Ауыл тұрғындары бұл жайында жергілікті атқарушы органдарға айтқанымен, одан ешқандай нәтиже шықпаған. Қазір қоқысқа тасталған өлекселер тіптен көбейіпті.
Кезінде аудан орталығы болған Қима ауылының маңындағы қоқыс үйінділері бүгінде ауылдың іргесіне жеткен. Ауыл тұрғындары қоқыспен өлекселердің ашық-шашық шіріп жатуы экологияға кері әсер етіп, қала берді түрлі жұқпалы аурудың таралуына себеп болар деп қауіптенеді. Сөйте тұра, шаруа қожалықтары мен тұрғындары мұнда мал өлексесін әкеп тастауды тоқтатар емес. Өйткені Жақсы ауданында бірде-бір мал қорымы жоқ. Ауыл тұрғындары бұл мәселені аудан әкімінің жыл сайынғы есептік кездесулері кезінде де талай көтергенін, бірақ жауаптылар құр уәде берумен шектелетінін айтады.
– Аудан әкімінің есептік кездесуінде жыл сайын осы мәселені көтереміз. Қоқыс үйіндісі ауылдың түбіне дейін тақап қалды. Енді аз күнде ауылдың ішіне кірмек. Оны ешкім тазалап жатқан жоқ. Тау- төбе болып үйілген қоқыс өз алдына. Онда тасталған малдың, ит пен мысықтың өлексесінің иісінен еркін тыныстау мүмкін емес.
Мал қорымы деген атымен жоқ. Мұндай қорымның қажет екенін айтып аудан әкімдігіне талай рет жүгіндік. Бірақ біздің жанайқайымызды тыңдар құлақ табылмай тұр, – дейді Қима ауылының тұрғыны Рамазан Сейтжапаров.
Осы мәселе бойынша Жақсы ауданының әкімі Алмагүл Қадыралинамен тілдеспек болғанбыз. Бірақ аудан әкімі өзінің іс-шарада екенін айтып, бізге орынбасарларының бірі хабарласатынын ескерткен. Алайда әкімдіктен еш хабар болмады. Артынша аудан әкімінің орынбасары Бахтияр Қасеновпен сөйлесудің сәті түсті. Өз кезегінде аймақ басшысының орынбасары Жақсы ауданында расында мал қорымының жоқ екенін мойындады. Қималықтарды қинаған мәселені шешу аудан әкімдігінің жоспарында қарастырылмағанын жеткізді.
– Өкінішке қарай, Жақсы ауданы аумағында ресми тіркелген бірде-бір мал қорымы жоқ. Өлген малды тастайтын бір шұңқыр мен малды жағып өртейтін жер бар. Мал қорымы бойынша Ақмола облысы әкімдігінің Құрылыс басқармасы типтік үлгідегі мал қорымының жобасын берген. Бірақ оған әзірге жобалық-сметалық құжаттар жасалған жоқ. Биылғы жоспарға да енгізілмеді. Ал Қима ауылындағы қоқыс шаруа қожалықтарының күшімен тазартылып келді, – дейді Жақсы ауданы әкімінің орынбасары Бахтияр Қасенов.
Әкімнің орынбасары қоқыстағы мал өлекселері тазартылды дегенмен, ауыл тұрғындары бәрі сол қалпында жатқанын айтады. Бұл жағдайдан Ақмола облысы бойынша Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшылығы Қима ауылындағы жағдайдан хабарсыз болып шықты.
– Жақсы ауданы Қима ауылында мал өлекселерінің бейберекет шашылып жатқаны туралы бізге ешқандай хабар түскен жоқ. Мал өлекселері әлі күнге дейін жатқан болса, әрине түрлі ауру таралуы әбден мүмкін. Бұл мәселені шешу жергілікті атқарушы органдардың құзырында, – дейді Ақмола облысы бойынша Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Серік Омарханов.
Дәл ауылдың іргесіне дейін өлекселері жайылған қималықтар енді қайда шағымданарын білмей дал. Аудан әкімдігі аймақта мал қорымының қашан салынатынын да тап басып айта алмады. Ал оған дейін ауыл іргесіне тасталған мал өлексесінен төрт түліктің арасында аймақта түрлі жұқпалы аурулардың таралмауына кепілдік жоқ. Қима ауылындағы қолқа қабатын иіс қашанғы қалары белгісіз.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы