Алғашқы айналымнан аса алмады
Жылдың басты бәсекесінде ел намысын 19 дзюдошы қорғайды. Олардың 10-ы ерлер, 9-ы әйелдер құрамасында татамиге шығады. Күн өткен сайын әлем чемпионатының да көркі қызып келеді. Жарыстың бірінші күні 4 спортшымыз ел намысын қорғады. Ерлер арасында 60 келіге дейінгі салмақта Елдос Сметов пен Нұрқанат Серікбаев өнер көрсетсе, әйелдер бәсекесінде 48 келіде Абиба Абужақынова мен Ғалия Тынбаева сынға түсті. Олимпиада ойындарының күміс, қола жүлдегері, 2015 жылғы әлем чемпионы, Токио-2019, Ташкент-2022 әлем біріншіліктерінің қола жүлдегері жарысты екінші айналымнан бастап, алдымен Түрікменстан спортшысын таза ұтты. Бірақ 1/8 финалда өзбек дзюдошысы Дильшодбек Баратовқа Golden Score-да есе жіберді. Бұл қарсыласты Елдос былтыр Ташкенттегі әлем чемпионатында қола жүлде үшін өткен кездесуде ұтқан еді. «Чемпионатқа барлық жағынан дайын болдым. Тәжірибем бар, қателіктермен жұмыс істедік, жарақаттарды емдедік. Жеребе де маған жолдас болды. Өзіме 100 пайыз сенімді болдым. Бірақ бұл жолы бұйырмады. Мен дзюдоны қоймаймын. Олимпиадаға дейін әлі уақыт бар», – деді татамиден кейін Елдос Сметов.
20 жастағы Нұрқанат Серікбаев екінші айналымнан бастап өнер көрсетті. Алдымен молдовалық Тирсина Александруды тізе бүктіріп, одан кейін Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, әлемдік рейтингтің көшбасшысы тайпейлік Юн Вэй Янгтан қосымша уақытта басым түсті. Бірақ ширек финалда Олимпиада чемпионы, 4 дүркін әлем чемпионы азулы жапон спортшысы Такато Ноахисадан ұтылды. Ал жұбаныш кездесуінде грузин балуаны Гиоргий Сардалашвилиден жеңілді. Осылайша, Нұрқанат алғашқы әлем чемпионатын 7-орынмен аяқтады.
Бұрымды дзюдошыларымызға келер болсақ, Ғалия Тынбаева алғашқы белдесуде әзербайжандық Кенуль Алиевадан айласын асырып, артынша Оңтүстік Корея өкілі Ли Хек Йонгты иппонмен ұтты. 1/8 финалда биылғы 3 бірдей Grand Slam (Анталья, Тель-Авив, Париж) жарыстарының жеңімпазы – франциялық Понт Бландиеден Golden Score-да жеңілді.
Абиба Абужақынова екінші айналымда израильдік Малька Тамарды жеңді. Одан кейін моңғол қызы Баасанху Бавудорджды ұтып, ширек финалда сербиялық Мелисса Николичтен мықты екенін байқатты. Бірақ жартылай финалда осы салмақтағы әлемдік рейтингтің үздігі, француз спортшысы Ширин Боуклиге есе жіберді. Ал қола медаль үшін өткен кездесуде Абиба италиялық Ассунта Скуттоға вазари ұпайымен жеңіліп, 5-орынға табан тіреді.
Жарыстың екінші күні татамиге екі отандасымыз шықты. 52 келіге дейінгі салмақта ел намысын Толғанай Әбеуова мен 66 келіде Ғұсман Қырғызбаев қорғады. Алайда екі спортшы да алғашқы іріктеу кезеңінен аса алмады.
Ел құрамасынан чемпионаттың үшінші күні ерлер арасында 73 келі салмақта Жансай Смағұлов, Данияр Шамшаев, әйелдерден Бақыт Құсақбаева сынға түсіп, алғашқы іріктеу сатыларында жеңіліп қалды.
Әлем чемпионатының төртінші жарыс күнінде Қазақстанның атынан екі спортшы сынға түсті. Әйелдер арасында 63 келіге дейінгі салмақта Эсмигүл Куюлова бақ сынап, алғашқы белдесуде бейтарап тудың астында өнер көрсететін Ресей спортшысы Камила Бадуроваға есе жіберді. Ал Абылайхан Жұбаназар (81 келі) болса екі кездесу өткізді. Бірінші айналымда ол Португалия өкілі Жоао Фернандоны таза ұтты. Бірақ екінші белдесуде өзі «иппонға» түсіп қалып, бразилиялық Эдуардо Юди Сантостан жеңілді.
«Бүгін португалиялық қарсыласымнан есемді қайтардым, алдында одан жеңілген едім. Ал екінші кездесуге келер болсақ, басымдық менің жағымда болды. Қарсыластың екі «шидосы» барын көріп, екі рет шабуыл жасадым. Үшінші ескерту алсын деген мақсатпен тағы алға ұмтылдым. Бірақ қателік жіберіп қойдым. Тым асығып кеттім. Жанкүйерлерден кешірім сұраймын», – деді Абылайхан Жұбаназар.
Жеңілістер саны мұнымен тоқтап қалған жоқ. Жарыстың бесінші күні ерлер арасында Дидар Хамза (90 келі) өнер көрсетіп, бірінші айналымнан аса алмады. Молдова өкілі Дорин Готоноагаға есе жіберді. Әйелдердің бәсекесінде татамиге Анастасия Маякова (70 келі) шығып, 2017 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Пуэрто-Риконың 34 жастағы спортшысы Мария Перестен жеңілді.
Жеңілістен сабақ алсақ игі...
Әлем чемпионатының аяқталуына үш күн қалды. Алайда ұлттық құрама тыңғылықты дайындалдық десе де, жүлдеге қол соза алмай отыр. Алтын алады деген дзюдошылар алғашқы айналымнан-ақ есе жіберді. Ал Жансай Смағұлов кездесуден кейін кәсіпқой мансабын аяқтайтынын мәлімдеді. Бірақ ұлттық құраманың бас бапкері Нұрбол Сүлейменов бұл ақпаратты жоққа шығарды.
– Ол қызуқандылықпен шешім қабылдады. Эмоцияға беріліп айтқаны ғой. Халықтың алдында ұялып, намысына тигеннен кейін солай деген болуы керек. Олимпиадаға бір жыл қалғанда артқа шегінгені дұрыс емес. Үміт артамыз. Тәжірибесі бар спортшы. Ондай спортшыны біз жібере алмаймыз. Осы олимпиадаға дейін күресеміз. Мұндай спортшыларды дайындау үшін жылдар керек. 1 жыл емес, 2 жыл емес. 10-15 жыл керек,– дейді дзюдодан ұлттық құраманың бас бапкері Нұрбол Сүлейменов.
Доха қаласындағы аламан мамырдың 14-іне дейін жалғасады. Осы аралықта 14 салмақ дәрежесінде, яғни ерлер арасында 7, қыздар арасында 7 салмақтағы үздіктер анықталады. Оларға 2 мың рейтингілік ұпай беріледі. Бұл Париж олимпиадасының алдында өте маңызды. Спортшылар қазір барынша көбірек ұпай жинап, осы жазғы ойындардың лицензиясын алуға тырысуда. Бұдан бөлек, 1 миллион долларды құрайтын жалпы жүлде қоры да бар. Мұның өзі – спортшыларға жақсы мотивация. Бірақ біздің дзюдошыларды бұл сыйлық қоры да ынталандыра алмай отыр.
– Біздің балуандарымыз осы сында өздерінің шынайы деңгейін көрсетті. Жасыратыны жоқ, басқа елдердің спортшыларымен салыстырсақ, ұлттық құраманың дәрежесі төмен болып тұр. Басынан бастап дзюдошылар әлем чемпионатынан жүлде алады деп күтпедім. Жеребе де спортшыларымызға серік бола қойған жоқ. Халық Елдос Сметовтен үміт күтті. Бірақ Елдостың жасы мен дайындығы жүлдеге қол созуға кедергі болды. Ал Жансай Смағұловқа жеребе жолдас болмады. Бірінші кездесуінде-ақ қиын қарсыласқа кездесіп, есе жіберді. Қыздар арасынан Абиба Абужақыноваға сеніп едік, бірақ ол медальға таяп барып сүрінді. Жарыстың қалған күндерінде сынға түсетін спортшылардың 80 пайыз жеңуге мүмкіндігі жоқ. Жеке сын болса да, командалық сын болса да біздің дзюдошылардың жүлдесіз қайтатыны анық. Спортшыларға теориялық тұрғыда да, физикалық тұрғыда да күш жетіспей жатыр. Техниканы жақсы меңгерсе де, функционалдық тұрғыда қателіктер жіберуде, – дейді спорт сарапшысы Анық Көкенайұлы.
Оның айтуынша, Катардағы әлем чемпионаты дзюдода жаңа есімдерді танытып жатыр. Айталық, 52 келі салмақта өзбек қызы Диёра Келдиёрова финалға шықты. Өзбекстан тарихында қыздар әлем чемпионатының финалына алғаш рет шығып тұр. Диёра финалда «өзге ғаламшарлық» феноменімен танымал Ута Абемен күресті. Жапонның жиені Криста Дегучи де Дохадағы әлем чемпионатында топ жарды. Финалда 2022 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Харука Фунакувоны алдымен ваза ариге түсіріп, артынша иппонмен жеңді. Криста 2019 жылы Жапониядағы әлем чемпионатында топ жарған болатын. 2 дүркін әлем чемпионы атанып Канадаға жаңа тарих жазып берді. Кристаның анасы жапон, әкесі канадалық. Жапонияда туып, сонда дзюдо мектебінде оқыған соң Канаданың намысын қорғап жүр. Жапонның тәлім-тәрбиесін алып өскен қыз қазіргі уақытта көбінде Жапонияда дайындалады. 73 келі салмақта Швейцария балуаны Нилс Штамп чемпион болды. Штамп – Швейцариядан шыққан алғашқы әлем чемпионы. Спорт сарапшылары бұл жігітті алтын алады деп ойламаған. Бірақ ол финалға дейін шықты. Финалға шығар жолында жапон мықтысы Сойши Хашимото, өзбекстандық Муроджон Юлдошовты жеңді. Финалда Италия балуаны Мануел Ломбардомен күресті. Ломбардо да алтын алатын 100% мүмкіндік болды. Алайда басын тіреп әдіс жасап, қатаң ескертумен жазаланып, алтын медальдан тыс қалды. Нәтижесінде, Нилс Штамп чемпион болды.
– Тек Хамза Дидар ғана алғашқы белдесуден жеңілді. Ал қалған спортшылар барынша күресіп жатыр. Тек қыздар бір орында тұралап тұр. Дайындық жақсы болса, күрес те сәтті өтеді. 60 келі, 66 келі салмақта күресетін дзюдошылардан медаль күткеніміз рас. Абиба Абужақынова да бабында тұрды. Бірақ чемпионатты бесінші орынмен аяқтады. Ал ол былтыр үшінші орын алған болатын. Абылайхан Жұбаназар да жақсы күресті. Бәсекенің деңгейіне қарасақ, ауыр салмақтарда қазақтар ғана емес, жапондар да қиналып қалады. Үлкен салмақтарда бәсеке жоғары. Біз тек жеңіл салмақтардан жүлде алатынбыз. Осы чемпионаттан кейін метадологияны қайта бір қарауымыз керек. Қателіктерге сараптама жасауымыз керек. Гүржілер мен моңғолдардың деңгейі осыдан он жыл бұрын біздікіндей болған. Қазір оларға тең келетін қарсылас жоқ. Біз осылардан үлгі алуымыз керек,– дейді дзюдодан мемлекеттік жаттықтырушы Жандос Қонысбаев.
Ал спорт журналисі Аслан Қаженовтің ойынша, биыл дзюдошылар әлем чемпионатынан медальсіз қайтады. Мұндай жағдай 2014 жылы соңғы рет болған. Араға он жыл салып, Қазақстандағы дзюдоның құлдырағанын көрсетеді. Жеңілістің себебін федерацияның басшылары түсініп отыр деген ол: «Алда Азия ойындары, Париж олимпиадасы бар. Негізгі мәселе командада спорттық дәрігер, фармацевтің жоғында. Қазір әлем елдері спортшының физикалық-психологиялық қабілетіне емес, спорттық медицина мен ғылымның жетістіктеріне сүйенеді. Бұл мәселені федерация түсініп отыр. Уақыт өте тығыз. Сондықтан шетелдік мамандарды шақырса да тездетіп осы мәселені қолға алу керек», – дейді.
Көктем ҚАРҚЫН