Gosagro.kz ақпараттық жүйесі Qoldau платформасының орнына жасалған болатын. Ескі платформаны алмастырған жаңа жүйе оған қарағанда жақсы жұмыс істеуі керек-ті. Бірақ шаруалар оның жұмысының шалағайлығын айтып байбалам салуда. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына шағым айта келген диқандардан білгеніміздей, gosagro.kz жүйесінің басты кемшіліктерінің бірі – кәсіпкерлердің жер телімдері туралы мәліметтердің жоқтығында.
Барлық шаруа жалғыз маманнан сұрайды
«Талшық Астық Агро» ЖШС осындай мәселемен бетпе-бет келді. Ақпараттық жүйеде жер учаскелері цифрланбаған. Мемлекеттік жер кадастрының ақпараттық жүйесінен және Qoldau порталынан алынған деректер Gosagro-ға дұрыс кіріктірілмеген. Соның салдарынан өтініш беру үшін сайтқа кіру мүмкін емес, мұрағаттық деректер және бұрын алынған субсидиялар туралы ақпарат жоқ. Бұл жайт субсидияны қайталап алуға әкеліп соқтыруы мүмкін, өйткені деректерді салыстыруға еш мүмкіндік жоқ», – деді Солтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасының агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бөлімінің сарапшысы Сабина Мұқашева.
Сөйтсек, облыстағы жер телімдерінің басым бөлігі цифрландырылмаған немесе заң талаптарына сай тіркелмеген екен.
«Бұрын Qoldau порталында барлық егістік жерлерді көретінбіз. Қазір егістіктер бойынша емес, жалпы кадастр ғана бар. Жүйе соңына дейін жасалмаған. Қолдарынан келмесе, неге Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне жүгінбеске? Тіпті, біздің ауылдағы IT-мамандар да бұл мәселені шешудің жолдарын ұсынып жатыр. Qoldau да, gosagro.kz да, «Ғарыш сапары» ҰК да Ауыл шаруашылығы министрлігіне бағынышты емес. Неге?
Бұл – жалғыз «Талшық Астық Агроның» қиындығы емес. Бүкіл ел бойынша туындап отырған мәселе. Осы мұңымызды айтып кімге жүгінсек те, қол жайғаннан басқа амалдары жоқ. Ауыл шаруашылығы басқармасындағылар да «білмеймізден» ары аспайды. Жүйенің колл-орталығының телефоны жұмыс істемейді. Мәселе туындаса, оның шешімін табуға көмектесетін маман жоқ. Арнайы ашылған телеграм-арналары бар екен. Бірақ бұл арнаға қарапайым шаруалар қосыла қоймайды. Және бұл арна бүкіл Қазақстанға ортақ. Қанша адам бар екенін топшылай беріңіздер. Солардың барлығының қарша бораған сұрақтарына бір ғана өкіл жауап береді. Оның қай мекемеде жұмыс істейтіні белгісіз. Жалғыз өзі жауап беріп те үлгермейді», – деп мұңын шақты «Талшық Астық Агро» ЖШС-інің есепшісі Раушан Мұхамедқайырова.
Биыл 18 сәуірде тыңайтқыштарды субсидиялауға өтінім беру басталған болатын. Осындай өтінім беру кезінде «Қызылжар» фермерлік қожалығы да тосын оқиғаға тап болды.
«Кәсіпорын селитра мен аммофосты субсидиялауға өтінім бере алмады, өйткені өтінімде жер телімдері көрсетілмеген. Кәсіпорын басшылығы gosagro.kz порталының қолданушыларға қолдау көрсету қызметіне жүгінген. Ондағы маман егер жер жеке сәйкестендіру нөміріне, ал ұйым бизнес сәйкестендіру нөміріне ресімделген болса, онда техникалық жағынан субсидияларға өтінім беру мүмкін емес екенін түсіндірді. Неліктен жаңа жүйені әзірлеушілер фермерлік қожалықтың жерлері заң бойынша басшысының жеке сәйкестендіру нөміріне тіркелетінін ескермеген? Өйткені бұған дейінгі qoldau.kz порталында солай болатын. Бұл сұраққа gosagro.kz жүйесінің маманы мұндай техникалық тапсырма берілген жоқ деп жауап берді. Ендеше, бұл мәселе жүйені әзірлеушілердің жоспарына да енгізілмеген және сәйкесінше кемшіліктерді жою мерзімі де жоқ», – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Шыңғыс Жылқыбаев.
