Ыстанбұлдағы бұрынғы Ататүрік әуежайында ұйымдастырылған фествивальдың құрметті қонақтарының қатарында Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоғанмен бірге Әзербайжанның президенті Илхам Әлиев, Ливияның Премьер-министрі Абдел Хамид Дбейба болды. Ресми дерек бойынша, көрме-фестивальда Түркияның 81 провинциясы мен әлемнің 96 елінің өнеркәсіптік әлеуетін танытты. Мұнда авиация, ғарыштық технология салаларынан бөлек автоматтандыру, энергетика, медицина бағыттары бойынша соңғы ғылыми жаңалықтар көпшіліктің назарына ұсынылып, олардың артықшылығы таныстырылды.
Негізінен, көрмеге қойылған техникалардың басым бөлігін әуе кемелері құрайды. Олардың арасында ұшқышсыз басқарылатын қондырғыларды көптеп кезіктіре аласыз. Көпшілік алғаш құрастырылғаннан бастап жекелеген бөлшектері мен мүмкіндіктері жетілдірілген Bayraktar-ға қызыға көз тастады.
Айта кетерлігі, өнертапқыштарға фестивальға қатысу мүмкіндігі тектен-тек берілмейді. Қатысушылар 102 бағытты қамтитын сайыста өз жобасын қорғап шығуы керек. Биыл өнертапқыштар арасындағы байқаудың жүлде қоры 13 миллион түрік лирін құрайды. Тағы 30 миллион лир жеңімпаздарға материалдық көмек ретінде берілді.
Шараға арнайы қатысқан Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоған жүлде қорымен бірге Teknofest-тің де ауқымы жыл санап ұлғайып келе жатқанын тілге тиек етті.
– Алғашында бұл фестивальға 4 мың 333 өтінім түскен. Биыл Teknofest-ке қатысатын командалардың саны 333 мыңға жетіп, олардан 1 миллион өтінім қабылданды. Біріншіліктердің санаты 14-тен 41-ге дейін өсті. Қатысушылардың санымен бірге сый-сияпат, жүлде қоры да молая түсті. Алғашында фестивальдық жүлде қоры 4 миллион түрік лирасы болса, бүгінде оның сомасы 44 миллион түрік лирасына жетті, – деді Түркия Президенті.
Түркия басшысы инженерлер мен техниктердің жоғары технологиялы жобалары бірінен соң бірі сәтті жүзеге асырылып жатқанына назар аударды. Оның айтуынша, Teknofest-ке тек соңғы айларда ғана іске асырылған жобалар ұсынылыпты. Мәселен, шара аясында көпшіліктің көз алдында Bayraktar Kızılelma сынақтан өтті. Түрік инженерлері құрастырған TCG Anadolu кемесі әскери-теңіз күштеріне берілген. IMECE жерсерігі ғарышқа аттаныпты. Gökbey отандық тікұшағы түріктер құрастырған қозғалтқышпен әуеге көтерілді. «Алтай» танкісі Түркияның Қарулы күштерінің кәдесіне жарап жатқан көрінеді.
Сонымен қатар фестиваль аясында Түркия президенті Халықаралық ғарыш стансасына Түркияның атынан аттанатын ғарышкерлерді таныстырды.
«Халықаралық ғарыш стансасындағы тұңғыш түрік ғарышкері, Әскери әуе күштерінің үздігі Альпер Гезеравджи атанбақ. Еліміздің бірінші космостық миссиясының қосалқы ғарышкері ретінде Roketsan компаниясының инженері Тува Жихангир Атасевер танылды», – деді Реджеп Тайып Ердоған.
Президент көпшілікке ғарышкерлер мен олардың отбасы мүшелерін таныстырды. Түрік ғарышкерлері Халықаралық ғарыш стансасына осы жылдың төртінші тоқсанында аттанады. Ғарыш стансасындағы миссия 14 күнге созылады. Онда ғарышкерлер түріктің зерттеу орталықтары мен жоғары оқу орындары әзірлеген 13 тәжірибені сынап көрмек.
Түркия Республикасының құрылғанына 100 жыл толуына байланысты ұйымдастырылған жиынның тағы бір ерекшелігі көрме жұмысына балаларды тарту болды. Фестивальдағы шаралардың негізгі легі «Бір бала келсін, бір ұшақты ұстап көрсін» ұранымен өтті. Сол арқылы түрік Үкіметі балаларды бесігінен технологиялық прогреске баулуды мақсат ететіндей. Тіпті, Teknofest-тің алғашқы күндері Ататүрік әуежайына ағылған миллиондаған адамның дені балабақша жасындағы және бастауыш сынып оқушылары болды. Әрі олардың көрмеге экспонат ретінде қойылған кез келген әскери техниканы қолмен ұстап, жақынырақ таныса алады. Teknofest-те сөйлеген сөзінде Түркия президенті де сайыс қатысушылары арасынан Нобель сыйлығының иегері Азиз Санджардың жолын жалғайтын жас таланттарды көргенін айтқан-ды.
Тeknofest-тің жалғасы 30 тамыз – 3 қыркүйек аралығында Түркияның Анкара қаласында өтпек.
Ш.АТЫХАНҰЛЫ