Биыл елімізде тағы бір­неше әлемдік универ­ситеттің филиалы ашылады. Осы­лайша, алдағы бес жыл­дың ішінде отандық жоғары білім беру саласы айтар­лықтай өзгеріске ұшырамақ. Шетелдік университет­тер­дің филиалдарын ашудың негізгі мақсаты – жастарды елімізде ұстап қалу.
Шетелдік білім шыңға шығара ма?
1,268
оқылды

Алайда сарапшылардың айтуынша, филиал ашу арқылы жоғары білім саласындағы бәсеке артпайды.  

Қазір Алматыда Де Монтфорт Лестер Ұлы­бри­тания универси­тетінің филиалы жұмыс іс­тей бастады. Ал Солтүстік Қазақстан мемле­кет­тік университеті Ари­зона университетіне се­нім­герлік басқаруға берілді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында Мәскеу инженерлік-физи­калық институтының және С.Өтебаев атындағы Аты­рау Мұнай және газ университетінің база­сында Губкин атындағы Ресей мұнай және газ уни­верситетінің фи­лиалы ашылды. Жоғары бі­лім саласындағы өзгеріс мұнымен тоқтап қал­майды. 2029 жылға қарай тағы 9 университеттің филиалын ашу жоспарланып отыр.  

 – Мемлекет басшысының тап­сырмасына сәйкес, елімізде әлемдік деңгейдегі университеттердің фи­лиалы ашылып жатыр. Бұл ба­ғыт­тағы жұмыс жалғасын табады. Былтыр елімізде шетелдік 4 жоғары оқу орнының филиалы ашылды, биыл 6 филиал ашылады. Атап айтқанда, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жанынан Сеул ұлттық ғылым және технология университетінің филиалы ашылмақ. 18-19 мамырда Мемлекет басшы­сының Қытай еліне сапары жос­пар­ланып отыр. Соның аясында Қы­тайдың ұлттық Тяньцзинь және Сиань технологиялық универ­си­тетімен филиал ашу туралы келі­сімге қол қойылмақ, – деді Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек. 

Министрдің айтуынша, алдағы 3-5 жылдың ішінде жоғары білімнің мазмұны мен келбеті айтарлықтай өзгереді. Жоғары білім беру сала­сында бәсеке артады.  

– Жастарға әлемнің алдыңғы қатарлы университеттерінің фи­лиалында білім алу мүмкіндігі бар. Олардың арасында АҚШ, Ұлы­британия, Германия, Қытай, Оң­түстік Корея, Түркия және тағы бас­қа елдердің ЖОО болады, – дей­ді ведомство басшысы.

Былтыр қыркүйек айында Сол­түстік Қазақстан мемлекеттік уни­верситеті жанындағы Аризона уни­верситеті 170 студент қабыл­дады. Оқу үш тілде – ағылшын, қа­зақ және орыс тілдерінде жүр­гізіледі. Аризона университетінің вице-президенті Лизл Фолкс осы бағдарламаның дамуына үлкен үлес қосқан университеттің барлық оқытушысына алғысын білдірді.

– Биотехнология, IT бағыты бойынша қос дипломның бірнеше бағдарламасы ашылды. Бұл халық­аралық бағдарламаның үлкен ар­тықшылығы – қос дипломға түскен студенттер төртінші курс кезінде Аризона университетінің кампу­сы­на барып, сол жерде оқи алады, – деп атап өтті Лизл Фолкс.

Жастарды ұстап қалудың жолы ма?

Жалпы, мұндай практика әлем­де бар. Африка, Малайзия, Индо­незия сияқты кей елдерде әлемнің үздік университеттерінің фи­лиал­дары ашылған. Бірақ олардың саны шектеулі, себебі беделді оқу орын­дары өз брендін сақтауға талпынады.

– Өкінішке қарай, біздің елдегі жоғары және орта білім беру жүйесі әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті емес. Сондықтан оны мемлекеттік саясат аясында реформалау – дұрыс шешім. Оқу орындарының санын азайту жақсы нәтижеге жеткізе ме, оны нақты айта алмаймын. Білім беру бағдарламасы мен формасын, тәсілдерін қайта қарау қажет деп есептеймін. Ол автоматты түрде бә­секені арттырады. Еліміздегі оқу орындарының, әсіресе мемлекеттік білім беру мекемелерінің саны көп болуы шарт емес. Олар азшылықта жекеменшік оқу орындарымен бә­секелесе білуі тиіс. Мен 3 жылдай Қазақстанның мықты деген жеке меншік жоғарғы оқу орнында сабақ бердім. Сонда түсінгенім – әдістеме мен менеджмент ХХ ғасырдағы жүйеге пара-пар, – дейді сарапшы Алина Хаматдинова. 

Ал Talap коммерциялық емес АҚ президентінің кеңесшісі Қа­дырбек Бөрікбековтің айтуынша, филиалдармен бірге сол шетелдік оқу орындарының ұстаздарын біз­дің елге алып келу қажет. Оқу­лық­тарын, әдістемелерін, кейсін ғана әкеліп, қазақстандық ұстаздардың қолына бере салу – нәтиже бер­мейді. Қазір мұндай білімді онлайн алуға да мүмкіндік бар. 

