Негізінен, 2013 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында қолға алынған жобаның жалпы құны 1,8 млрд теңгені құрайды. Зауыт қытайлық «Борихунда» компаниясы және «БИС-Групп» ЖШС есебінен жүзеге асырылып отыр. Өндіріс орнын орналастыру үшін мемлекеттік қолдау шарасы есебінен 8,75 гектар жер бөлінген.
Зауыттың құрылыс жұмыстары 2014 жылы толық аяқталып, пайдалануға берілген болатын. Алайда үлескерлер арасында туындаған келіспеушілікке байланысты көп ұзамай зауыт жұмысын тоқтатты.
Артынша 2017 жылы зауыт жұмысы қайта жанданды. Сол жылы өндіріс орнына құны 115 мың АҚШ долларын құрайтын қондырғылар орнатылды.
Нәтижесінде, алғаш рет 20 тонна, ал 2018 жылы 13,6 тонна өнім өндіріліп, көршілес Қытай мемлекетіне экспортталғаны белгілі. Дей тұрғанмен, 2018 жылдан бастап әлемдік нарықта өндірілетін өнім көлемінің төмендеп кетуіне байланысты зауыт жұмысы қайта тоқтап қалды.
Зауытты жандандыру жұмысы мұнымен шектелген жоқ. 2021 жылы жеке қаражат есебінен 16 миллион теңгеге зауытты табиғи газға қосу мақсатында 1,5 шақырым газ желісі тартылып, 2022 жылы жетіспейтін қосымша құрал-жабдықтары алынып, орнатылды.
«Бұл жоба бүгінде Жалағаш кентіндегі ең үлкен өндіріс орны. Зауыт қоймасында 900 тоннадай шикізат қоры сақталған. Зауыт еліміздің, оның ішінде ауданымыздың дамуына, саланың серпін алуына мүмкіндік береді. Қазір тәулігіне 1,5 тонна тәтті ұнтақ шығарылып жатыр. Алдағы уақытта қосымша қондырғылар орнатылып, зауыттың қуаттылығы тәулігіне 3,5 тоннаға дейін жететін болады. Жалағаш жері алдағы уақытта да жарқын жобалар мен игі бастамаларға құтты мекен бола береді деп есептеймін», – дейді Жалағаш аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Жасұлан Еспенбетов.
Былтыр Қытай Халық Республикасының технолог мамандарын алдырып, құрал-жабдықтары ауыстырылып, мия тамырының сығындысынан тәтті ұнтақ шығару қолға алынды.
«Өздеріңізге белгілі, 2014 жылы Жалағаш ауданында мия тамырын өңдейтін үлкен кәсіпорын іске қосылған болатын. Бірнеше жыл бойы мия тамырынан қара ұнтақ өндіріп келген зауыт жұмысы сұраныстың азаюынан тоқтап қалған еді. Бүгінде сол тұралаған кәсіпорынның тірлігі қайта жанданып, зауыт іске қосылды. Мереке қарсаңында қайтадан іске қосылған зауыт енді ел игілігіне жұмыс істейді. Өндіріс орнында өндірілетін ұнтақтан тәтті сусындар, тағам өнімдерін, дәрі-дәрмек түрлерін өндіруге қолданылады. Ауданда қайта жанданып, жұмысына кіріскен зауыт енді қанша жанның екі қолына күрек табуына мүмкіндік беретін болады. Зауыттың қайта іске қосылуы біз үшін үлкен қуаныш сыйлап отыр», – дейді аудан тұрғыны, зейнеткер Болатбек Мырзағали.
Қазір зауытта 900 тонна мия тамырының қоры бар екен. Шикізатты кондитерлік, парфюмерия (пудра), темекі өнімдерін, тәтті сусындар шығаруға кеңінен пайдаланады.
Бүгінде зауытта 30 адам тұрақты жұмыс істесе, алдағы уақытта қосымша тағы 30 адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы