Былтырдан бастап тарихи нысанға алыс-жақын шетелден, еліміздің түпкір-түпкірінен келіп көрушілердің саны артқан.
Талды музей-қорығын құрудың басты себебі әлеуметтік желіде «Қазақстан пирамидасы» деген атпен әлемді шарлап кеткен қорым туралы сурет болатын. Бұл үлкен резонанс тудырды. Шынымен де қарағандылық археологтердің олжасын нағыз сенсация деуге болатындай. Талды өзенінің бір саласы – Қаражартастың бойынан 2015 жылы археолог, тарих ғылымдарының кандидаты Игорь Кукушкин ашқан, кейінгі қола дәуіріне жататын құрылыс топырақ астында жақсы сақталған.
Бұдан шамамен 3500 жылдай бұрын тастан салынған құрылысты ғасырлар өте топырақ басып, шөп өсіп, төмпешікке (қорғанға) айналған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті тарих факультетінің студенттері екі маусым бойы еңбектеніп, алматылық археолог Арман Бейсеновтің «Бегазы-Тасмола» серіктестігімен бірлесіп, құрылысты топырақтан аршып, құлағанын қалап, маңын тазалап, әуелгі қалпына келтірген. Қазір маңайы қоршалып, мрамордан ескерткіштің төлқұжаты орнатылған.
Құрылыстан 40-50 метр жерде үстін қараған, бұта басқан, дұрыс пішінді екінші төбе қараяды. Пирамиданың айналасындағы молалардың біразын қазып, зерттеген археологтер олардың көпшілігінің ерте замандарда тоналып кеткендігіне көз жеткізген.
Қайсыбірінен адамның сүйектері, қыш ыдыстардың сынығы, садақ ұштары шыққан. Қола пышақ, біз, ине, сияқты аспаптар табылған. Сақ дәуірінен де ілгері заманға жататын мұндай жерлеу орындары аудан аумағында жиі кездеседі. Жалпақ тастардан қорап түрінде жасалады да, ішіне, мәйіттің жанына ер адам болса, қару-жарағы қойылады. Әйел адамдар әшекей бұйымдарымен жерленеді.
Ғалымдардың айтуынша, мұнда сол заманның даңқты көсемі немесе хан-патшасы жерленген болуы мүмкін.
– Атақты Талды «пирамидасынан» шыққан дүниелер де жетерлік. Сақина, найзаның ұшының сияқты нәрселер табылған. Жүзікке қарасаңыз, «Сақиналар әміршісі» фильміндегі сақинаға ұқсайды. Бұл биліктің белгісі болса керек. Қорымнан темір қанжар, қола айна секілді заттар да табылды. Қазба жұмыстары әлі де жалғасады. Мысалы, сақ қорғандарының бір жағы зерттелді. Екінші жағы сол күйі қалып қойды. Қорғаннның түр-түрі бар. Мысалы, сақтардың мұртты қорғаны, бір жақ мұрты – 168 метр, бір жақ мұрты – 158 метр. Яғни, 10 метр аз. Ортада басты қорған. Діни наным-сенімге байланысты ма деген тұжырым бар. Сонымен қатар бірнеше қоныс қазылды, қазбаның арқасында бұрынғы қалпына келтірілді.
Алғаш бұл өңірді 1940 жылдары Әлкей Марғұлан бастаған ғалымдар зерттей бастаған. «Бұл болашақта зерттелуі тиіс перспективасы мол аудан» деп жазып кеткен.
Былтырдан бастап парктің штаты құрылды. Филиал меңгерушісі, экскурсовод, ғылыми қызметкер, арнайы қараушы бар 8 адам жұмыс істейді. Маусымдық болғаннан кейін негізі мамырдан бастап қарашаға дейін осы кісілер қызмет көрсетеді. Материалдық техникалык базасы бар. Киіз үй құрылып тұр. Толық жабдықталған. Келген адам демала алады. Павильон алынды. Өзен ағып жатқандықтан қорым мен аралыққа аспалы көпір орнатамыз. Ал сол жерге электр жүргізу ауыл әкімдігінің құзырында. Ол жұмыстар да жүргізілуде, – дейді Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Ержан Нұрмағанбетов.
Қазақ даласынан алғаш табылған дала пирамидасы – «Беғазы-Дәндібай» мәдениетінің ерекше бөлшегі. Яғни, кейінгі қола дәуіріне жататын қорғандардың ішіндегі шоқтығы биігі. Біздің заманымызға дейінгі 14-13-ші ғасырларға тән қорым пирамидалық үлгіде салынған.
Негізі, Қазақстандағы қола дәуіріне тән Беғазы-Дәндібай мәдениетін алғаш ашып, зерттеуші – атақты ғалым Әлкей Марғұлан. Ол кісі кезінде бұл жерлердің бәрін еңбектерінде көрсетіп, белгілеп кеткен екен. Мәселен, осы дала пирамидасы ол кісі ашқан Беғазы жерінен небары 30 шақырым қашықтықтан табылып отыр. Атақты ғалым алғаш қазған «Бұғылы-3» қорғаны да бұл жерден шалғай емес.
Бірақ аталған қорымдардан ерекше мына дала пирамидасын алғаш көріп, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың «Сарыарқа» археологиялық институтының археологы, тарих ғылымдарының кандидаты Игорь Кукушкин Әлкей Марғұлан еңбегінде көрсетілмегенін айтады.
Талды тарихи-археологиялық паркінің құрамына кіретін Сеңкібай қорымында б.д.д. 2 мыңыншы жылдың І жартысы, яғни қола дәуірінің 200-ден астам қорымы жатыр. Гранит таспен салынған жерлеу орындарынан адам қаңқалары, қоладан жасалған қару-жарақ, шаруашылық заттары, қыш ыдыстар табылған. Бұл қорымдарда жалпақ гранит тастарды өте тиімді пайдаланған. Сол кездегі адамдар бұл материалды алатын жерді білген және ол тастарды төртбұрышты, тегіс етіп өңдей алған. Сондай-ақ салмағы тым ауыр тастарды тасымалдаудың технологиясын да ойлап тапқан.
Талды тарихи-археологиялық қорық-музейі аумағында әртүрлі тарихи кезеңдерді қамтитын бірнеше мұра анықталды.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы