«AMANAT» партиясы жа­нындағы Отбасы және ха­лықты әлеуметтік қорғау мә­селелері жөніндегі кеңес­тің биылғы алғашқы отырысы өтті.
Баспана кезегі қалай жылжиды?
794
оқылды

Жиынды ашқан кеңес жетек­шісі Динара Зәкиева құрамның жаңарғанын атап өтті. Әлеуметтік сала сарапшылары, Үкіметтің және аймақтағы органдардың өкілдері, Мәжіліс депутат­тары  мүшелігіне өткен кеңес пар­тияның сайлауалды бағдар­ламасын іске асыруға қоғамдық бақылау жүргізеді. 

«Кеңес «AMANAT» пар­тиясының сайлауалды бағдар­ламасының әлеуметтік қамту бағыттарының тиімді іске асы­рылуын талдау және бақылаумен айналысады. Әлеуметтік маңызы бар мәселелер, заң жобалары бойынша отырыстар өткізетін боламыз. Биыл бізде 4 отырыс өткізу жоспарланған», – деді Динара Зәкиева. 

Кеңес ресми отырыстардан бөлек, қоғамдағы өзекті мәселе­лерге, резонансты жағдайларға қатысты кездесулер өткізеді. Басқосуға мемлекеттік орган өкіл­дері шақырылады. 

Бұл жолы отырыстың күн тәртібіне тұрғын үй қолжетімділігі мәселесі талқыланды. Мәжілісте «Қазақстан Республикасының тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралып жатыр. Жиында кеңес мүшелері осы заң жобасына ұсыныстар берді. 

Сондықтан кеңес отырысына Индустрия және инфрақұры­лым­дық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Тимур Қарағойшин, Оқу-ағарту министр­лігінің Ба­лалар құқықтарын қор­ғау ко­митеті төрағасының орын­басары Батырхан Жолдас, «Отбасы банкінің» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, республи­калық қоғам­дық және өңірлік кеңестің мүшелері отбасы мен халықты әлеуметтік қорғау сарап­шылары қатысты. 

Мәжіліс депутаты Динара Зәкиева әлеуметтік осал топтарға жататын ерекше қажеттіліктері бар балалар отбасылары, толық емес және көпбалалы отбасылар, жетім балаларға ең өзекті мә­­селе – тұрғын үй мәселесі еке­нін атап өтті. 

«Қазір елімізде 638 мың адам баспана кезегінде тұр. Оның ішінде 60 мың жетім бала бар. Аймақтарда жергілікті атқарушы органдар баспана беруде осы санаттағы 20 пайыздық квотаны сақтамайды. 2021 жылы жетім балаларға 1 211 пәтер берілді. Ол тек қана 13 пайызды қамтиды. Ерекше қажеттіліктері бар бала­лардың отбасыларына қолданыс­тағы бағдарламалар қолжетімді емес. Олардың жағдайлары бағ­дар­лама талаптарына сәйкес кел­мейді. Әлеуметтік осал топтарға арнай бағдарламаларды, олардың тұрғын үй мәселелерін шешетін арнайы тетіктер енгізу керек деп ойлаймыз», – деді Динара Зәкиева.

ИИДМ комитет төрағасы Тимур Қарағойшин баяндама жасап, әлеуметтік топтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету са­ласындағы мәліметтермен бө­лісті. Ол мемлекеттік бағдарлама­лармен берілген пәтерлерге қа­тысты ақпараттарды ұсынды. 

Жиында баспана кезегінде тұрған көпбалалы ана Сәбира Есмаханова жалғызбасты ана­ларға пәтер алу мәселесінде қиын­­шылықтар бар екенін атап өтті. Ал Мария Галиева жетім балалардың баспаналы болуы жөнінде мәселе көтерді. «Мен кезегім қазір 1 200-інші. Тоғыз жылдан бері кезекте тұрмын. Мен пәтер алу үшін тағы он жыл ке­зек­те тұруым керек пе?» – деп сұрады ол.

«Отбасы банкінің» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова жыл сайын жоспарланған 25 мың әлеуметтік пәтердің жар­тысын несиеге, жартысын жалға беріле­тін пәтер ретінде қарас­тыру үлкен жетістік болатынын атап өтті. Алайда кезекте тұр­ған­дардың бар­лығын сұранысын қазіргі бюд­жет бөлінісі бойынша шешу мүмкін емес екен. Оның айтуын­ша, «Отбасы» банкі мем­лекеттік бағдарламалардың барлығында әлеуметтік 4 санат­қа басымдық берген. Соның өзінде ғана осы топтар бойынша 200 мыңдай адам тізімге алын­ған.

Ж.АМАНГЕЛДІ

Елдар ҚАБА (коллаж)