Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбековтің айтуынша, биыл жалпы құны 32,5 миллиард теңгені құрайтын 118 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде, аймақта 456 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Жобалардың қатарында сүт-тауарлы фермасын, құс фабрикасын, макарон цехын, көкөніс қоймасын, этнотуризм орталығын салу және балық шаруашылығын дамыту сынды баянды бастамалар бар.
Қазір елдімекенде Monterra Qasaqstan ЖШС тау-кен металлургия комбинатының, KORCEM ЖШС цемент зауытының құрылыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ ірі жобалардың қатарына Eco – Chicken модульдік құс фабрикасын салу және TARAZ EKO FISH ЖШС форель өсіру кәсіпорны кіріп отыр.
Сортөбе ауылындағы Korday Fish және Taraz Eko Fish ЖШС-ның екеуі де балық, оның ішінде форель өнімдерін өндіруге бағытталған. 2020-2021 жылдары жүзеге асқан Korday Fish жобасына мемлекет тарапынан 3,8 гектар жер телімі бөлініп, жылына 500 тонна балық өндіруге қауқарлы серіктестік консервілеу цехын да іске қосуға ниетті. Қазір 800 мың шабақ жеткізілсе, тағы 4 миллион шабаққа тапсырыс берілген.
Ал 5 гектар жерге орналасқан Taraz Eko Fish ЖШС жылына 60 тонна балық өнімдерін өндіруге жобаланған. Жалпы, Жамбыл облысы аумағында балық шаруашылығымен айналысуға ниетті кәсіпкерлердің саны күн санап артуда. Осы саланы дамыту мақсатында балық шаруашылығына бағытталған өңірлік бағдарлама әзірленді. Бағдарламаға сәйкес, өткен жылы облыс аумағындағы 464,3 тонна тауарлы балық өндіру жоспарланып, меже артығымен орындалып, 483 тоннаны құраған. Оның ішінде 436 тонна форель балығы болса, 47 тонна тұқымдас балық. Сондай-ақ биылғы бағдарламаға сәйкес 666,1 тонна тауарлық балық өсірілмек. Облыс әкімдігінің Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, аталған көрсеткішке жету үшін 4,7 миллион дана балық шабағы қажет екен. Осыған орай шабақтар өңірдегі «Сандель», «Арнұр», «Алтын бұлақ» шаруа қожалықтары мен Шардара, Қапшағайда орналасқан балық өсіру тәлімбақтарынан алынады. Бұл бағыттағы жұмыстар қазір жандану үстінде.
Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы бойынша 2024 жылы 1375,9 тонна тауарлы балық өндірісі қолға алынып, 2025 жылы бұл көрсеткіш 3 000 тоннаға жетеді деп күтілуде. Ол үшін 18 инвестициялық жоба қолға алынуда.
Осы орайда жобаларға жан үрлеп жатқан кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан түрлі қолдау көрсетіледі. Мәселен, 2022 жылы жергілікті бюджеттен акваөсіруді субсидиялауға 78,2 миллион теңге бөлінсе, оның ішінде балық жемдерін сатып алуға кететін шығындардың 30 пайызын субсидиялауға 45,1 миллион теңге, балық шабағына 33,1 миллион теңге бағытталған. Ал 2023 жылы акваөсіруді субсидиялауға 281 миллион тенге қаралуда.
– Балық шаруашылығын дамыту өңдеу цехтарын ашуды қажет етеді. Облысымызда балық өңдеумен айналысатын екі балық зауыты бар. Олар – Мойынқұм ауданында орналасқан Мыңарал балық зауыты мен Меркі ауданындағы Меркі балық зауыты. Екі зауыт та жылына 1 500 тонна балық өңдеуге қауқарлы. Сонымен қатар биыл ALFISH ЖШС-ны Мойынқұм ауданы Мыңарал стансасының маңынан жылына 1 000 тонна балық өңдеуге қуатты цехтың құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Облыс аумағында жалпы сомасы 1,9 миллиард теңге болатын қуаттылығы 1 828 тонналық 18 жаңа инвестициялық жоба жұмысы ұйымдастырылуда. Оның ішінде 8 карп балығын өсіру, 9 форель балығын өсіру және 1 африкалық жайын, бекіре балығын өсіру шаруашылығы бар, – дейді Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Данияр Башанов.
Иә, осылайша өңірде инвестициялық жобалардың өрісі кеңеюде. Бұл, әрине, облыс экономикасынан бөлек әлеуметтің әлеуетін де артыратыны анық.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы