Атырауда апатты үйлер мәселесі өзекті. «Мұнайлы астана» деп аталатын Қазақстан экономикасының басты доноры саналатын Атырау облысында қазір апатты деп танылған 112 үй бар.
Апатты үйлер азаймай тұр
1,168
оқылды

Апатты үйлер негізінен Аты­рау қаласында, Индер, Махамбет, Мақат, Құрманғазы аудандарында орналасқан. Жақында Атырау­дағы апатты үйлер мәселесін түбегейлі шешу жайын Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов көтерді.

«Апатты жағдайда тұрған осындай бірнеше үйді араладық. Бұл үйлердің ішін әбден ылғал тартқан. Көгеріп жатқан үйлердің қабырғалары мен төбелері жа­рыл­ған. Төбелерден су ағады. Мұндай пәтерлерде әдетте зейнеткерлер, аз қамтылған адамдар тұрады. Олар үшін жағдайларын жақсар­тудың жалғыз үміті – мемлекеттің көмегі», – дейді депутат Дүйсен­бай Тұрғанов.

Рас, 2022 жылдың соңында «Атырау қаласының тұрғын үй қо­рын жаңартудың 2022-2026 жыл­дарға арналған бағдарлама­сы» әзірленді. Бұл бағдарламаға апатты 82 үйден бөлек, қаладағы тағы 155 тозығы жеткен үй кіреді. Алайда депутат тозығы жеткен үйлердің мәселесін толыққанды шешу үшін жергілікті бюджеттен бөлінетін қаражаттың жеткіліксіз екенін айтады.

«Сондықтан республикалық бюджеттен де қаржы қарастыру керек. Мысалы, Атырау облысын­дағы апатты үйлердің тұрғында­рын көшіруге шамамен 34 мил­лиард теңге қажет, Астана қаласы бойынша 115 млрд теңге және үйді инженерлік-коммуника­ция­лық инфрақұрылыммен қам­та­масыз етуге қосымша 117 млрд тең­ге керек. Бірақ Қаржы ми­нистрлігі бұл жобаларға респуб­ликалық бюджеттен қаржы бөлуді қолдамай отыр. Сонымен бірге, «Отбасы банкі» арқылы несиелік тұрғын үйді қаржыландыру үлгісі бойынша тұрғын үй құрылысын қаржыландыру үшін облигация­лар шығаруды да қолға алу ке­рек», – дейді депутат. 

Әкімдік, Мәжіліс, одан қалды Үкімет бар, апатты үйлер мәсе­лесін шешуге бағдарлама қабыл­дап, ұсыныс енгізіп жатқанда, тозығы жеткен үйлердің тұрғын­дары алаң күйде өмір сүріп жатыр.

Дара Рахметулина апатты үйде тұрып жатқандардың бірі. Ол Құрманғазы ауданында тұрады. Құрманғазы ауылындағы Ғилаев көшесіндегі №7 үйде тұрып жат­қан Дара Рахметулина құрт-құ­мырсқа, шыбын-шіркеймен бас­панасын «бөлісіп» отыр.

«Тышқан, жыланды көргенде құрт-құмырсқаға «айналайын» дегің келеді. Салынғанына 53 жыл болған үйімізді әлсін-әлсін дәрі­лейміз. Бірақ, мұның бәрі өз-өзі­мізді алдау. Рас, жарық та, жылу да бар. Бірақ үйдің іргетасы оты­рып кеткендіктен, іргесі қақырап біткен қабырғалардағы жарық­тардан жел келеді. Соның сал­дарынан қыс бойы көктеген қа­быр­ғамен алысамыз. Күн суытса, ау­рудан көз ашпаймыз. Біздің үйдегі тұрғындар арасынан дені сап-сау адамды табу қиын», – дейді апат­ты үйдің тұрғыны Дара Рахме­тул­лина. 

Тозығы жеткен 16 пәтерлік үйде қазір 8 отбасы тұрып жатыр. Атырау облысы әкімдігі Отын-энергетика кешені және тұрғын үй коммуналдық сала бөлімінің басшысы Гүлфайруз Өмірғалие­ваның айтуынша, Атырауда апат­ты үйлер проблемасын 2029 жылға дейін толық шешу жоспарланып отыр.

«Былтыр Атырау қаласы, Индер, Жылыой аудандарында барлығы 8 апатты үйдің (64 пәтер) тұрғындары көшірілді. Биыл Жылыой ауданы Құлсары қала­сындағы 8 апатты үйдің тұрғын­дары жеке компания арқылы са­лынған үйге көшірілді.

Сонымен қатар жеке инвес­торларды тарту тетігімен рено­вация бағдарламасы шеңберінде апатты үйлердің тұрғындарын кө­шіру және бұзу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл Индер ауданында 3 үйдің тұрғындарын көшіру жоспарда бар. Және Атырау қаласындағы Верхний көшесі бойында 5 қабатты 30 пәтерлік үйдің құрылысы үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде», – деді спикер Гүл­файруз Өмірғалиева.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА, 

Атырау облысы