Олардың кейбірі қарапайым ережені сақтамай, жаяу жүргінші жолына шығып, жылдамдықты асырып, тротуардағыларға қауіп төндіре бастады. Сондықтан қала тұрғындары электр скутер мен моноцикл жүрісін реттеуді талап етуде.
Микромобильді көлікке шағым көп
Екі дөңгелекті көлік тротуарда жүргенде аса сақ болуды қажет етеді. Өйткені оның жылдамдығы сағатына 40-80 шақырымға дейін үдейтіндіктен, оған соғылған адамның жарақаты да жеңіл болмасы анық. Жүргіншілер жолында балалар, қариялар, бала арбасымен әйелдер жүретінін қаперге алсақ, жағдайдың қаншалықты қауіпті екеніне көзіміз жетеді.
Деректерге жүгінсек, скутердің кесірінен 2021 жылы бір адам қаза тапқан және 71 адам жарақат алған. Былтырғы осындай мәліметтерді сұрастырып, біз Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетіне жүгінгенде, мұндай жекелеген статистика жүргізілмейтіні жөнінде жауап алдық.
Мәжілісте осы көлікке қатысты заң жобасын талқылау барысында Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха былтыр елімізде осындай 43 апат болып, бір адам қаза тапқанын мәлімдеді.
«Жол бойында самокат пен автокөлік соқтығысқан жағдайда ғана статистика жүргізіледі. Олардың барлығы Алматыда тіркелді. Биылдың өзінде осындай екі факті бар. Бірақ бұл – электр «самокаттың» автокөлікпен немесе мотоциклмен соқтығысқан кездегі статистикасы. Жаяу жүргіншілер жолағында апаттар әлдеқайда көп. Алайда бұл оқиғалар бойынша статистика жүргізілмеген. Енді көліктің осы түріне қатысты нақты талаптарды заңдастырсақ, Бас прокуратура мұндай статистиканы да қамтиды», – деді вице-министр.
Айта кетерлігі, елімізде электр скутерлер саны жыл сайын көбейіп келеді. Оған нарықта осы көлікті жалға беретін кикшеринг сервисін ұсынатын компаниялар қатары артқанын қосыңыз. Осындай көлікке бейімделмеген қолданыстағы көлік инфрақұрылымының жүктемесі қазір еселеп артып кетті. Оған тұрғындардың, жаяу жүргіншілердің шағымы жиілеп кеткені куә. Өйткені электр скутер өзінің арнайы жолы болмағандықтан, веложолақтардың аз болуына байланысты тротуар, серуен жолдарына шығып кетуге мәжбүр болып отыр. Ал адамдардың қауіпсіздігін сақтау үшін жедел түрде бастапқы ережелерді енгізу қолға алынып, шектеу шаралары заң жүзінде енгізіле бастады.
Сонымен қатар шеринг компаниялардың қызметінде мән беретін тұстар көп. Айталық, электр скутерді жүргіншілер жолының ортасына қалдырып кететініне жиі куә болып жүрміз. Ол жаяу жүргіншілерге, сәби отырған арбаның өтуіне кедергі келтіреді. Сондай-ақ көлік жолына тастап кету немесе көлік тұрағына қойып кетушілер де табылады.
Алайда кикшеринг компаниялар скутер тұрағы әкімдікпен келісіп таңдалғанын әрі ол көлікке, жүргіншіге немесе көлік тұрағының айналасына кедергі келтірмейтін жерде орналасқанын алға тартады.
Мысалы, Алматыда жалға берілетін скутерге арналған тұрақтар белгіленген. Арнайы тұрақ болса, жалға алушылар электросамокатты жаяу жүргінші мен көліктерге кедергі келтірмейтін орынға қояды делінеді.
Компания қолданушысын тәртіпке шақырып, оны ынталандыруды қолға аламын десе, кедергі көріп тұрған жоқпыз. Алайда олар заңмен шектелмесе, өздігінен құлшыныс таныта бермейді.
Заң мәселені реттей ме, әлде шектей ме?..
Айта кетерлігі, электр скутер – жаңа көлік түрі. Сондықтан электр скутер, гироскутер, моноцикл сияқты шағын электр көліктерін қадағалау, заңнамадағы мәртебесін белгілеу, шағын электр көлігін жүргізушінің құқығы мен міндетін анықтау міндеті тұрды. Ең алдымен былтыр электр скутердің стандарты қабылданды. Ендігі электр скутерге қатысты бірнеше заң өзгерту қолға алынды. Соның нәтижесінде кеше Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қабылданды.
Осы құжатты талқылау барысында Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов көліктің бұл түрін жасы 18-ден асқан және мотошлем мен жарық шағылыстыратын киім киген азамат басқара алатынын мәлім етті.
Былтыр заң жобасы әзірлене бастағанда бұл жас шегі 16 жас шамасында болады деп келді. Өйткені жол жүрісі туралы заңға сәйкес мопед жүргізуге рұқсат беретін куәлікті 16 жаста беріледі. Ал электр скутер осы мопедпен бір түрге жатқызылады деп келді. Алайда көпшілік пікірін ескеріп, мән-жайды егжей-тегжейлі қарастырған заң әзірлеушілер жас шегін 18-ге жеткізуді құп көрген болып отыр.
Аталмыш Парламент депутаттары әзірлеген заң жобасында электр самокаттардың жүрісін реттеу бойынша алғашқы түзетулер топтамасы ұсынылды. Құжатта электр скутер көлік құралы ретінде танылады, сондай-ақ жүру жылдамдығы сағатына 25 шақырымға дейінгі көлік құралы санатына жатқызылады. Ол велосипед жолдары мен жол жиектерінде шектеусіз жүре алады.
Отырыста депутат Руслан Берденов Алматыда кикшеринг компаниялар жиынына қатысқанын айтып өтті. Кәсіпкерлер, шектеулер жаңа ашылған кәсіпке кедергі келтіретінін жеткізген. Олар жүргізушіге талап қою мен жылдамдықты төмендетудің орнына сақтандыру жүйесімен жұмыс істесек деген ұсыныс көтерген. Заң жобасын әзірлеуге қатысқан Екатерина Смышляевадан осы сұраққа жауап берді. Депутат бұл тиімді бизнес екеніне тоқталып, кикшеринг компаниялар адамдарды жұмыспен қамтып, салық төлеп отырғанын жасырмады.
«Алайда кез келген бизнес біздің азаматтар үшін қауіпсіз болуы тиіс. Біз осы қағиданы басшылыққа алдық. Сақтандыру жайына келсек, өтемақы беру жөніндегі ұсыныс жолда төтенше жағдай болған соң жасалады. Сақтандыру өтемақысы жарақат салған адамды тыныштандыра ала ма?» – деген Екатерина Смышляева сақтандыру жағдайы кейін қарастырылатынын атап өтті.
Депутаттар қазіргі электр көлік жүргізушісіне куәлік талап етілсе, оның құқығына нұқсан келмей ме деп сұрады. Оған жауап берген Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха «заңға қол қойылған соң күшіне енуі үшін 60 күндей уақыт бар болғандықтан бұл мерзім азаматтардың өз құқығына қатысты жағдайды білуіне жеткілікті уақыт деп санайтынын атап өтті. Сонымен қатар вице-министр елімізде
7 млн-нан астам адамда жүргізуші куәлігі бар екенін алға тартып, олар жол ережесін білетіндіктен куәлік алушылар қатары көп болмайды деген түйін жасады.
Депутат Арман Қалықовтың айтуынша, электр скутердің тротуарда жүруіне толық тыйым салыну көзделген. Жұмысшы тобы осы тыйымды алып тастап орнына жылдамдықты сағатына 6 шақырым етіп қалдыруды ұсынған. «Шектеудің бұл шегі неге негізделген? Өйткені жаяу жүргіншілер аймағында жылдамдықты тіркейтін камера жоқ. Сонымен қатар самокаттың өзінде тіркеу нөмірі жоқ. Осындай жағдай анықталса самокат жүргізушісі қандай шаралар қолданылады?», – деп сұрады.
Екатерина Смышляеваның жауабына сенсек, мұндай жылдамдық шамамен тротурадағы жаяу жүргіншілер легінің жылдамдығына жақын екен. Оны көзбен шолып анықтау қиын емес болып шықты.
«Жаяу жүргінші жылдамдығы – шамамен сағатына 3,5 шақырым. Самокат жылдамдығы одан бірнеше есе қатты болса, ол кез келген видеода айқын көрініп тұрады. Сондықтан оны сотта тез дәлелдеуге болады. Әрі осы жылдамдық тежеу жолын барынша қысқартып, тез тоқтауға мүмкіндік береді», – деді депутат.
Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеханың айтуынша, тротуарда басымдық жаяу жүргіншіге берілгендіктен кез келген даулы жағдай жаяу жүргіншінің пайдасына шешілмек.
Экологиялық көлікті дамыту қажет
Микромобильді электр көліктері қала экологиясына жақсы әсер ететіні сөзсіз. Алайда оның тез көбеюі салдарынан қажетті инфрақұрылымды жабдықтау қала әкімшілігі тарапынан қолдауды және қала жоспарын әзірлеуде түбегейлі шешімдерді талап етеді. Бұл көлік еліміздің оңтүстік өңірлері, климаты жайлы мегаполистері үшін өте қолайлы. Жанармай шығыны талап етілмейді, оны қуаттауға үйдегі қуат көзі жеткілікті. Әрі көліктің бағасы да бюджеттік автокөліктен жүздеген есе арзан. Сонымен қатар көлемі шағын болғандықтан үлкен даңғыл мен кең көшені талап етпейді. Шағын орамдар арасында жұмысқа қатынауға, яки қашық емес тұстарға жетіп алуға өте ыңғайлы. Алайда әрбір оңтайлы көліктің пайдалану шегі бар. Өйткені оның жүруіне еркіндік берілетін веложолақтар қала жолдарымен салыстырғанда аз. Оларды төсеу мен қашықтығын арттыру жағы елімізде мейлінше баяу жүргізіліп жатыр. Велосипед, электр скутер, моноцикл секілді экологиялық көлік таңдаушылар қатары жыл сайын еселей беретінін ескерсек, оның инфрақұрылымын дамыту баста назарда болуы тиіс.
Урбанистер кептелісі көп Алматы секілді қалада «самокатшылар» автомобильмен қатынай бастаса экологиялық, көлік қарқыны жағдайының бұрынғысынан да шиеленісе түсетінін болжайды. Сондықтан қоғамдық көлік пен микромобильді транспорт түрлеріне жағдай жасалуын күтіп жүрген автокөлік жүргізушілерге күте тұруына тура келеді.
Жәнібек АМАНГЕЛДІ