Индустрияландыру – дамудың алтын діңгегі

Кейінгі жылдары еліміз индустрияландыруға көңіл бөлуді қойып кет­кендей көрінеді. Бұрынғыдай үлкен сән-сал­та­нат­пен «Индустриялан­дыру күні» мен телекөпірлер өткізілмейді, Мемлекет басшысының өзі бейнеконференция байланысы арқылы жаңа тұрпатты жобалар мен зор ауқымды зауыттарды іске қоспайды.

Бірақ шынында елде индустриялық даму үрдісі жақсы қарқынмен жал­ғасып жатыр. Кәсіпорындар бұрынғыдай ашыла сала дағдар­май­ды, оның өндірісі мен өнімін өткізуі барынша мұқият ойластырылады. Ал ел Президенті бұл іске баса мән-маңыз беріп отыр. 

Белгілі экономист ғалым, экономика ғы­­лымдарының докторы Рашит Каре­нов­тың айтуынша, тиімді түзілген индуст­рия­ландыру жаңа экономиканың бейнесін сомдайды. Индустрияландыру отандық биз­несмендер мен шетелдік инвесторларға мем­лекеттік қолдау құралдарын пайда­ла­нып, Қазақстанда ірі жобаларын жүзеге асы­руына жол ашады. Сондықтан бұл те­тік­тен елдің ешбір билігі бас тартпас еді. 

2019 жылы ел тізгінін қолына алған Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ин­дустриялық, инновациялық әлеуетін арт­тыруға және оны толыққанды жүзеге асы­руға ден қойды. Ел Президентінің ұлт­­тық экономиканы монополия мен оли­гополиядан арылтуға, яғни әрбір сек­тор­ды еркін билеп, төстеген олигархтарды заң мен тәртіпке келтіруге бағытталған бас­тамалары да индустрияландыруға сер­пін беруді қарастырады. Осының арқа­сын­да бизнес алдынан бұрын жабық бо­лып келген жаңа есіктер ашылады. Мем­ле­кеттік қолдау мен қаражаттарды билікке жа­қын тұлғалар басыбайлы иемденіп, өзге биз­несмендерге «жауған шұғадан ұлтарақ та тимейтін» кер заман келмеске кетуі тиіс.

Жақында өткен әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық даму мәселелері жөніндегі кеңей­тіл­­ген кеңесте Қ.Тоқаев бізге көзбояу емес, «нағыз, шынайы индустрияландыру қа­жет» деп қадап айтты. 

Ал бұдан бұрын, 2019 жылғы 27 нау­рыз­да барлық өңірдің әкімі және Үкімет мү­­­шелері қатысқан үлкен жиында елі­міз­дің жаңа Президенті экономикалық даму­дың басты тіректері инвестиция, экспорт және индустрияландыру болатынын жа­рия­лады. Сондықтан мемлекет пен биз­нес­тің, орталық пен өңірлердің күш-жіге­рі де соған жұмылдырылады. Сонымен бір­ге Мемлекет басшысы өңірлерде ұзақ би­лік етуі салдарынан өзін шағын пат­ша­дай сезініп кеткен әкімдер іскерлік бел­сен­ділікті тежейтін кедергілер мен шек­теулер орнатып қойғанын қатаң сынады. 

Сорақысы сол, әрбір инвесторды «жал­ғызым» деп санап, оның өңірде қалуы үшін барлық жағдай жасау орнына әкімқаралар бизнесмендерді жақын және бөтенге бө­ліп, таңдайтынды шығарған. Президент «әлеует­ті инвестор бүгінде қол жайған ті­лен­шінің кейпіне түсірілгеніне», олар­дың сұранысын жедел әрі конструктивті шешу орнына әкімдіктер бюрократиядан алынбас қамал жасап, шет-шегі жоқ сер­гелдеңге салатынына наразылығын біл­дір­ді. Салдарынан салы суға кетіп, жігері жа­сыған инвестор өзге елге кетеді. Содан бол­­са керек, кейінгі жылдары Қ.Тоқаев ел­дегі барлық дерлік аймақ басшысын ауыс­тырып шықты. 

Ел Үкіметі инвесторларға жер алу, ин­женерлік, коммуникациялық желілерге қосылу, әртүрлі рұқсатты алуда қолғабыс ету және басқа бағыттарда ауқымды жұ­мыс атқарып жатыр. Әрине, онжылдықтар бойы қордаланған жүйелі, кешенді мәсе­ле­лер тегіс шешілген жоқ. Бірақ оларды әш­керелеп, жоюға бағытталған іс-қимыл өріс­теді.

Осыған жауапты тұлғалардың ісіне сер­­пін беру үшін Мемлекет басшысының тап­сырмасымен инвестиция тарту, ин­дустрияны өркендету және сол арқылы ши­кізаттық емес экспортты дамыту  ми­нистр­лер мен әкімдер қызметінің басты көр­­сеткішіне айналды. Осы жұмыстары ақ­са­ған, көрсеткіштері кері кеткен өңір­лер­де соңғы төрт жылда әкімдер жиі ауыс­қа­­нын аңғаруға болады.   

Қ.Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыр­күйек­тегі Жолдауында да индустрияландыру мәселесіне айрықша назар аударды. Пре­зиденттің пайымдауынша, Қазақстанның алдында тұрған аса маңызды міндет – өнеркәсіптік әлеуетімізді толық пайда­лану. Осы саладағы табыстарымызға қа­ра­­мастан, ішкі нарықтың зор мүмкін­дік­те­рін әлі де толыққанды жүзеге асыра ал­­май келеміз. Ұлттық экономиканың стра­­тегиялық қуатын арттыру үшін тез ара­­да қайта өңдеу ісінің жаңа салаларын да­­мыту қажет. Бұл қара және түсті ме­тал­лур­­гия, мұнай химиясы, көлік құрастыру жә­­не машина жасау, құрылыс материал­дары мен азық-түлік өндіру және басқа да са­лаларды қамтиды.

Сол себепті Мемлекет басшысы са­па­лық тұрғыдан мүлде жаңа ұлттық индус-т­рия­ны дамыту үшін жаңғыртылған заңна­ма­лық тұғыр құруды тапсырды. VI және VII шақырылымдағы Парламент бұл тап­­­сырманы тап-тұйнақтай, тыңғылықты орын­дап шықты. Енді ел Үкіметі мен әкім­дер соның негізінде елді индустрия­лан­дыру, шетелдік инвесторларды тарту ба­ғытында жұмыс жүргізу үстінде. 

Мысалы, сол депутаттық корпус ел та­ри­­хында тұңғыш рет «Өнеркәсіп саяса­ты туралы» заңын қабылдап, өңдеу өнер­кә­сібін дамытудың қағидаттарын, мақсат, мін­деттерін белгілеп берді. Бұған дейін өнер­кәсіпті реттеу және оған қолдау көр­сету мәселелері түрлі заңнамалық актіде кө­­рініс тапқан еді. Бірақ ортақ мақсат көр­­сетілмеген, саясат пен шаралардың ара­­сында өзара байланыс жоқ болатын. Үкіметтен өнеркәсіпке қолдау көрсетудің нақ­ты шараларын әлі жетілдіру талап еті­ле­ді. Бұл тұрғыда жүйелі әрі біртұтас ұста­ным болғаны жөн. Әйтпесе, соның сал­дары­нан сансыз көп жобаға ел қаржысын бос­қа ысырап ете бермек. Мұнда да сал­мақ­ты жұмыс жүргізілуде. Әр жоба Үкі­мет­тегі Инвестициялық штабта, Инвес­ти­циялық ахуалды жақсарту кеңесінде қа­ралады, инвесторға көмектесу және қол­даудың жөн-жобасы түзіледі. 

Президент стратегиялық жобалар үшін заттай грантты, қаржыландыру жеңіл­дігін, жекелей кепілдікті, экс­порт­тық қолдау тәсілдерін топтап ұсынуды жүк­теді. Инвесторлар қаржылық шығы­ны­ның бір бөлігін салық төлеуден босату ар­қылы өтей алатын болады.

Дамуға бағыт сыйлаған карта  

Қазақстанның жаңғыртылған Индуст­рия­ландыру картасында бүгінде 300-ден ас­там салмақты жоба бар. Бірақ оның жар­­­­тысы – 5 өңірдің ғана еншісінде. Де­мек, өзге өңірлер осы бағыттағы қозғалы­сы­на, іс-қимылына қарқын қосқаны маңыз­ды.

