Биылғы 20 сәуірде Президент Әлеуметтік кодекске қол қойды. Оған сәйкес, алда өз күнін өзі көргендерден жаңа алым жинала бастайды. Олар енді әлеуметтік аударылымдар жасауға міндеттеледі. Бұл тетік компаниялар үшін тапсырма орындайтын жұмыскерлердің әлеуметтік қорғалуын күшейте ме?
АҚС шығыны ақша «шыдатпайды»
Әлемнің әр мемлекетіндегі әл-ауқат деңгейін таразылаған «Global Wealth Report–2022» сараптамалық есебіне жүгінсек, Қазақстан халқының 0,3 пайызы ғана долларлық миллионер. Қалғанының бәрі азды-көпті дәрежеде әлеуметтік қолдауды қажет етуі мүмкін. Бірақ онжылдықтар бойы қордалаған мәселелерді шешуге Үкіметтің қолы, қауқары жетпей келеді.
Бұл ретте жұмыс берушілер шығыстарын азайту үшін персоналының үлкен бөлігін штаттан шығарып, аутстаффингке тапсырады. Немесе аутсорсингтің қызметіне жүгінеді, өз мамандарымен де азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт (АҚС шартын) бекітеді.
«АҚС шартымен қызмет көрсететін жұмыскерлердің жағдайы шынымен аяуға тұрарлық. Олар келісімшарт аясында штаттағылар сияқты, тіпті одан артық жұмыс істейді. Алайда оларға ешқандай еңбек демалысы берілмейді, еңбекке жарамсыздық парақшасы өтелмейді. Шарт талабына сай, егер компания оның жұмысына көңілі толмаса, ақысын бермей қояды. Жұмыс берушілер оларды компьютер, кеңсе тауарларымен сияқты басқа керек-жарақтармен қамтымайды. Оның бәрін өзі сатып алуы тиіс. Мұның сыртында, АҚС шартындағылардың табысынан зейнетақы жарналары, жеке табыс салығы, медициналық сақтандыру жарнасы мен аударылымдары ұсталады. 2025 жылдан бастап, солардың табысынан енді әлеуметтік аударылымдар да ұсталады», – дейді HR-менеджер Айдар Қасенов.
Сарапшы осы мамандарға шығындарын азайту үшін жеке кәсіпкерлік ашып, АҚС-тан соған ауысуға кеңес береді екен. Бірақ жеке кәсіпкерліктің де қиындығы көп: бақылау-кассалық аппаратының болуы, тұрақты түрде чек басуы, салықтарды өзі аударуы, ұдайы reKassa ауысымын жауып отыруы және басқа талаптары бар. Оларды уақытында орындауды ұмытып кетсе, айыппұл салынуы, түрлі мәселеге тап болуы ықтимал. Сондықтан көбісі АҚС шартының талаптарына амалсыз көнеді: онда салық пен жарна аудару мәселесімен соны жалдаған компанияның бухгалтері айналысады.
АҚС шартындағылар өз қызметін ұсынып, өз күнін өзі көретін фрилансерлер қатарына жатады. Еңбек министрлігінің Еңбек ресурстарын дамыту орталығының (ЕРДО) дерегінше, Қазақстанда 2021 жылы АҚС шартымен жұмыстарды орындайтын 176,9 мың қазақстандық ресми тіркелген. Бұл 2017 жылғыдан 40 пайызға көп. Бірақ ЕРДО сарапшылары АҚС шартымен қызмет көрсететін адамдар саны бұдан кем дегенде 5 есе көп деп санайды. Статистиканы шындыққа жақындату үшін мамандар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының деректер базаларына тоғыспалы талдау жүргізіп шыққан. Сөйтіп, ай сайын тұрақты түрде зейнетақы жарналарын аударатын, бірақ әлеуметтік аударылымдар жасамайтын адамдарды анықтады. Тиісінше, АҚС шартымен істейтіндер саны 1,05 миллионнан асатыны мәлім болды.
Қаржы аудармасаң, қор елемейді
Фриланс әртүрлі қызмет түрін біріктіреді. Олардың қатарында жалпы экономиканың барлық секторының жұмыскерлері бар. Мемлекеттік қызметте де осы шартпен жұмыс істейтіндер жетерлік. Үлкен бөлігі, 170 мың адамнан астамы – білім беру саласында. 166 мыңдайы – саудада. Мемлекеттік басқару және әлеуметтік қамсыздандыруда – 143 мың адам.
ЕРДО дерегінше, бұл санаттағы жұмыспен қамтылғандардың кірісі шамалы. Олардың табысының орташа деңгейі штаттағы жұмыскерлердің орташа жалақысының 71,5 пайызын ғана құрады. Мысалы, ауыл шаруашылығында АҚС шартына отырғандардың табысы шамамен 69 мың теңге ғана. Сондықтан фрилансерлердің 18 пайызы бір мезгілде екі жұмыс берушіге, ал 10 пайызы – бірден үш жұмыс берушіге жалданып, тапсырмаларын қатар орындайды.
Елімізде фрилансерлерді әлеуметтік қамсыздандыру идеясы түрлі алаңдарда бұрыннан талқыланып келеді. Былтыр ірі агрегаторлардың тамақ тасушы курьерлері өздерінің әлеуметтік жағдайын жоғарыға жеткізу үшін ірі мегаполистерімізде митинг өткізді. Содан бұл тақырып биліктің де күн тәртібіне шықты. Ереуілшілердің айтуынша, қазіргі кезде ішкі еңбек нарығында тұрақты, жалдамалы, жақсы жалақылы жұмыс табу күрделі. Ал АҚС шарты аясында жұмыс берушілер олар үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (МӘСҚ) әлеуметтік салық төлемейді. Соның кесірінен егер фрилансер жұмысынан айрылса, декретке шықса, қордан көмек алмайды.
Сол себепті жаңа Әлеуметтік кодекстегі жаңалықтардың бірі фрилансерлерге, соның ішінде азаматтық-құқықтық сипаттағы шартпен істейтіндерге қатысты болып отыр. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап, АҚС шарттары бойынша 5 пайызы әлеуметтік аударылымдар енгізіледі. Осылайша, штаттан тыс бұл қызметкерлер де әлеуметтік сақтандырылады. Олар жұмысынан айырылса, немесе перзент сүйіп, декреттік демалысқа шықса, онда қордан төлем ала алады.
Жаңа норма Қазақстан азаматтарына ғана емес, азаматтық алып үлгермеген қандастарға және ел аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқтарға да таралады.
Жаңа алымды кім аударады?
Әлеуметтік кодекске сәйкес, АҚС шартын бекіткен барлық жеке тұлғалар міндетті әлеуметтік сақтандыруға жатады. Олардың табысының 5 пайыз мөлшерінде МӘСҚ қорына әлеуметтік аударылым ай сайын аударылып тұруы тиіс. Ол аударылым қаржыны салық агенттері, яғни өзі қызмет көрсететін компанияның бухгалтерлері ұстап, қорға аударады.
Бірақ осы орайда түсінбеушілік пен қайшылықтар туындады. Ақпарат құралдары мен сарапшылар есеп саласында кеңес беретін «Учёт.kz» компаниясының түсініктемесіне сілтеме жасап, «жұмыс берушілер штаттан тыс мамандары үшін 5 пайыздық алымды өз есебінен төлейді» деп жарыса жазды.
Бұл жерде әлеуметтік аударылым алынатын табысқа қатысты шектеулер қолданылады: ай сайынғы ең жоғарғы табыс мөлшері – 7 ең төменгі жалақыға немесе 2023 жылы 490 мың теңгеге тең. Одан асқан сомаға жаңа алым есептелмейді.
Бірақ Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің түсіндіруінше, бұл әлеуметтік аударылым АҚС шартын бекіткен жеке тұлғалардың өз табысынан ұсталады.
«АҚС шартымен жұмыс істейтін көптеген азамат бүгінде, әлеуметтік қатерлер туындаған жағдайда, МӘСҚ қорынан әлеуметтік төлем алудан қағылып отыр. Ал Әлеуметтік кодекске сәйкес, жұмыс берушілер өз штатындағы қызметкерлер сыртында, енді салық агенті ретінде АҚС шарты негізінде қызмет көрсететін мамандар үшін де әлеуметтік аударымдарды, зейнетақы жарналары сияқты олардың табысынан ұстап, аударып отыратын болады. Осы арқылы АҚС шартымен жұмыс істейтін азаматтар өз есебінен әлеуметтік қатерлерден сақтандырылады», – деп хабарлады ведомство.
Оның мәліметінше, АҚС шартымен жұмыс істеген көптеген әйел декреттік демалысқа шыққанда, жүктілік және босануға, жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемдерін ала алмай, наразылық білдіреді. Ендеше жаңа төлем арқылы «мыңдаған адамға қордан төлемдер алуға мүмкіндік беріледі».
Жалпы, өз бетінше күнелткен мамандарға мемлекет тарапынан алым-салықтың өсуі олардың еңсесін езіп барады. Finprom мониторинг агенттігі сарапшыларының байламынша, бұлай бара берсе, 2025 жылдан АҚС шартымен жұмыс істеу қазақстандықтарға тиімсіз болып қалады.
Елдос СЕНБАЙ