Салдарынан Қостанай, Солтүстік Қазақстан облысындағы елді мекендер іргедегі елден желге ере жеткен көк түтінге тұншығып жатыр. Қазақстанның өзінде жалын тілі даланы шала бастады. ТЖМ тіпті қалалардың да өрттен қорғалмағанын ескертіп, дабыл қағып отыр. Олқылықты түзету үшін талапты күшейту жұмыстары қолға алынды.
Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаевтың айтуынша, елімізде жыл сайын 1 мыңға жуық орман және дала өрті, сондай-ақ халыққа, мүлікке және табиғатқа қауіп төндіретін 4 мыңдай табиғи тұтану оқиғалары тіркеледі.
– Әсіресе, өткен жыл ауыр болды, өрт қаупінің күрт артуына қауіпсіздік талаптарын бұзу ықпал етті. Еліміздің тек орман қорында былтыр 801 өрт болып, 104 мың гектар орманнан айырылып қалдық. Экологияға зиянды қоспағанның өзінде тікелей материалдық залал 20 миллиард теңгеден асты. Мысалы, былтырғы қыркүйекте Қостанай облысындағы Басаман және Семиозерный орман шаруашылығының аумағында болған ірі өрт салдарынан бір адам қаза тапты, 91 үй жанып кетті. Тек сол өрттен келген шығын 18 млрд теңгеден асты, өрт шалған аумақ 39 мың гектардан асты немесе орман шаруашылығы аумағының үштен бірін құрады, – деді бірінші вице-министр.
Қорқыныштысы сол, биыл да бұл тұрғыда күрделі болатын түрі бар. Адам шығыны тіркеліп жатыр. 8 мамырда Іле-Алатау табиғи паркінің тау бөктеріндегі, Медеудегі өртті сөндіру кезінде №7 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Арслан Құрманбеков қаза тапты. Ел Президенті 15 мамырдағы Жарлығымен марқұм Арслан Құрманбековты ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградтады.
Жауапты органдар «тілсіз жаудан» қорғану үшін салада реформа жүргізіп жатыр. Мемлекет басшысы берген 11 тапсырмасының 5-еуі жүзеге асты. Атап айтқанда, бұл қатарда – төтенше жағдайларға дайындықты бағалауға қатысты міндеттер, нысандарды өртке қарсы қорғауды күшейту, зардап шеккен аудандардың тыныс-тіршілігін қалпына келтіру, залалды өтеу бар. Өрт сөндірушілердің жалақысы көбейген. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде орталық және жергілікті атқарушы органдардың төтенше жағдайларға дайындығының орташа көрсеткіші 71 пайызға жетті.
Келешекте қалған 6 тапсырманы іске асыру үшін Азаматтық қорғау саласындағы бірінші кезектегі іс-шаралардың кешенді жоспарының 2023-2027 жылдарға арналған жобасы әзірленді. Тапсырмалардың бірі – кадрларды кәсіби даярлауды жетілдіру: ол үшін Азаматтық қорғау академиясының жаңа кешенін салу жоспарланған. Осы мақсатта Көкшетау қаласының әкімдігі 8,7 гектар жер учаскесін бөлді.
Қорғаныста олқы тұстар жетерлік
Қазгидромет ауа қызуы +25ºС көтерілгенде өрт қаупі туындайтынын, ал Оңтүстік, Шығыс, Батыс Қазақстанда алда температураның +30ºС дейін жоғарлайтынын ескертті. Бұл ормандардың отқа орану қаупін едәуір арттырады.
«Жыл басынан бері 122 орман өрті тіркелді. Ол өрттің жалпы ауданы 19 мың гектардан асып жығылды. Дала алқаптарында да осындай жағдай қалыптасып жатыр. Мәселен, өткен жылы 111 дала өрті тіркеліп, өрт жүріп өткен алаң 55 мың гектарды құрады. Екі адам қаза тауып, үшеуі жарақат алды, шамамен 500 бас мал өртенді. Биыл екі дала өрті тіркелді: олардың ауданы – 780 гектар. Сондай-ақ 605 тұтану болған, олардың жалпы ауданы – 2 503 гектар. Өңірлердегі температуралық фонның ұлғаюы және екпінді, өкпек желдің ұйытқуы салдарынан өрттердің тез өршуі тұрғын үй секторындағы жағдайды да нашарлататынын айта кету керек», – деді Ибрагим Күлшімбаев.
Көктем маусымының аяқталмағанына қарамастан, құрғақ шөптің тұтануынан болған өрттің тұрғын және саяжай үйлеріне ауысуының 14 жағдайы тіркеліп үлгерді. Мысалы, таяуда Петропавл қаласында алдымен қамыс жанып, соңынан іргедегі ауыл отқа оранды.
ТЖМ вице-министрінің сендіруінше, бүгінде өңірлер профилактикалық іс-шараларды іске асыруға кірісті. Өртке қарсы қызмет мамандары шаруа қожалықтарын аралап жүр. Құрғақ шөптің ортасында отырған фермерлерге өрттен қалай қорғануды түсіндіріп, нұсқама-инструктаж өткізуде. Бұған қоса, ұлттық парктер мен табиғи қорықтарға тексеру жүргізіп, өрт сөндіру құралдарын түгендеу, алдын алу шараларын түсіндіру қолға алынған.
Алайда бұл сала жылдар бойы қалдық қағидатымен жете қаржыландырылмай, шаруашылығы шатқаяқтады. Мәселен, талап бойынша дала мен орман алқаптары арасында минералданған жолақтар болуы шарт. Олардың жоқтығы кесірінен қазірдің өзінде далада басталған өрттің өршелене ұмтылған бойы ормандарға көшуінің 127 оқиғасы тіркелді. Үкімет кезінде бұл жолақтарды жасау жүгін жергілікті әкімдіктерге аудара салды, ал олардың бұған қажетті ресурсы да, қаражаты да жоқ.
Ғарышта ел қаржысынан көп шығын шығарылған отандық төрт жерсерігі ұшып жүр. Дұрысы, құзырлы органдар солар арқылы көк сеңгірінен жерге көз салып, жаңа басталған өрт ошақтарын тез анықтап, ушықтыруға жеткізбей, «өңешіне су құйып» отыруға тиістей. Ғарыштық мониторингті қамтамасыз ету үшін барлық өңір «Қазақстан Ғарыш Сапары» компаниясымен енді ғана шарттар жасады. Ал «тілсіз жау» көршіден шабуыл жасамауы, өзара іс-қимыл мәселелерін пысықтау үшін Ресей және Қырғыз Республикасының төтенше жағдайлар министрліктерінің бөлімшелерімен шекара маңы аумақтарында 10 өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізу жоспарланыпты.
ТЖМ бірінші вице-министрі жағдайдың күрделі екенін жасырмады.
«Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, өңірлердің орман шаруашылығы мекемелері алдағы өртпен күрес кезеңіне толық дайын деп айта алмаймыз. Автоцистерналар, өрт стансалары, мұнаралар, сорғылар тапшы. Орман мекемелеріндегі техниканың 55%-ы тозғандықтан, олар табиғи өрттермен күреске жарамайды. Сорақысы сол, кейбір өңірлерде табиғатты қорғау және орман мекемелерінің жабдықталуы тіпті 50%-дан аспайды», – деді И.Күлшімбаев.
Әкімдер амалсыз, біраздан бері ауылдарда өртпен шайқасатын еріктілер топтарын жасақтауға күш салуда. Бүгінде 4 мыңнан астам еріктілердің өртке қарсы құрылымын құрды. Өткен жылы осы еріктілер дала өрттерінің 27%-ын өз бетінше ауыздықтады. Сондай-ақ әкімдіктер 591 өрт сөндіру бекетін құрды, олар екі миллионнан астам адам тұратын 2 мыңға жуық елді мекенді өрттен қорғайды.
– Болашақта бұл жұмысты жалғастыру қажет. ТЖМ оларды техникалық нығайту үшін жергілікті әкімдіктердің қарамағына 275 өрт сөндіру автоцистернасын табыстады. Қазір өрт сөндіру бекеттерінде 768 түрлі техника бар. Қиын жағдайды ескеріп, барлық мүдделі орталық және жергілікті атқарушы орган елдің орман және дала алқаптарындағы қауіп-қатерді еңсеруге дайын болуы қажет», – деді ТЖМ бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев.
Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменованың айтуынша, еліміздің мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы 30,9 млн гектар ғана. Оның небәрі 25,2 пайызы министрліктің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің қарауында. Қалған 73,7%-ы әкімдіктерге жүктелген. Әкімдіктерде үнемі бюджет тапшы. Сондықтан ормандарымыздың қорғансыз күйде екенін аңғаруға болады. Министр 2022 жылы республиканың мемлекеттік орман қорының аумағында 104,5 мың гектар алқап жанғанын мәлім етті. Орман өрттерінің 801 фактісінің 444-і немесе 55%-ы найзағайдан, 127 жағдай немесе 15%-ы дала өртінің ауысуынан болыпты. 208 жағдайда немесе 26%-да себептері анықталмады.
Қалаларға кім қалқан болады?
Қалаларды «тілсіз жаудан» қорғау ісі де ақсап жатыр. Төтенше жағдай саласының маманы Абай Мәліктің түсіндіруінше, 2011 жылдан бері мемлекеттік өртке қарсы қызмет, мысалы құрылыс саласындағы бақылаудың тиімді тетігінен айырылды. Яғни, салынып жатқан нысандардың өртке қарсы жай-күйін тексере алмады. Құрылыс компаниялары жобалау құжаттамасына олардың келісімін алмайды. Ал 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап салынған нысандарды қабылдап алуға да қатыспайды.
Құрылыс объектілерін бақылауды жоғалту салдарынан республиканың 64 объектісін, 10 көпқабатты тұрғын үйді жобалау кезінде немесе құрылыс барысында өрескел бұзушылықтарға жол берілген. Бұл әшкереленгені ғана.
Өрт қауіпсіздігі саласында жүргізілген тексерулердің қорытындысында тек бір жылда 128 269 бұзушылық анықталды, 30 453 ұйғарым енгізілді. Соның ішінде орта бизнес субъектілерінен 23 746 жөнсіздік табылды, оның ішінде 9 303 (40%) сол бойы жойылмады. Ірі бизнесте 26 915 бұзушылық әшкереленді, оның 10 618 (40%) жойылмады.
Кәсіпорын басшыларының өрт қауіпсіздігіне, өрт автоматикасы жүйелеріне қатысты талаптарды сақтамауы өрттердің үлкен аумаққа таралуына, қаза тапқандар санының артуына және елеулі материалдық залалға әкеп соғады. ТЖМ дерегінше, бес жылда өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу салдарынан 1 914 адам қаза тауыпты. 2022 жылдың 10 айында бақылаудағы объектілерде 936 өрт болды, 30 адам қаза тапты, жалпы материалдық шығын 2,4 млрд теңгеден асты.
Мемлекет басшысының 2020 жылғы Жолдауындағы «таза парақтан» реттеуді енгізу тапсырмасы аясында Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген заң қабылданды. Оған сәйкес, өрт қауіпсіздігі саласы 2023 жылы профилактикалық бақылауға ауыстырылды. Бақылау тексеру емес: оның нәтижесінде ешқандай әкімшілік іс қозғалмайды.
Қорыта айтқанда, ТЖМ елімізде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларының кешенін келесі алты бағытта жүргізеді. Біріншіден, құрылыс объектілерін жобалау және салу кезеңдерінде қайтадан бақылауға алады. Екіншіден, өрт дабылы және өртті сөндіру жүйелерін монтаждауды жүзеге асыратын ұйымдарға қойылатын біліктілік талаптарын күшейтуге ниетті. Үшіншіден, пайдалануға берілген объектілерді тексеру кезінде жедел ден қою, қадағалау шараларын қолданады. Төртіншіден, елімізде шаруашылық жүргізу объектілерінде «есептелген сақтандыру» енгізіледі. Бесіншіден, өрт сөндіруші еріктілер қозғалысын дамытады. Сонымен бірге заң бұзушыларға айыппұл сомасы ұлғайтылады.
Өйткені елді тілді-тілсіз болсын, кез келген жаудан қорғау – стратегиялық маңызды іс.
Айхан ШӘРІП