Бұрынғы Индустриялық-инно­ва­ция­лық дамыту мемлекеттік бағдарламасының күші жойылды. Тиісінше, Қазақстан Ин­дус­трияландырудың үшінші бес­жыл­ды­ғын аяқсыз қалдырды. Қазір елдің ин­дуст­риялық дамуы Индустрияландыру кар­та­сы аясында жүзеге асып жатыр. Ол мем­лекеттік қолдауды біршама жүйеге түсірді, жо­балардың орта жолда қалмай, толық­қан­ды іске асырылуы үшін барлық дең­гей­дегі биліктің жауапкершілігін арт­тыр­ды. 

Үкімет Индустрияландыру картасын ұдайы жаңартып тұрады. 2023 жылғы қаң­тар­дағы соңғы нұсқасына 339 жоба кірді. Оның ішінде аса ірі 15 жоба бар. Олардың іске асырылуына нақты министрліктер, «Са­мұрық-Қазына» қоры немесе даму институттары жауапты. 

Мұның сыртында Өңірлік индустрия­лан­дыру карталары жалпы саны 324 жо­ба­дан тұрады. Бұл жобаларды ел игілігіне ай­налдыру – әкімдердің негізгі міндеті.  Кар­талардағы жобалардың соңғысы 2029 жы­лы іске қосылады.

Аса ірі жобалар арасында, әсіресе пай­да­лы қазбаларды өндіруге, металлургия са­ласына қатыстылары менмұндалайды. Атап айтқанда, Ақмола облысында алтын өн­діретін RG Gold жылына 5 миллион тон­на өнім шығаратын тау-гидро­ме­тал­лур­гиялық кешен салып шықты. Қызы­л­ор­да облысында картаға Шалқия қорға­сын, мырыш кен орнында жылына 4 мил­лион руда өңдейтін тау-кен байыту ком­бинатының жобасы енді. Оны «Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясы тұр­ғы­зып жатыр. Абай облысындағы Айдар­лы кен орнында да тау-кен байыту ком­би­наты бой көтереді. Қарағанды облы­сын­да кешенді құймалар зауытының құ­ры­­лысы қолға алыныпты. Өңірде «Ар­се­лор­Миттал Теміртау» кәсіпорнының өнім өн­дірісін кеңейту де жоспарланған. Пав­­­лодар облысында EkibastuzFerroAlloys фер­роқорытпа зауытын салу жобасы іске асырылды.

Топ-15 тізіміне мұнай химиясына қа­тыс­ты 4 жоба қосылды. Оның ішінде Аты­рау облысында Kazakhstan Petrochemical Industries Inc. кешені іске қосылды. Осы облыста 2025 жылы KLPE компаниясы полиэтилен кәсіпорнын қолданысқа беру­ді жоспарлаған. Мұның сыртында Almex Polymer полипропилен зауыты жо­басын Шымкентте салуға кіріскен. Батыс Қазақстан облысында Zhaik Petroleum Ltd компаниясы метанол шығаратын кешен ашады. Осылайша, Қазақстанда тұтас мұнай-химия өнеркәсібі жаңаша дами бас­тамақ.

Еліміздегі химиялық өнеркәсіп сала­сын­дағы 4 үлкен зауыттың үшеуі фос­фат­тар мен кальцийлендірілген содаға бай Жам­был облысында іске қосылмақ. Бұлар – «Қазфосфат», Qazaq-Soda және «Евро­Хим-Удобрения» кәсіпорындары. Тағы бір жобаның – «АралСоданың» кальций­лен­дірілген сода жасайтын зауытының құ­ры­лысы Қызылорда облысында жүргі­зі­леді.  

Индустрияландырудың көп жобасы ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсі­бі­не қатысты: оның тізімінде 104 жоба бар. Металл емес өнімдер, құрылыс мате­риа­лы саласында 42 жоба жүзеге асыры­лып жатыр. 

Өңірлер арасында 5 облыстың шоқ­тығы биік: Индустрияландыру картасы жо­баларының 50 пайызы солардың енші­сін­де. Тарата айтсақ, бұлар – Жамбыл (38 жо­ба), Қызылорда және Ақмола (34 жоба­дан), Павлодар (32) және Қарағанды (31) облыстары.

