Ел дамуын тежейтін елеулі фактордың бірі – жастардың жұмыссыздығы. Мемлекет тарапынан жастарды жұмыспен қамтуға арналған бірнеше бағдарлама бар. Алайда жыл өткен сайын NEET жастар саны көбеймесе, азаяр емес. Себебі неде? Жастар құлықсыз ба, әлде мемлекеттік бағдарламалар қауқарсыз ба?
Жұмыссыз жүрген жастар көп
2,254
оқылды

Биылғы бірінші тоқсанда Қа­зақстанда Халықаралық еңбек ұйымының әдістемесі бойынша есептелген жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызға жеткен. 

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, республика эконо­микасының әртүрлі салаларында 9 млн адам жұмыспен қамтылған. Олардың 6,9 миллионы жалдамалы қызметкер болса, 2,1 млн адам өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Ал жұ­мыссыз адамдардың саны– 453,5 мың. 15 пен 34 жастағылар арасын­да­ғы жұмыссыздық деңгейі – 4,1пайыз. Жұмыс істемейтін және бі­­лім­мен немесе кәсіптік оқумен ай­­налыспайтын NEET жастарының үлесі – 7,9 пайыз (422 мың адам). Бұл сандар елімізде жұмыссыз жас­тардың саны өскенін тағы да бір дәлелдеп отыр. Бұған Мәжіліс депу­таттарының ұсынысымен жастар санатының 35 жасқа дейін ұзаруы да әсер етіп отыр. Норма бекітілгеннен кейін еліміздегі жастар саны 6,2 миллионға жетті. Демек, NEET сана­­тындағы жастар саны азайып емес, керісінше көбейіп келеді.

Есейгісі келмейтін ересектер

«Қазақстан жастар конгресі» заңды тұлғалар бірлестігінің атқа­рушы директоры Тоқтар Болысов жұмыссыз жастарды еңбекпен қам­туда Үкімет олардың қабілет­і­не ғана емес, сонымен қатар психоло­гия­лық жағдайына да назар аудару керек екенін айтты. 

– NEET санатындағы жастар әлемнің өзге елдерінде де бар. Кей­бір мемлекеттерде оның көрсеткіші 10-15 пайызға дейін жетеді. Үкімет бұл бағытта көптеген жұмыс атқа­рып жатыр. Жаңа жұмыс орындары ашылып, жастарға түрлі мүмкіндік ұсынылуда. Өкінішке қарай, NEET санатындағы кей жастардың жұмыс істеуге ынтасы жоқ. Бұған психо­логиялық тұрғыдан қарау керек. Неліктен олар ондай деңгейге жет­ті? Сол үшін биліктегілер жұмыс орындарын ашу сияқты бір бағытта ғана жұмыс атқармай, жастармен психологиялық тұрғыда да шаралар қабылдау керек деп ойлаймын, – дейді Тоқтар Болысов.

Иә, осы уақытқа дейін жұмыс­сыздық мәселесінің түбіне бойла­май, тек әлеуметтік фактор ретінде қарастырып келдік. Салдарынан бюджеттен қыруар қаржы бөлінсе де, NEET санатындағы жастар саны азайған жоқ. Ендеше отызға келген жастың орда бұзбауының себебін психологтерден сұрадық. 

– Қазіргі жастар жұмыстың нәтижесін ұзақ уақыт күткісі кел­мейді. Тезірек байып кетуді, тезірек табысты болуды ойлайды. Сондық­тан да бизнес ашады. Ал үлкендер коммунизмнің «болашақта бәрі керемет болады» деген идеясымен өскен. Бүгінгі жастардың ойлау жүйесі бөлек. Олар 90 мың теңге айлыққа қарап отырғысы келмейді. Мұндай проблеманың туындауына жастардың өзін-өзі таба алмауы се­беп болып отыр. Олар өз әлеуетін ашып, қоғамнан орындарын таба алмай келеді. Қазір жасы 30-дан асса да өзін әлі ерке бала сезінетін, есеймейтін адамдар бар. Олар өмір бойы өздерін таппаса, осы пози­циядан шыға алмайды. Қыздарға шоколад пен тәтті сыйлайтыннан ары табысқа жетпейді. Алға мақсат пен жоспар қоюды білмейді. Көп­шілігі ата-анасының қолына қарап отыруды қалыпты жағдай санайды. Ал екінші топтағы жастар өз-өзіне жұмыс істегісі келеді,– дейді Ли­мана Қойшиева. 

Психологияда «инфантилизм синдромы» деген ұғым бар. Яғни, жауапкершіліктен қашатын, импуль­сивті әрекет ететін, сәтсіз­дікке ұшыраған жағдайда басқа­лар­ды кінәлайтын адамдарға осы белгі тән. Бұл синдромға ұшыраған тұл­ғаның психикасы мен мінез-құл­қында балалық шаққа тән қасиеттер сақталады. Мұндай жетілмеген мі­нез-құлық көбіне адамның қа­рым-қатынас орнатуына, қоғамда қалыптасуына және мансап саты­сымен жоғары көтерілуіне кедергі келтіреді. Өкінішке қарай, қазіргі жаһандану заманында бұл синдром жастардың басым бөлігінде бар. Олар жұмыс істеуден, жауапкер­шілік арқалаудан қашады. 

– Қазір мектепте оқушыларға қаржылық сауаттылық туралы оқыт­пайды. Осындай пән міндетті түрде керек. Себебі әр бала мектеп кезінен бастап тұлға ретінде қа­лып­тасуы қажет. Үлкен өмірге дайын болуы керек,– дейді психолог. 

Бағдарлама нарықты ескермеген

Мемлекет жастарды жұмыспен қамтуда түрлі механизмі қолданып келеді. Бұл ретте Еңбек министрлігі мен жергілікті әкімдіктердің бірлесіп жүзеге асырып жатқан жобалары жетерлік. Десе де, жастар арасындағы жұмыссыздық дең­гейінің көрсеткіші төмендеп жат­қан жоқ. Себебі жастардың басым бөлігі ондағы жалақыны азсынады. Мысалы, қолына дипломын жаңа­дан алған жас маман жұмыссыз жүрсе, «Жастар тәжірибесі» бағдар­ламасының игілігін көре алады. Жоғары оқу орнын енді тәмамдаған жас үшін бұл –«қызмет өтілін» сұрайтын жұмыс берушілердің қыңырлығынан құтылудың бір жолы. Жас маман жергілікті жұ­мыспен қамту орталығынан жол­дама алып, алғашқы жұмыс орнына аттанады. Осында бір жыл бойы ол мамандығының қыр-сырымен жа­қынырақ танысып, тәжірибе жи­найды. Онысы еңбек кітапша­сына жазылады. Жас маман басшылыққа бар қарым-қабілетін көрсетуге ты­рысады. Алайда көп жағдайда сол басшылар жыл бойы тегін жұмыс күші ретінде пайдаланылған жас­тарды өз командасына алуға құлықсыз. 

– Біз тәжірибеден өткен жас­тардың арасында сауалнама өт­кіздік. Оған қатысушылардың дені жұмыс процесіне араласпағанын, мекемелердегі «шауып кел, барып кел» жұмыстарды істегенін айтады. Тағы бір бөлігі мүлдем бейтаныс салаға түскендерін көрсетті. Мы­салы, аспаздың оқуын бітірген тү­лекті архитектура бөліміне тә­жі­рибеден өтуге жіберген. Демек, бұл бағдарламаның жүзеге асуына жауапты адамдар өз жұмысына сал­ғырт қарап, Жол картасы бойынша жастарды мамандыққа сай бөлу ісін құтылу үшін ғана жүргізген, – дейді «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Аманжол Жазықбаев. 

Биылдан бастап «Жастар тәжі­рибесі» бағдарламасының мерзімі 6 айдан 12 айға дейін ұзарған. Соған сәйкес төленетін еңбекақы да 107 мың теңгеге өскен. Алайда қазір­гідей қымбатшылықта бұл айлық жастардың жыртығын жамауға да жетпесі анық. Өйткені елімізде орташа жалақы 340 636 теңгені құрайды. 

– Жастар қазір «Жастар прак­тикасы» бағдарламасына барғысы келмейді. Өйткені мемлекет тара­пынан бұл бағдарламаға аз орын берілген. Былтыр осы бағдарлама бойынша жастармен жұмыс істедік. Бірақ биыл қымбатшылыққа бай­ланысты жастарға бағдарламаның төлейтін айлығы тиімсіз. Сон­дықтан «Жастар практикасына» студенттерді тарту керек. Себебі диплом алған жас маман өзіне нақ­ты жұмыс іздейді. Мемлекет әлеу­меттік инстиут ретінде халықтың, оның ішінде жастардың өзекті мәселелерін шешуге көңіл бөлгені жөн. Сондықтан мемлекеттік бағ­дарламалардың көп болғаны дұрыс деп білемін. Әйтсе де, қоғам бір орында тұрмайды. Ұдайы өзгеріске ұшырайды. Демек, қосымша зерт­теулер, мониторингтер арқылы әлгі бағдарламалардың да тиімділігін бағамдап отыру керек, – дейді әлеуметтанушы Айдар Хамит. 

Оның пікірінше, «Жастар практикасының» мысалында бағ­дарлама әкімшісі тарапынан осы жобаға қатысып, кейін жұмыссыз қалған жастардың аудиториясына кешенді зерттеу жүргізуі қажет. Сол арқылы бағдарламаға өзгерістер мен толықтырулар енгізіп отыруға болады. Жыл сайын 27 мыңнан астам адам мемлекет жалақысын өтейтін жастар тәжірибесіне қа­тысады. Статистикаға сәйкес, осы мерзім ішінде жастардың 50 пайызы сол орынға тұрақты жұмысқа ор­наласса, қалған 50 пайызы жаңа жұмыс іздеуге мәжбүр болады. Се­бебі басшылық жастарды жұмысқа алмау үшін мекемеде бос жұмыс орнының жоғын сылтау етеді. Екін­шіден, «Жастар тәжірибесімен» келген жастарға айлықты жұмыспен қамту орталықтары төлейді. Демек, айлық төлеп, шығын шығармай, жас маманды тәжірибеге баулитын мекеменің есебі түгел. Тіпті, оның кейбірі 12 айдан кейін қайтадан «Жастар тәжірибесі» бағдарла­ма­сымен кадр тартуға құштар. 

– Биылдан бастап колледжге түскен талапкерлердің қолында жұмыс берушілерден жолдама бол­маса, мемлекет тапсырыс бермейтін болды. Егер осындай механизмді жоғары білім саласында да қол­дансақ, жұмыссыз жастар болмас еді. Біз жұмыссыздықтың санымен ғана күресеміз. Оның қайдан шық­қанына назар аудармаймыз. Мы­салы, «Жастар тәжірибесі» арқылы түлектерге уақытша жұмыс тауып берерміз. Бірақ сол жас тауып бер­ген мекемеде тұрақтап қалды ма? Ешкім зерттеп жатқан жоқ. Мем­лекет студентті 4 жыл оқытады, сосын тағы жұмыс ісегені үшін ақша төлейді. Сондықтан бұл жоба тиімсіз, – дейді дейді білім сарап­шысы Қадырбек Қозыбайұлы.

Ал экономист Мақсат Халық­тың айтуынша, 2000-жылдары туу көрсеткіші көбейді. Қазіргі жұ­мыс­сыз жастардың санының артуының негізгі факторы осында.

– Сол уақыттарда шамамен жыл сайын 300-400 мың бала дүниеге келген. Қазір еңбек нарығына жыл сайын осыншама жас қосылып жа­тыр. Ал Үкіметтің бағдарламала­рында бұл жағдай қарастырылмаған. Жол картасы, жұмыспен қамту бағдарламаларында осыншама жұмыс орнын ашатын мүмкіндік жоқ. Сондықтан жұмыссыз жас­тардың мәселесін шешу үшін үкімет факторларды ескеріп, бағдар­ламаларды қайта қарауы керек. Бұл мәселе шешімін таппаса, 2-3 жылда тағы миллион жас жұмыссыз жү­реді. Бұл мәселеге мемлекет тара­пынан жүйелі түрде көңіл бөлінуі керек, – дейді Мақсат Халық. 

Иә, таяқтың екі ұшы бар. Ен­деше жұмыссыз жастардың саны­ның артуына тек бір тарап кінәлі емес. Жұмыс істеуге құлықсыз жас та, жұмыспен қамтуға қауқарсыз бағдарламалар да мәселенің сал­дарына айналып отыр.

Көктем ҚАРҚЫН

Елдар ҚАБА (коллаж)