды, Amazon адамдардың сатып алуларын қадағалайды, ал Twitter мен Facebook көптеген жылдар бойы АҚШ-тың түрлі органдарына хабарларымызды жеткізіп отырады.

Facebook және Instagram сияқты қолданыстағы платформалар достарды, атақты адамдарды және бизнесті бақылау арқылы оларды қызықтыратын мазмұнды анықтиап, соған байланысты жарнама таратты, сөйтіп миллиардтаған аудиторияның арқасында миллиардтаған доллар табыс тауып отыр.

Фото gettyimages.com сайтынан алынды. Авторы: David Espejo

TikTok бірнеше жылда ең жылдам дамып келе жатқан компаниялардың біріне айналды. Ол үш миллиардтан астам рет жүктелген. 2021 жылы АҚШ-тағы тіркелушілер TikTok сайтына Google-ға қарағанда көбірек кірген және YouTube-ке қарағанда көбірек қаралым жасаған. Дүние жүзінде қолданушылар күніне 52 минутты TikTok-та өткізеді, бұл Instagram-мен салыстырғанда екі есеге көп.

Қытай технологиялық компанияларға айтарлықтай билік жүргізеді. Ол ByteDance алгоритмдерінің, соның ішінде TikTok алгоритмдерінің экспортын бақылайды және үкіметке пайдаланушы деректерін ашуға компанияларды мәжбүрлей алады. Бұндай міндеттеу тек Қытайға ғана емес, сонымен АҚШ және басқа да технологиялық өнім шығаратын елдерге тән.

TikTok-қа тіркелген балалардың қауіпсіздігі бүкіл әлемде ерекше алаңдаушылық тудыруда. Ұлыбританияда 13 жасқа толмаған балалардың жеке деректерін теріс пайдаланғаны және платформаға кіруге рұқсат бергені үшін компанияға 12,7 миллион фунт стерлинг айыппұл салынды.

Фото gettyimages.com сайтынан алынды. Авторы: Georgijevic

2022 жылдың соңында ByteDance компаниясы Твиттерде: «ТикТок ешқашан АҚШ үкіметінің мүшелерін, белсенділерді, қоғам қайраткерлерін немесе журналистерді «қудалау» үшін пайдаланылмаған» деп жазды.

Алайда, бірнеше айдан кейін The New York Times мақаласында TikTok қызметкерлері Financial Times басылымы тілшісі мен тағы бір америкалық журналистің телефондарына қол жеткізгендері белгілі болады. Financial Times-тың киберқауіпсіздік тобы өз тілшісіне қосымша сақтық шараларын қабылдауға көмектескен. 

TikTok-ты қолданудың жаңа ережелері Ұлыбритания мен ЕО-да қабылдануда. Америкалық Конгрестің қарсылығына қарамастан TikTok-қа толық тыйым салу екіталай. Платформаны жақсы көретін жастардың көптігін айтпағанда, сөз бостандығын қорғаушылар арасында үлкен қарсылық тудыратыны сөзсіз.