Отандық өнеркәсіптегі жаңа бағыт

Қазақстандағы индустрияландыру артық айғай-шу, салтанатты рәсімдерсіз-ақ жөнімен жалғасты. Күні кеше Kazakhstan Machinery Fair 2023 машина жасау және металл өңдеу көрмесінде Қазақ­стан­ның енді жедел жәрдем машиналарын құ­­рас­тыратыны анықталды. 

Көрмеге қойылған отандық өнім­дер­ден белгілі болғандай, елімізде ауыл ша­руа­шылығы техникалары, жүк және ар­найы техникалар, металл өңдеуге ар­нал­ған станоктар мен құрылғылар жасалады екен. Дәнекерлеу жабдықтары мен ілеспе материалдардың, байланыс құралдары­ның, оптикалық аспаптардың соңғы үл­гі­лерін шығару жолға қойылыпты. Сон­дай-ақ қазақстандық бизнес робототех­ни­каны, өнеркәсіптік 3D басып шығаруды игер­ген. Өндірісті автоматтандырып, ин­жиниринг элементтерін енгізуде.

Үкімет басшылығына Қазақстанда Hyun­dai Staria үлгісінде шығарылған ме­ди­циналық жедел жәрдем көлігі таныс­тырылды. Ол қуатты қозғалтқышпен жә­не әлемдегі жетекші өндірушілердің за­ма­науи жабдықтарымен қамтылған. Салоны кең болғанымен, көлік халық тығыз ор­на­ласқан аудандар мен тар аулаларда ер­кін қозғала алатын көрінеді.

Көрмеге «Қостанай трактор зауыты» ЖШС құрастыратын Кировец К-742 трак­торы, Lovol и Deutz Fahr тракторлары, сон­дай-ақ «Агромашхолдинг KZ» АҚ-ның Essil комбайндары, «СемАЗ» ЖШС-ның Jinma тракторы және басқа ауыл шаруашылығы техникасының әртүрлі үлгісі қойылды. Қазақстанда өрт сөндіру көліктерін жасау басталыпты.

Өз кезегінде Премьер Ә.Смайылов мем­лекеттің отандық машина жасау сала­сын одан ары дамыту үшін тиісті қолдау шараларын жалғастыратынын баса айтты. Соның ішінде жаңа технопарктер құруға, қаржыландырудың қолжетімділігін кеңей­­­­­туге, жергілікті қамтуды арттыруды ын­­таландыруға және кооперациялық бай­ланыстарды нығайтуға, кәсіпкерлікті қол­даудың өзге қажетті шараларын қа­был­дауға басымдық берілетін болады.

2023 жылы өңдеу өнеркәсібінде, өнді­ріс­ті жаңғырту саласында инвестициялық жо­баларды жеңілдікпен қаржыландыруға Қазақстан даму банкі мен Өнеркәсіпті дамыту қоры желісі бойынша 500 мил­лиард теңге арна тартты. Бүгінде 200 млрд тең­геден астам сомаға жобалар ма­құл­да­нып­ты. Мемлекет алда бұл қаржы­лан­дыру­ды екі есе арттырып, 1 триллион тең­­­геге жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл да ин­дустрияландыруға қуатты қолдау бол­мақ.

Тәуелсіздік жылдарында республика 410 миллиард доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартты. Бірақ оның көп бөлігі шетелге кері әкетілгені құпия емес. Сондықтан Президент тапсыр­ма­сы­мен, капиталдың заңсыз сыртқа ағып ке­­туіне тосқауыл қою шаралары қабыл­дан­­ды. Үкіметке 2029 жылға дейін тағы 150 млрд доллар инвестиция тарту стра­те­­гиялық міндеті жүктелді. Индустрия­лан­­дыруға, ғылым мен технологияларға, пай­­далы қазбаларды шикізат түрінде ар­зан­ға сатпай, жете өңдеуге құрылған жаңа, әртараптандырылған экономика Қа­зақстанның жаһандық дағдарыстарға тө­зімділігін арттырып, азат қазақ елінің күн сөнгенше мәңгі тұруына сүбелі үлесін қос­пақ. 

Айхан ШӘРІП