Биыл оқу жылының соңғы күні мен зұлмат жылдарды еске алу күні тұспа-тұс келеді. Себебі, биыл мектептерде соңғы қоңырау жиыны 31 мамырда өтеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Қазақстанда 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Мектеп оқушыларының қуанышы мен қазақ тарихындағы қасіретті жылдарды еске алып, аруақтарға тағзым ету бір күнде аталып өтіледі. Сондай-ақ түлектердің мектеп бітіру кешін ерекше атап өтетіні, қаржы жинау, ас та төк дастарқан үшін ата-аналар қаржы жинайтыны тағы бар. Осы мәселе жөнінде Шымкент қалалық Білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева арыз-шағым көп екенін айтты. Педагог пікірін Facebook-тағы парақшасында жариялады.
Оның айтуынша, 31 мамыр – қаншама боздақтарды еске алып, осы бейбіт өмірімізге шүкіршілік ететін күн. Сол күні мектептерде оқушыларға түрлі деңгейде патриоттық тәрбие сағаттарын өтіп, ертеңіне 1 маусым – Балаларды қорғау күні жалпы тәрбиелік іс-шаралар мектеп қабырғаларында балалар үшін ұйымдастырылмақ. Педагогтің пікірін қаз-қалпында назарларыңыз ұсынып отырмыз.
«Соңғы қоңырау» деген сөздің өзі бүгінде құлаққа түрпідей естіледі. Неге соңғы? Өмір жолына алғаш қадам басу күні болар… Сондықтан да мектеп бітірушілер үшін мереке салтанатты түрде 20 маусымда оқушылар емтихандарын аяқтаған соң аттестатын қолына құрметпен ұсына отырып, мектеп бітіру кешін өткізген дұрыс емес пе?
Басқарма басшысы болғандықтан, көптеген арыз-шағым түсіп жатыр. 31 мамыр «соңғы қоңырау» деп жалдамалы қымбат көліктерге, аспанға адамдарды алып ұшатын әуе шарына, ақылы тікұшақтарға, тіпті коттедждерге дейін тапсырыс беріп қойған ата-аналар бар. Оны қалай түсінуге болады? Барлығы баламыздың көңілі үшін дейді. Ол қандай көңіл? Ал бала қауіпсіздігіне кім жауап береді? Апат айтып келмейді. Соңғы қоңырау күндері қаншама мектеп бітірушілер жол апатына ұшырап, таудан құлап мерт болған жоқ па?
Ол да сабақ болар уақыт жетті. Мектеп бітірушілерден мектепке, ұстаздарға сыйлық не үшін керек? Олар ақша тауып жатқан жоқ қой? Мектепті 20, 30, 40 жыл бұрын бітіргендер болса онда қарсы емеспіз. Өз алтын ұясына өзі өз болғанда қол ұшын созса, ересек адамдардың еркі өзінде...
Алайда, мектептердің материалдық базасы қанағаттанарлық, тіпті жақсы десек те болады. Мемлекет онсыз да қамқорлығына алып отыр емес пе?
Мектеп бітіру кешін емтихандар аяқталған соң аттестатпен бірге салтанатты түрде мерекелік кеш ұйымдастыра отырып табыс еткен дұрыс болар?..
Ол үшін ақша жинаудың, сыйлық берудің, не қажеті бар? Ал сол күні де балалар тойханаларда тойламай-ақ, өз мектебінде балалық шағының қызықты сәттерін еске алып, ұстаздарымен бірге өткізсе… Ол да үлкен тәрбие емес пе? Тойханаларда той тойлауға өмірі алда емес пе?
Сіз не дер едіңіз?..
Биыл да Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Мектеп бітіру кешіне ақша жинағаны туралы фактіні хабарлауды сұрағаны туралы жазған болатынбыз.
Фото: yandex.kz