Қазіргі саяси өзгерістер дәуірінде де біздің қоғам, өзіміз өмір сүріп отырған ортада ұлттық намыс пен елдік мүддені жоғары қоятын тегеурінді адамдарға зәру екенін жасыруға болмайды. Қазір деп, бұл күндері деп бөле-жара айтудың астарында Қазақстанның саяси өміріндегі мемлекеттік, елдік және қоғамдық өзгерістер мен жаңғыртуды іске асыру міндеті тұр. Рас, тып-тыныш өмірді жалаң ұранмен, құрғақ сөзбен орната алмайсың. Осы тұрғыда ортақ мүддемен үздіксіз орайласатын орасан күш-жігер қажет. Үкімет тарапынан үлкен өзгерістер күтіп жүрген адамдар жақсылық пен нәсіпті жеке басынан көргісі келетіні анық.
Ескі жүйенің озбыр топтарын тәртіпке шақырып, заңсыз тапқан ағыл-тегіл байлығы мен шаш-етек дүниелерін құқықтық негізде кері қайтарып жатқанын ел естіп-біліп отыр. Әрі әділдіктің салтанат құрғанына риза кейіп байқалады.
Сонымен, Жаңа Қазақстан дегенде адамдар нені айтады? Жаны сірі екен, мемлекеттік қазынаға қол салған жемқорлар мен қорқаулардан қалай құтылсақ екен деп алаңдайды. «Мұндай масқаралыққа жол бергендерді аяусыз жазалау керек» дейді бір тобы. Тамыр-таныстықпен, жерлестік, рушылдықпен кадр тағайындаудың тыйылғанын қалайтындар да табылады. «Айла-шарғысы мол белгілі бір сыбайлас адамдардың әлі де өңірлерде билікке жақын жүргені қалай?» деп шамырқанып жатады. «Қызмет орындары әлі де сатылады» деген алыпқашпа сөзді естігенде, шынымен де сенер, сенбесіңді білмейсің.
Кадрдың қадірін қашырған жағдайларға көз жұма қарайтындардың бар екені де айтылып жүрген нәрсе. Мемлекет басшылығы мен құқық қорғау органдарының назарын әрбір мәселеде мемлекеттік бақылау мен қадағалауды қатайта түсуге аудартуды сұрайтындар жетіп артылады. Бұл орайда идеологиялық тәрбие жұмысын жандандыратын пәрменді тетік керектігін тілге тиек ететіндер де бар. Қоғамдық пікір туғызып, шындықты қасқайып айтатын, адал тұлғалардың мектебі де ұсақталып бара жатқандай. Аймақтағы өзекті мәселеде әкімге ісінің дұрыс-бұрыстығын ашық айтатын позициясы мен принципі мықты, беделді тұлғаларды өсіріп, қалыптастыра алдық па?
Идея иірімдері мен идеологиялық жаңашылдықтың иінін қандырып, иісі қазақ, барша отандас ағайындардың жүрегін толқытып, көзін ашатын мәселені алға тартады. Екіншіден, алуан түрлі қоғамдық пікір мен ойлы көзқарастарды тоғыстыратын, иіні қанған, ұйымшылдықпен қолға алынатын тәрбие, насихаттау жұмыстарына деген сұраныс пен талап, әсіресе қарапайым адамдар арасында жиі-жиі қозғалуда. Бұл бұқаралық мәселеде олқылықтар аз емес секілді. Өйткені жергілікті атқару органдарында, әкімдіктерде атқарылып жатқан идеологиялық жұмыстардың әсері қатты сезіле бермейді. Әсіресе, жастармен қоян-қолтық араласып, соларды қоғам белсендісі және еңбексүйгіш талантына жол ашу, көмектесу ерекше маңызды. Өзге әлеуметтік топтар санатындағы адамдарға да мемлекет пен қоғамдық ұйымдардың ықпалды жанашырлығы қажет. Көп жағдайда өңірлерде нақты істен гөрі жалаулатып өте шығатын науқаншылық басым, жиналысқұмарлық жаппай етек ала бастады. Жер-жерде әкімдердің астына көпшік қойып есіртетін көкезулік, ескі жүйеден бері қалмай келе жатқан дерт – лауазымды әкімдерді кешегі биліктің қызығын көрген кісілердің жерлестік әлепетімен ұялмай-қызармай асыра әспеттеу бой көрсетіп жатады. Мұны кішіпейілдікпен артық санайтын оқалы мырзалар жоқ. Ескі сарынмен сарнатып өмір сүріп жатыр. Қаңтар оқиғасынан қажетті тағлым, тәлімді сабақ алмаған сияқты. Өзінің қадірін өздері қашырып отырған құбылысқа мәз. Бұл жақсы емес, талапқа сай емес қылық.
Бір жарым жылдан бері Әділетті Қазақстан құруға қаншама тың, жаңа батыл қадамдар жасалып жатқан жоқ па? Жүктелген жауапкершіліктің тарихи маңызы айтылған жоқ па? Халықтың қолдауымен қоғамдық ой-санаға дүмпу туғызған ашықтық, ірі саяси реформаларды сәтті жүзеге асыру ең бірінші кезектегі міндеттері емес пе?
Қалың бұқара алдында даналарымыз бен ардақты ағаларымыздың айтқан бір ауыз адал сөзі мыңның жүрегіне сәуле түсіреді. Үміт пен ұмтылысқа қуат береді. Ақ баталы елдің дәстүрінде, салт-санасында тәрбиелі ұрпақтар үлкендерге қарап үйренеді.
«Жақсының жақсылығын айт!» дейді халық.
Алайда сонымен бірге кейінгі толқынға теріс әсерін тигізетін жағымсыз құбылыстар да жоқ емес. Кешегі дәуірдің келеңсіз көріністері көлбеңдейді. Ар-намысы мен қадір-қасиетін жоғалтып алғандай.
Мемлекет басшысының алға қойған іргелі де зор міндеттерін терең жауапкершілікпен түсініп, халықтың әл-ауқатын жақсартуда алғырлық, жаңашылдық, таза адалдықпен, ішкі мәдениеті жоғары белсенділікпен, биік парасатпен қызмет ету – күткен өзгерістер мен берекенің бастауы. Жұртқа сырттай болса да сыйлы тұлғалық деңгейде көрініп жатса, қане. Өзіне жүктелген әлеуметтік-экономикалық міндеттерді мінсіз, дұрыстап атқара алмай жүрген әкімдер мен басшы шенеуніктердің бағасын сол өңірдегі саналы жұртшылық әділ бере алады.
Осы орайда барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындармен есептік кездесулерін формалды өткізуіне жол бермеуі керек. Алдын ала дайындалған сұрақтар мен жауаптардың таптаурын сценарийімен өтетін есептік кездесуден гөрі басты-басты өзекті мәселені шешуді жария ету қажет. Әр ауыл, ауданның, қиян түкпірдегі елдімекеннің көкейкесті шаруаларын саралайтын жинақты сол жердің тұрғындарына сәл ертерек таратса, мұндай кездесу әлдеқайда нәтижелі болар еді.
Сонда барлық адамның ортақ мәселедегі ой-пікірі еленеді, ешкімнің абырой-беделіне көлеңке түспейді. Адамның қадірі қашпайды.
Біз әділетті қоғам, әділетті экономика және әділетті мемлекет құрудың мәнісін келешек ұрпақтың бақытты өмір сүруі мен заң үстемдігі түбегейлі орнатылған мемлекеттің өркениетті дамуынан іздейміз. Сенім мен үміт оты жанып, өшпес із қалдыратын, бекемдікті нығайтатын осы мақсат емес пе? Жаңа Қазақстанға, оның мемлекеттік қат-қабат үлкен өзгерістерді жүзеге асыратын кезеңінде әділдікті түбегейлі жақтайтын және оған үлес қосатын әлеуметтің күш-қуаты керек.
Қоғамды демократияландырудың діңгегі де саяси жаңару мен жаңғыртуға тікелей байланысты. Сондықтан күшті билікке де жағымпаз, жалпақшешейлік, екжүзділікке ыңғайлы біреулер емес, елдің сөзін айтатын, айдай анық адалдығымен қоғамға танымал, мәдениетті, пікірі өтімді, халықшыл тұлғалар керек деп ойлаймыз.
Қолдары таза, былғанбаған, жүрегі ыстық және таза жандар ғана ел-жұртына барды бар, жоқты жоқ деп айтата алатын жөнімен ықпалды және саясат көшінде де сенімді тірек болмақ. Бұл қай тұрғыдан болмасын, ерекше назар аударуға тұрарлық мәселе. Ел ішінде ұлтымызды асыл мұратқа ұйыстыра білетін, ұрпағына үлгі, қара басын күйттейтін емес, қоғам сыйлайтын жаңа қайраткерлер бар ма, жоқ па, әлде кейінгі толқын көзге түспей келе ме? деген сауалдар төңірегінде ойланатын жағдай. Қырық құбылған, аумалы-төкпелі уақытта жаңа тұлғалардың жарқырап шығуы шарт. Десек те, олардың қалың шоғыры әлі де жетілуде. Бұл орайда қоғаммен бірге жаңа заманда ұрпақтардың алмасуы да өмір заңдылығы екенін мойындауымыз керек. Аға ұрпақтар болмаса, олар қайдан шығады? Әлбетте, ұрпақтар сабақтастығын сақтауда кіршіксіз сенім мен таза пейіл көрініс табуы тиіс. Дәл осы жағы да кейде талас тудырып жатады. Сол себепті ел тарихында айтулы, арда туған қайраткерлердің өшпейтін қанатты сөзі мен өткір, өміршең ой-толғаныстарына және ірі азаматтық, батыл ісіне тамсанумен келеміз. Заң үстемдігі орнайтын заманға сол бір ел есінде сақталған көрнекті адамдар сияқты көшелі кісілер көптеп керек еді деп армандаймыз. Ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіге қараңызшы, көпшілік кешегі зиялы да адуынды марғасқалардың артынан ілескен, айшықты, жоғалмайтын ізін басқан, ақылды, аузы дуалы мемлекетшіл қайраткерлер мен саясаткерлерді аңсаумен жабыла іздейді және дәл қазіргі кезеңде көргісі келеді.
Түйіні сол, өркениетті, дамыған қоғамда әлеуметшіл және жауапкершілік қасиеттер аса бағалы саналады, сондықтан да нендей мәселеде болмасын, әсіресе қоғамды түбегейлі саяси жаңғырту кезінде әр адамның қадірінің қашпауы – тұтас елдік, ұлттық сана мен намысқа, еңбек құндылықтарына, жеке азаматтық құрмет пен шынайы сенімге тікелей байланысты екенін ұмытпағанымыз жөн.
Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері