Өйткені құл иеленушілерге қарсы құзырлы органдар тарапынан қолға алынған қарекеттің тірі тауарға тосқауыл болмайтыны толық дәлелденіп отыр.
Айталық, қылмыстың бұл түрінде еліміздің заңы алдында кінәліні жауапқа тартқызып, жәбірленушінің құқығы қорғалады дегенге күдікпен қарайтындар жетерлік. Бұл сөзімізге дәлел мынау. Бір жылы жартыжылдықтың өзінде ғана «11616» нөміріне 837 қоңырау соғылған. Бірақ соғылған қоңырау мен тіркелген істің барлығы сотқа жетпеген. Жақында бұл мәселе Ішкі істер министрлігі ұйымдастырған адам саудасына қатысты жиында тағы сөз болып, жаңа заң жобасына қатысты пікір қызу талқыға ұласты.
Сарапшылардың сөзіне сенсек, елдегі «тірі тауарға» қарсы тұру мәселесінде кедергі көп. Осыдан екі жыл бұрын адам саудасымен күрес туралы жасалған баяндамада мұндай сипаттағы әрбір төртінші қылмыс қана ашылатыны мәлім болды. Қылмыстарды анықтау көрсеткішінің төмендігі құқық қорғау органдары мен мемлекеттік органдардың дағдарыс орталықтарымен байланысының жоқтығы айтылды. Тіпті, оның бір ұшы сыбайлас жемқорлыққа келіп тірелуі мүмкін екені де сөз болған. Мәселен, сәбилерді сатуға байланысты қылмыстарда мемлекеттік мекеме өкілдерінің қатысы болып жататыны жасырын емес. Бұдан бөлек, зардап шеккен адамдарды қорғау шараларының әлсіздігі, қоғамның құқықтық сауатының төмен болуы да адам саудасының нарқын қыздырып тұр. Өкінішке қарай, осындай оқиғаларға куә болған күннің өзінде құзырлы орындарға хабар беруге құлық танытатындар аз. Көбінде қылмысқа куә болғаны үшін қудаланып, куәгерден қылмыскерге айналып кетеміз бе деген күдік басым.
Себеппен емес, салдармен күресіп келеміз
Халықаралық еңбек ұйымы көрсеткен мәліметке сенсек, әлемде жыл сайын 2,45 миллион адам тірі тауардың құрбанына айналады екен. Ал одан түсетін пайда 150 миллиард долларды құрайды.
Тоғыз жолдың торабында тұрған біздің елде бұл мәселе өзекті. Айталық, елімізде адам саудасына қатысты жыл сайын 100-ден аса қылмыстық іс тіркелді. Жыл басынан бергі 4 айда 65 қылмыс белгілі болып отыр. Тіркелген қылмыстардың ішінде қанау мақсатында заңсыз бас бостандығынан айыру бойынша 1, адам саудасының 16 фактісі анықталса, кәмелетке толмағандар – 12, жезөкшелікпен айналысуға тарту – 11, оның ішінде 3 кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстық іс тіркелген. Бірақ Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың айтуынша, бұл тек күрес салдарымен күресу ғана.
ҮЕҰ мәліметіне қарасақ та зардап шеккендердің ішінде жыныстық және еңбек қанауы бойынша тірі тауардың саны бірнеше есе өскенін көрсетеді. Осылай деген ведомство басшысы:
«Қазақстан – адам құқықтары саласындағы халықаралық 60 шарттың толыққанды қатысушысы. Олардың 13-і тікелей құлдықтың қазіргі түрлеріне қарсы тұрумен байланысты. Сонымен қатар осы саладағы қатынастар көптеген заңмен реттеледі, ол бойынша мемлекеттік органдардың бұйрықтары да бекітілген. Алайда қазір құрбандар туралы айтпағанда, мемлекеттік органдардың қызметкерлері де толық құқықтық ақпаратқа ие болған жоқ. Жауапкершілік бұлыңғыр. Қарапайым, уәкілетті органдар мен олардың құзыреті анықталмаған», – дейді.
Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ведомство адам саудасына қатысты заң жобасын әзірлепті. Заң жобасы 6 тараудан тұрады. Оның ішінде жаңа тұжырымдамалық аппаратты енгізу, уәкілетті мемлекеттік органдарды құру, халықаралық ынтымақтастық негіздері, ҮЕҰ рөлін анықтау және жәбірленушілердің құқықтары мен міндеттерін кіргізу көзделмек. Маңыздысы сол, адам саудасының тәуекелдерін бағалап, қылмыстың алдын алуға баса назар аударуға көңіл бөлінеді. Сондықтан құқықбұзушылыққа ықпал ететін себептерді іздеу бойынша әдіснама әзірленіп, зерттеулер жүргізілуі тиіс. Сондай-ақ Марат Ахметжанов «адам саудасының құрбаны» ұғымы заңнамалық түрде анықталып, жәбірленушілердің барлығы кешенді әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етілу үшін құқықтық негіздер құрылатынын айтады. Одан бөлек, заңдардың ілеспе жобалары әзірленіпті. Бұл бойынша елдегі бірқатар заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қарастырылады.
ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов биыл жезөкшелік пен жеңгетайлық қызметін көрсету мақсатында ұйымдасқан топ құруға қатысты 37 қылмыстық іс тіркелгенін айтты. Сондай-ақ ол Қазақстан азаматтары БАӘ, Катар, Индонезия, Бахрейн, Түркия, Оңтүстік Корея елдеріне тірі тауар болып кетсе, біздің елге Қырғыз Республикасы мен Өзбекстаннан келіп, құлдыққа жегілгендер көп екенін айтып отыр.
Кешенді көмек көрсетіледі
Үкіметтік емес ұйымдар жариялаған статистикалық деректерге қарасақ, өңірлер бойынша адам саудасына қатысты 2019 жылы – 120, 2020 жылы – 141, 2021 жылы – 200, 2022 жылы –193 қылмыс тіркелген. Соның ішінде Астана, Алматы, Шымкент, Теміртау, Ақтөбе қалалары көш бастап тұр. Осы қылмыстардың 634-і адам еңбегін қанау, 54-і сексуалдық пайдалану, еңбегін және сексуалдық қызметін пайдаланудың 4 дерегі белгілі болған.
«Сана Сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығы» қоғамдық бірлестігінің директоры Шахноза Хасанованың айтуынша, біздің елде адам саудасынан зардап шеккендерге көмек көрсетудің қиындығы бар. Мәселен, дәлелдердің болмауы, жәбірленушілердің жұмысқа ерікті келісімі, жұмыс берушілерге жеке басын куәландыратын құжаттарды ерікті түрде беру, белгілі бір үй-жайда немесе аумақта жәбірленушілердің еркін жүріп-тұруы, барлық мүдделі тараптардың тарапынан жәбірленушілерге кешенді көмек көрсету алгоритмінің болмауы, құқық қорғау органдарына сенімсіздік, жәбірленушілер мен олардың отбасыларының қауіпсіздігі үшін қорқуы, құзырлы орындардың жәбірленушілермен жұмыс істеуге құлықсыздығы басым. Осы себепті де адам саудасының құрбандары өздерін зардап шеккен адам ретінде сезіне алмайды. Керісінше, өзін-өзі кінәлау басым. Жылдар бойы жиналған қорқыныш сезімі кейде жұмыс берушілерді қорғауға өздері мүдделі болумен аяқталып жатады. Сондай-ақ бірлестік басшысы жұмыс берушілерден кішігірім сыйлық алудың соңы қылмыстың орта жолдан тоқтап, не болмаса істерді қарау мерзімінің ұзаруына алып келетінін тілге тиек етті. Сондықтан ол «жәбірленуші» мәртебесін берген жағдайда мемлекет тарапынан өтемақы алу мүмкіндігі туралы ақпарат барынша ашық болу қажеттігін жеткізді.
«Жәбірленушімен сенімді қарым-қатынас орнату маңызды. Адам саудасының құрбандары айналасындағы адамдарға деген сенімсіздіктен ұсынылған көмектен бас тартуы мүмкін. Себебі олардың арасында сенімді адамдарға алданған адамдар бар. Екіншіден, психологиялық жарақатпен жұмыс істеу ұзақ уақытты алады. Басынан өткен жағдайдан соң қоғамға бейімделе алмайды, болашағына сенбейді. Сондықтан жәбірленушілермен жұмыс істеген кезде құпиялылық қағидаттарын сақтап, жалған ақпаратқа жол берілмеуі тиіс», – деп топшылайды Шахноза Хасанова.
Адам саудасына қатысты соңғы заң жобасын қараған академиялық қоғамдастық өкілдерінің де өз айтарлары бар. Заң ғылымдарының докторы, профессор Исидор Борчашвили адам саудасымен айналысқан адамдарды жауапкершілікке тартқызу азаматтықтан айырудан басталу керек деген ұсынысын айтты. «Біз 2017 жылы азаматтықтан айыру сияқты қосымша жаза енгіздік. Оған сәйкес террористік қылмыстар үшін және ұлттық мүдделерге ауыр қылмыстар жасағаны үшін азаматтықтан айыру көзделеді. Ал адам тағдырын ойыншыққа айналдырған адамдарды жазалауда осы бастаманы көтеруге шақырамын», – дейді ол.
Қолданыстағы заңға сәйкес елімізде адам саудасымен айналысқандар кемі бес жылдан, қылмыстық құрамы бойынша ең ұзақ жаза мерзімі 18 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бір қызығы, жауапкершілік арқалап, темір торға тоғытылса да қылмысын қайта жасайтындар да кездеседі екен. Сондықтан сарапшы мамандар мен заңгерлердің ұсынысын қайта қарастырып, айтылған мәселелер «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заңға енгізілуі керек-ақ.
Жадыра МҮСІЛІМ
Елдар ҚАБА (коллаж)