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының жанындағы кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысына қатысқан Солтүстік Қазақстан облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Сансызбаев министрлік деңгейінде деректерді бұрынғы жүйеден жаңасына көшіру бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Жергілікті басқарма қосарланған субсидиялау тәуекелдерінің алдын алу үшін осы процедураның тезірек аяқталуына мүдделі. Сондықтан облыстық басқарманың бір қызметкері қазір деректерді салыстыру және тасымалдаумен айналысу үшін министрлікте жұмыс істеп жатқан көрінеді.
Ал жеке сәйкестендіру және бизнес сәйкестендіру нөмірлеріне қатысты мәселе түбінде шешіледі. Бірақ қашан екені белгісіз.
Қолдан жасалған кедергі ме?
Дәл қазір Gosagro-ның техникалық ақауына байланысты диқандар үшін тек Солтүстік Қазақстан облысында ғана емес, бүкіл республикада қиын жағдай қалыптасып отыр. Олар өздеріне тиесілі субсидияға қол жеткізе алмай жүр.
Палата өз кезегінде бұрынғы Qoldau жүйесін мемлекеттік меншікке беру мәселесін пысықтау, Әлеуметтік қамсыздандырудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесіндегі мәселелерді шешу үшін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігін қатыстыру, субсидиялау жөніндегі мемлекеттік қызметті egov.kz порталында ұйымдастыру туралы ұсыныс жасады. Ірі инвестициялық жобалар бойынша жүйедегі кемшіліктерді жою жөніндегі жұмыс тобын құрып, әр облыста ақпараттық жүйеге қатысты сұрақтарға жауап алу және қолжетімділікті қамтамасыз ету орталықтарын ұйымдастыру ұсынылды. Айта кету керек, бұған дейін бұл ұсыныстардың барлығы Ауыл шаруашылығы министрлігіне және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына жіберілген болатын. Әзірге, «баяғы жартас – сол жартас».
«Бұл мәселердің біразын бірер жыл бұрын да қозғағанбыз. Әзірге өзгерген ештеңе жоқ. Себебі нақты мерзім белгіленбейді. Жауапты тұлғалар: «біз бұл мәселені білеміз, жұмыс істеп жатырмыз, бақылауда ұстаймыз» дегеннен басқа ештеңе айтпайды. Қанша уақыт бақылауда ұстауға болады? Түптеп келгенде, ешқандай қиындық та жоқ, тек техникалық ақаулық қана, инженерлер шешіп беретін жұмыс», – деді облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының жанындағы кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес төрайымы Инесса Қуанова.
Кеңес отырысына қатысушылар тіпті бұл жайт субсидиялар белгілі бір адамдарға ғана бөлінуі үшін әдейі қолдан жасалған болуы мүмкін деген де күдіктерін жоққа шығармайды. Портал жұмыс істемеген 5-6 сағаттың ішінде бір шаруа миллион теңгелік өтінімін өткізе алмаса, дәл осы мезгілде басқа біреулер миллиардтаған субсидия алып үлгеріпті.
«Техникалық ақаулық сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін арттыра түседі. Субсидияға қаржы бөлінгенімен, ол шаруаға жетпейді немесе «қажетті» адамдарға ғана беріледі. Біздің аграрлық аймақ субсидиямен күн көреді. Тауар өндірушілер субсидия ала алмаса азық-түлік қауіпсіздігі туралы сөз қозғаудың өзі артық. Кәсіпкерлер біресе тыңайтқышқа, біресе жұмыртқаға субсидия ала алмай жүргендерін айтып үнемі шағымданады. Содан кейін неге жұмыртқа қымбат деп таң қаламыз. Субсидиясыз шаруаға өте қиын, ал бізге, қарапайым тұтынушыға бәрі қымбат», – деп баса айтты Инесса Қуанова.
Сондықтан кәсіпкерлер палатасының жанындағы кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес осы мәселені шешу үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің де ат салысуы керек деген ұсыныс айтты.
Роза ШӘКЕН,
Солтүстік Қазақстан облысы