Анығы, екеуіміз ағайын-туыс емеспіз, аталары туралы нақты дерек менде жоқ. Қызмет бабымен арагідік Алматыға соққанда ұзақ әңгімелесіп, кең сұрастыруға ыңғайым да келмепті. Білетінім, тарихы ықылым замандарға кеткен қасиетті Отырар қаласы маңында туып-өскені жөнінде айтқаны ғана есімде. «Кітап шығарсаңыз, көмегім дайын» деп өзі мені іздеп келген жағдайына таңғалғаным да бар. Қымбатшылық жайлап, қаражат қысқан бүгінгідей аласапыран кезеңде «Жазғаныңыз болса шығарып берейін» деп келгенде аңтарылып қалған сәтім де болды.
Кітап шығару ісіне мұншама жан-тәнімен беріле еңбектенгені қанына біткен қасиет деп ұқтым. Бұл бекер еместігіне де көзім жетті. Аталары рухани дүниені қадірлеп, ұрпағының бойына көркем мінез ұялатқанын терең түсіндім.
Ғани Смаханұлының газет беттерінде жарияланған сұхбаттарын іздей бастадым, кітап шығару ісіне құлшына кірісуінің сырын ұғуға тырыстым. Өз әке-шешелері де, нағашылары да қарапайым еңбекпен өсіп, тілімізді, өнерімізді, кітап мәдениетін қадір тұтқан ортадан шыққан адамдар екен. Нағашы атасы Біләл Ысаұлы туралы Ғани: «Көзі ашық, көкірегі ояу кісі болатын. Мені оқу-білімге үйретті, дүниетанымымды кеңейтті, атбегілік өнерге баулыды. Көкем бізді бала кезімізден «Алланың алдында арыңның, адамның алдында қолыңның тазалығын сақтай біл» деп тәрбиеледі. Бүкіл ауыл-аймақтың қадірлісі еді. Ол кісі де кітап пен газетті көп оқитын», – деп ақжарылқап сырын ақтарыпты.
«Алған бағытым – ұлт руханиятына қызмет ету», – дейді Ғани Смаханұлы. Шығарған кітаптарының аталуы мен авторларына назар аударып едім, әрқилы, сан салалы екен. Мұрағат деректерінің жинақтары да, Қазақстанның зиялы адамдарының шығармаларына да қаржылық тұрғыдан қамқорлық көрсеткені көрініп тұр. Ғани Смаханұлы демеушілігімен «Қазақстандағы ашаршылық. 1921–1923. Құжаттар мен материалдар жинағы», «Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивіне 100 жыл» фотоальбом жинақтары 3000 дана таралыммен (Алматы: «Алматы-Болашақ», 2021) жарыққа шыққаны мұқым елге белгілі. Алматыға барғанда меценат қос том қалың кітапты қолыма ұстатты. Бұл жинақ қазір Семейдегі ізденуші ғалымдардың қолына жетіп, зерттеулеріне жарап отыр. Ол демеуші болған қазақтың Кеңес заманындағы тұңғыш кәсіби елшісі, репрессия құрбаны Нәзір Төреқұловтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Нәзір әлемі – Мир Назира Торекулова» құжаттық кітап та, «Өнегелі өмір» сериясымен шыққан кітаптар да, олардың ішінде Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары – Ұлттық ғылым академиясының академигі, әлемдік деңгейдегі ғұлама электрохимик ғалымы Абдуали Баешов, әлемге әйгілі жазушы-драматург Дулат Исабеков, ақын Бақытжан Қанапияновтың кітаптары, көпшілікке белгісіз болып келген қазақтың диссиденті Мақмет Құлмағамбетов туралы жинақ та рухани өмірімізді жете тануға аса қажет.
Ғани Смаханұлы журналист-жазушы, зерттеуші Болат Жүнісбековтің үш бірдей қалың кітабының сапалы шығуына демеушілік көрсетіпті. Жалпы, оқырман мен әдебиетсүйер қауымға қандай шығармалардың қажет екенін меценат өте жақсы біледі. Кітап нарығын терең білетін мықты менеджер екендігі көрініп тұр. Оның шығарған кітаптарына назар аударсаңыз: бәрі де ұлтқа қажет, танымдық дәрежесі жоғары дүниелер.
Ғанидың мамандығы – дәрігер. Ол науқастың ғана диагнозын емес, қоғамның да ауруын сезеді. Ал оны қалай емдемек? Руханият арқылы. Кітап – жан азығы. Рухани тұрғыдан кемел адамның ойы да биік, сөзі де құнарлы, санасы да сау. Заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаев «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деп бекер айтпаған.
Өткен ғасырда «кеңес қоғамы әлемдегі оқырманы ең көп ел» деп аталды. Қазақ тілінде шығатын газет-журналдар мен кітаптардың да таралымы көп болды. Әрине, қазір жеңіл-желпі хайп қуған ақпараттың заманы. Бірақ ойлы дүние, шын мәнінде жаныңа керек шексіз терең рухани дүние, мәдениет, ғылым мен таным – кітапта. Кітап әлемінен алыс адамдардың қоғамдық тірлікте тілі жұтаң, ойы жылмаң.
Осындайда өзі дәрігер бола тұра Ғани Смаханұлының олқы соққан саланы орнынан тұрғызуға жан-тәнімен кірісіп, халықты «рухани емдеуші» болып жүрген қайраткерлік ісіне таңғаласың әрі қолдайсың. Өйткені ол – руханият саласының айрықша жанашыры.
Астанада Еуразия ұлттық университеті жанында «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығы бар. Екінші бір кітап орталығы Отырардың өз топырағында жасалатынына күмән жоқ. Ақиқаты, ол – дәрігер-меценат Ғани Смаханұлы демеушілігімен шыққан жүз мыңдаған құнды кітаптарды қамтыған кітап орталығы болатынына сенімім зор. Қазірдің өзінде Ғани Смаханұлы демеушілік жасап шығарған кітаптарының саны мыңнан асса (нақты саны да есептеулі), олардың жалпы таралымы 100 миллион данадан асыпты! Ол кітаптарды авторға өзі шығарып береді және тегін таратады! Міне, құндылық! Міне, ұлы қайраткерлік іс!
Рас, ақпараттық технология дәуірінде кітап оқу мәдениетін қалпына келтіру билеп-төстеген заманда мүмкін еместей көрінер. Бірақ қай заман болса да, кітаптың құндылығы жыл санап арта береді. Ешбір электрондық оқу құралы кітаптың маңыздылығын алмастыра алмайды. Ал артефакт ретінде кітаптың құндылығы мүлде салыстыруға келмейтін биік дәрежеде! Бұл жағын Ғани Смаханұлыдай рухани тұлға терең түсінеді әрі жақсы біледі.
Ғани Смаханұлы кітап шығару ісінің меценаты, кітапты насихаттаушы ғана емес. Ол – шығармашылық иелерінің туындылары туралы да құнды пікір айтып, ой-толғауын жариялайтын публицист. Әр жылдардағы жазбаларын қарап отырсақ, бұл жайында мағлұмат жетерлік. Соңғы жылдары жариялаған көлемді мақала, шығармашылық талдауынан мәдениетіміздің дара тұлғасы Өзбекәлі Жәнібек, ойшыл, жан-жақты жазушы, драматург Дулат Исабеков, сатирик жазушы Садықбек Адамбеков туралы жазбаларын «Ана тілі» газетінен оқып шықтым. Тізбелейтін болсам, Ғани Смаханұлының республикалық басылымдарға шыққан маңызды, танымды дүниелерін атап айту парыз. Қаламы да жүйрік Ғ.Смаханұлының оқырманға ой салар, мәдениет қайраткерлерімізді лайықты дәріптеген туындыларының өзі бір төбе! Ал өзі зерттеп, айналысқан мәселелерге қатысты деректер жиғанда баспа ісіне демеушілігінен басқа да қайырымдық үлгілерін көрсетіп жүр. Медеу қажы Пұсырманұлының қабірінің басына құлпытас (110 жылдан соң) орнатып берген. Қазақтың осы күнгі Ғанидай атымтай жомартына адамдардың ризашылығы мен берген батасы ұшан-теңіз!
Рас, қазіргі жастардың бәрі компъютерде отырады. Ал болашақта кітап оқығандар компьютерде отырғандарды басқарады деген тәмсіл бар. Дұрыс сөз, уәжді пікір. Ал Ғани Смаханұлы ұлт руханиятының келешегі үшін бүгін қызмет етіп жүр. Ал оның жемісі алдағы уақытта көрінеді. Өйткені Ғ.Смаханұлы шығарған кітаптар санаулы емес, сапалы. Оның еңбегін кімнің кітабын шығарғанынан емес, қандай кітаптар шығарғаны арқылы бағалау керек. Ұлт құндылықтары үшін ұтымды іс атқарып жүрген Ғанидың руханият саласындағы жасаған ісі шын мәнінде ғибрат аларлық. Көре алмайтындар емес, оның көрнекті ісін көре алатын игі жақсылар ғана бағалай алады. Ол қазір ұлттың антологиясын жасап жүрген ер-азамат.
Бүгінгідей күрделі заманда халқының рухани мәдениетін, қарапайым кітап мәдениеті арқылы жан аямай дамытып жүрген Ғани Смаханұлының қайраткерлігі келешекте қазіргіден бетер құлпыра, жарқырай түсеріне кәміл сенемін.
Амантай ИСИН,
Шәкәрім университетінің
профессоры