Өзбек ағайын бұған дейін тұрақты түрде ұн экспорты жөнінен әлемдік жетекші елдердің «үштігіне» кіріп келген Францияны ығыстырды. Ғажабы сол, Өзбекстан Қазақстаннан 3,5 еседей аз бидай жинайды. Сонда бұл елдің құпия-сыры неде? Біздің елімізде неге осы сала кері кетіп барады?
Фавориттен аутсайдерге айналмайық
Қазақстан 2022 жылы 22,8 миллион тонна астық жинады. Бұл 2021 жылғыдан 26 пайызға көп. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, бұл – соңғы онжылдықтағы жақсы көрсеткіш. Көрші Өзбекстан былтыр қамбаға 6,7 миллион тонна бидай жинаған. Бұл алдыңғы жылғыдан 6,4 пайызға артық.
Бұл жерде оңтүстік көршінің еңбек өнімділігі таңғалдырады. Мысалы, Қазақстан былтыр 16,1 миллион гектарға бидай екті. Ал Өзбекстанда бидай небәрі 1,4 млн гектар ғана алқаптан жиналады. Яғни, он есе кем. Сол себепті Қазақстан өзбек еліне қарағанда он есе көп астық оруы керек еді. Олай болмады, айырмашылық 3 еседей ғана. Бұдан шығатын байлам: өзбек ағайын аз ғана жерге дән сеуіп, көп өнім алады. Бізде астық әр гектардан 12,6 центнерден айналады, ал өзбектерде орташа шығымдылық әр гектардан 65-70 центнерден айналады.
Өзбектердің тағы бір алғырлығын Қазақстанның астық өңдеушілер одағы құрылтайшылар кеңесінің төрағасы Евгений Ганн айтып берді. Таяу жылдары Өзбекстан ұн экспорты жөнінен дүниежүзінде Қазақстанды төмен жылжытып, екінші орынға шығуы және Түркиямен үзеңгі қағыстыруы мүмкін. Және бұл істе оған Қазақстан көмектеспек.
Отандық сарапшылар көп жылдан бері Үкіметке бидайды шикізат түрінде шетелге шығаруды азайтып, оны өңдеп, қосылған құны жоғары өнім түрінде сатуды үздіксіз ұсынып келеді. Бірақ билік бұл сынға құлақ асып, ұн өндірісін дамытуға баса көңіл бөліп жатқан жоқ. Мұны Өзбекстан Үкіметі жасады. Көрші ел қазақ астығын арзанға алып, оны тартып, жаһандық қара базарға ұн, басқа да дайын өнімдер түрінде өткізіп жатыр. Мемлекетке қарасты O’zdonmahsulot (Уздонмахсулот) акционерлік қоғамының құрамына ірі 43 кәсіпорын, 52 диірмен кіреді. Бұдан бөлек, салада мыңға дейін жеке компания жұмыс істейді.
Ал Қазақстан астық өңдеушілер одағының басшысы Евгений Ганның мәліметінше, елімізде қазіргі уақытта шамамен 250 ірілі-ұсақты ұн тартушы кәсіпорын ғана тіркелген. Бірақ оның шамамен 70-і ғана жұмыс істеп тұр.
– Жыл сайын республикамызда 7 миллион тоннаға дейін бидай өңделеді. 2021 және 2022 жылдары 3,3-3,6 млн тонна ұн өндірілді. Бірақ оның жартысын – 1,8 млн тоннасын ішкі нарық тұтынады. Сұранысты өз өндірушілеріміз өтеп отыр. Диірменшілеріміз жыл сайын нарықтық бағамен 5,5 млн тонна бидай сатып алады. Олар – диқандардың ең ірі әрі тұрақты сатып алушысы. Тұтастай алғанда, шамамен 4,5 млн гектар егістің астығын солар кепілді түрде сатып алады, – деді Евгений Ганн.
Егер Үкімет ұн тартатын кәсіпорындарға жақсы жағдай жасап, саланың қарқынды дамуына соны серпін берсе, онда астықты шетелге шикізат түрінде сатудың да көп қажеті болмай қалар еді. Ұннан нан, тоқаш өнімдері ғана емес, печенье, макарон, кондитерлік тағамдар сияқты ондаған мың өнім түрі жасалады. Ұн жемазық (комбикорм), клейстер, сан алуан соус, панировкалар және басқасын жасауда пайдаланылады. Көрші Қытай бидайды экспорттау орнына ұн тартып, одан жылына 90 миллиард порция тез дайындалатын лапша шығарады.
Ауған елі үшін күрес күшейді
Соңғы жылдары қазақстандық ұн экспортының нарығы Орталық Азиямен шектелді: елімізде өндірілген бидай ұнын негізінен Ауғанстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғыз Республикасы, Түрікменстан сатып алады. Кейінгі кезде Қытайға да ұн экспорттау көлемін артыра бастады. Ағымдағы маркетингтік жылда 300 мың тонна ұн алды.
Әйтсе де, қазақстандық ұнның басты экспорттық нарығы – Ауғанстан: бұл ел 2022 жылы біздің халықаралық нарыққа жөнелтілген бүкіл ұнының 70 пайызын тұтынды. Қазақстандық қатты бидайдан жасалған ұн барынша көп өнім түрін шығаруға мүмкіндік береді. Сондықтан ауған халқы қазақ ұнын жоғары бағалайды. Сол үшін олар қазақ ұнын өзгелердікіне қарағанда қымбатқа сатып алуға дайын.
Осы сырды түсіне қойған өзбек кәсіпкерлері кейінгі жылдары қазақ бидайын көбірек импорттап, одан өндірілген сапалы ұнымен Ауғанстан нарығына шығып жатыр. Бұдан қатаң бәсекелестік орнап, қазақстандық жеткізушілерді ығыстыра бастады. Айталық, Солтүстік Қазақстан облысында ұн тартушы кәсіпорындардың 70 пайызы не банкрот болды, не жабылу қарсаңында тұр. Себебі ұн өткізу нарықтары жоғалтты, көлік, тасымал тарифтері екі еседей қымбаттады. Алыс нарықтарды игеруге мемлекет тарапынан қуатты қолдау жоқ, жол және логистика шығыны қашық елдерге ұн тасуды тиімсіз етеді.
«Мысалы, «Цесна» немесе басқа да қазақстандық бренд бар қаптамаға қапталған ұн Ауғанстандағы сөрелерде толып тұрады. Бірақ шынында ол Қазақстанда өндірілмейді. Қазақстан Үкіметі өз брендтерін шетелде қорғамайды. Оның қолдан жасалуымен күрес үшін халықаралық деңгейде қолға алып жатқан шаралары туралы естімеппін. Отандық ұн басты нарығымызға – Ауғанстанға Өзбекстан аумағы арқылы тасымалданады. Өзбектер экспортымызды шектеу үшін транзитке жоғары тарифтер енгізді. Үкімет соны төмендетуге қол жеткізуі тиіс. Онсыз қазақстандық ұн ақырғы тұтынушысына тым қымбатқа түсіп, бәсекелестік артықшылығынан айырылуда. Қазақстанның ұн экспорты жөнінен әлемдік рейтингтерде құлдырауының бір себебі осында», – дейді диірмен иесі, кәсіпкер Бағдат Оразбаев.
Оның мәліметінше, бүгінде жалғыз Өзбекстан ғана емес, Тәжікстан да, Ауғанстан да төл ұн тарту өнеркәсібін белсенді дамытып жатыр. Олар біздің бидайды тартып, ұн жасап алады, тиісінше, біздің ұннан бас тартады. Сондықтан кәсіпкерлер Үкіметке бұл елдерге бидай сатуға мораторий енгізуді де ұсыныпты. Сонда оларға жоғары сапалы қазақ ұнын сатып алудан басқа амал қалмайды. Қазақ ұнынан жасалған макарондардың АҚШ пен Италияда да жақсы сұранысқа ие екені мәлім. Әйтпесе, қазақ ұнының шетелдегі бүгінгі импорттаушыларының бәрі ертең содан жаппай бас тартуы мүмкін. Соның кесірінен ұн экспорты нарығынан толық айырылса, Қазақстанға тек бидай сату ғана қалмақ.
Диірменші неге елден ауды?
2022 жылы Қазақстан шетелге 1 млн 850 мың тонна ұн және 400 мың тонна кебек сатты. Салыстырсақ, ұн экспорты шырқау шегіне жеткен 2010 жылы бұл көрсеткіш 2,3 миллион тонна болған. Сонымен бірге қазақ ұнының бағасы 10 пайызға немесе әр тоннасы үшін 340 доллардан 310 долларға дейін (DAP Сарыағаш) құлдырады.
№1 экспорттаушыға айналған Түркия жыл сайын әлемдік нарықта 3,5 миллион тоннаға дейін ұн өткізеді. Өзбекстан 2022 жылы 949 мың тонна ұнды экспортқа шығара алды.
Өйткені Е.Ганның айтуынша, Өзбекстанда бидай өңдеу қуаттылығы жыл сайын 2,5-3 млн тоннаға өсіп отырады. Өзбекстан Үкіметі жергілікті диірмендерді қолдаудың қуатты бағдарламасын іске қосты. Оларға арзан кредит, салықтық жеңілдіктер мен преференциялар сыртында протекционистік қолдау түрінде де артықшылықтар беріледі. Соның ішінде қазақстандық ұнды Өзбекстан аумағы арқылы транзитпен өткізу тарифін көтеру де бар. Оның орнына қазақстандық бидайды жеткізуге жеңілдік қарастырылған. Нәтижесінде, өзбектер қазақ астығының ірі импорттаушысына айналды. Егер 2021 жылы көрші ел 2 млн 762 мың тонна бидайымызды сатып алса, 2022 жылы бұл көлемді 3 миллионға (2,99 млн) жеткізген. Соның бәрін өзінде диірменнен өткізіп, ұн түрінде сыртқа қымбатқа саудалайды.
Осы орайда Өзбекстан Ауғанстанға жеткізетін ұн көлемін қарқынды арттыруда: 2020 жылы ауған еліне 721 мың тонна ұн жөнелтсе, 2021 жылы 949,1 мың тоннасын жолдады. 2022 жылы Өзбекстан Ауғанстанға гуманитарлық көмек түрінде ұн жеткізу бойынша БҰҰ тендерін жеңіп алып, табысқа кенелді.
Қазақстанның Ауғанстанға жеткізілімдері құлдырап барады: 2020-2021 маркетингтік жылы 1 млн 147 мың тонна ұн сата алды. 2021-2022 маркетингтік жылда бұл көрсеткіш 1 млн 74 мың тоннаға дейін төмендеді. Ағымдағы 2022-2023 жылғы көрсеткіш – 622 мың тонна.
Жалпы, кезінде Қазақстанның Ауғанстан нарығын жаулап алуына Пәкістан «көмектесті»: ондаған жыл бойы ауған елін өз ұнымен асыраған Пәкістан ағымдағы онжылдықта ұн экспорттаушысынан импорттаушыға айналды. Бұл өнім оның 230 миллионнан асатын өз халқын тамақтандыруға жетпейтін болды. Әрине, Қазақстан Пәкістанның ұлан-ғайыр нарығын игеріп алуына болатын еді. Бірақ Қазақстан Үкіметі оған баса мән бермей отыр. Тек 2022 жылы Термез (Өзбекстан) – Мазари-Шариф (Ауғанстан) – Кабул (Ауғанстан) – Пешавар (Пәкістан) теміржол бағытының құрылысына қатысу ниетін білдірумен шектелді.
Биыл отандық ұн экспортының көлемі қанша болатыны әзірге белгісіз. Ағымдағы 2022-2023 маркетингтік жылда 884 мың тонна ұн экспортталған. Сонымен бірге ұн бағасы арзандап кеткені әлгінде айтылды. Яғни, отандық ұн экспорттаушылардың табысы кемиді.
Мұның сыртында сарапшылар елдегі диірмендердің толық жүктемемен жұмыс істемейтінін, қосымша ресурстардың, электр қуатының, жанар-жағармайдың бағасы қымбаттағанына, логистикалық шығындардың да өскеніне назар аудартады.
Ел Үкіметі Өзбекстанның тәжірибесін игеріп, үлгі алуы үшін шенеуніктерден және бизнесмендерден тұратын ауқымды делегацияларды аттандырса, артық болмас еді. Сонда көршіде ұн өндірісін өркендету үшін қандай жағдайлар жасалғанын ұғынар еді. Әйтпесе, ұнды өз елімізде жасағаннан өзбек аумағында өндірген әлдеқайда тиімді әрі табысты екенін түсінген тәжірибелі қазақстандық кәсіпкерлер Өзбекстанда ұн тарту кәсіпорындарын ашып жатыр. Сондай-ақ өз елін тәліптер басып алғалы ауғандық диірменшілер де өзбек жеріне ауып, ұн өндіру кәсіпорындарын соған көшірді.
Ұнға қай кезде де сұраныс болады. Демек, Үкімет бағасы құлдырап бара жатқан мұнайға алдана бермей, ұн экспортын нағыз байлық көзіне айналдырудың қамына мықтап кіріскені абзал.
Айхан ШӘРІП