Қала маңайында қамыс өртеніп жатыр.
Петропавлда төрт үй түгі қалмай өртеніп кетті
17
1,197
оқылды

Жел соққан соң қызыл жалын күшейіп, 4 тұрғын үй жанып кетті. Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт сағат 18:57 минутта Петропавлдағы 5-Сенная көшесінде басталған. Ашық алаңда қураған қамыс өртенген.

Желдің екпіні секундына 23 метрге дейін жеткендіктен, өрт қаупі күрт күшейді. Өрт аумағынан 40 адам, оның ішінде, 9 бала қауіпсіз жерге көшірілді. 

«Желдің салдарынан от жақын маңдағы үйлерге жетіп, 4 үй жанып кетті. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Өрт сөндірушілер қызыл жалынмен арпалысып жатыр. СҚО ТЖД 13 техникасы мен 73 адам жұмылдырылды», – деді департамент өкілі.

Қосымша теміржолдан 4 қызметкер мен бір техника, Полиция департаментінен 50 қызметкер мен 9 техника, жергілікті атқарушы биліктен 10 адам және 5 техника өртті сөндіріп жатыр.

Петропавл қалалық әкімдігінің мәліметінше, № 25 орта мектепте эвакуациялық пункт ашылды. 55-10-10, 52-27-25 телефон нөмірлері бойынша жедел желі жұмыс істеп тұр.