– Шетелдік университеттердің филиалын ашудың екі мақсаты бар. Бірі – жастарды елімізде ұстап қалу, екіншісі – Қазақстанда дайындал­майтын мамандықтарды игеру бо­латын. Дегенмен шетелдік уни­вер­ситеттердің барлығы бір деңгейде емес. Біз дүниеге аты мәлім, белгілі оқу орындарын тартуымыз керек. Сондықтан шетелдік университет­терге арнайы талаптар бекітілуі керек. Сабақ оқитын профессор­ларға да арнайы ереже бекітуіміз қажет. Себебі әр профессор өз елі­нің идеологиясын жүргізгісі келеді. Сол себепті ашылған филиалдардың сапасын бақылауда ұстау аса ма­ңызды. Ал жастар қай жерде жоғары жалақы болса, сол елде жұмыс іс­тейді, – деді Қадырбек Бөрікбеков. 

Иә, өз елімізде шетелдік уни­верситеттің филиалында білім алу жастардың қалтасына да жеңіл. Бірақ сол филиалдардан білім алып, біліктілігін арттырған маманға ла­йықты дәрежеде жұмыс көзін ұсына алмасақ, олардың елде қалмайтыны анық. Себебі қолында әлемдегі үз­дік университеттің дипломы бар болса, жастардың да жұмысқа деген талабы өзгереді. Сондықтан шет­елдік университеттің филиалын ашу жастарды елімізде ұстап қалудың жолы емес. 

Филиалдарға жоғары талап қою керек

Кезінде Кеңес үкіметінің оқу орындарының филиалдары Вьет­нам, Алжир, Гвинея, Конго сияқты мемлекеттерде ашылған. Бірақ сол елдерге барып жұмыс істейтін оқы­тушыларға үлкен талаптар қойыл­ған. Ал филиалдар соңғы үлгі­дегі құрылғылармен жа­бдықталыпты. Тіпті, оқытушыларға сол елдің ана тілін білу де маңызды болыпты. 

– Мен Францияға оқытушы бо­лып бару үшін сол кезде он айлық француз тілі курсынан өттім. Содан кейін сараптамалық комиссиядан өтіп, сол елге барып жұмыс істеуге рұқсат алғанмын. Бір елде бірнеше елдің жоғары оқу орындарының фи­лиалдары жұмыс істеді. Біз да­йындаған мамандардан біліктілік емтиханын басқа елдерден келген оқытушылар қабылдады. Сонда ғана бәсекелестік болады. Сон­дық­тан оқудың сапасына, оқу орнының деңгейі мен құрылымдарына жо­ғары талап қоюымыз керек, – дейді Қадырбек Бөрікбеков. 

Білім саласының сарапшысы Өмір Шыныбекұлының пікірінше, халықаралық деңгейде бәсекеге қа­білетті маман дайындау үшін шет­елдік университеттердің фи­лиал­дарын ашу керек. Бұл бір жа­ғынан шетелге барып оқығаннан арзан әрі тиімді. Бірақ шетелдік универ­ситеттер филиалдарының деңгейін кадрлар шешеді. Жаңадан ашылған филиалдарда маман да­йындай алатын білікті оқытушылар мен әлемдік үздік университеттен келген профессорлар сабақ беруі керек. 

– Айталық, 90-жылдары жеке­меншік оқу орындары ашыла бас­таған кезде аймақтардағы бала­бақша ғимараттары университетке айналып кетті. Олар Ташкенттің 1-2 профессорын тіркеп қойып, мем­лекеттен лицензия алған. Сол же­кеменшік жоғары оқу орындарының біразы жабылды. Қазіргі әлемдік университеттердің филиалдарын ашудың соңы да осыған ұласып кетуі мүмкін. Шетелдік профессор­лардың бірнешеуінің атын жазып қойып, диплом сатып кете ме деп қорқамын. Сондықтан бұл бағытта арнайы комиссия құрылып, ашы­латын жоғары оқу орындарына қа­таң талаптар қоюы керек. Шетелдік профессорлар онлайн емес, ай­мақтағы филиалдарға келіп сабақ беруі керек. Бұрынғы министр А.Аймағамбетов 80-нен астам оқу орындарын жапты. Ал олардың артында ірі магнаттар тұрды. Енді сол кәсіпкерлердің шетелдік оқу орындармен келісімге келмесіне кім кепіл? – дейді Өмір Шыныбекұлы. 

Оның айтуынша, қазір минис­трлік жекеменшік оқу орындарын тексере алмай отыр. Өйткені шағын бизнесті тексеруге моноторий жа­рияланған. Олар шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын да тексере алмайды. Осылайша, жо­ғары білім саласындағы түйткілді мәселелер көбейе бермек.

Көктем ҚАРҚЫН

Елдар ҚАБА (коллаж)