Дегенмен қоғам өкілдері, соның ішінде «сауысқандай сақ» болуға тиіс сарапшылар қауымдастығы Қазақстанға кірген жат діни ағымдардың барлығын бірдей назарда ұстамайтын кездері бар. Мәселен, кез келген маман ДАИШ немесе «Хизб-ут-тахрир» сияқты ағымдардың пиғылын, мақсатын азды-көпті біледі. Бастауын Сауд Арабиясынан алатын салафизмді немесе бұқара «зікіршілер» деп атайтын жалған сопылық секта жайлы мәліметтерден де сарапшылар, тіпті қарапайым азаматтар біршама хабардар. Сөйте тұра, елімізде аздап болса да тарай бастаған исламның шийттік ағымы сарапшылардың да, бұқараның да назарынан тыс қалды. Шийттік ағым еліміздің ежелден бергі көршісі һәм тәуелсіз Қазақстанның серіктесі Иран Ислам Республикасының мемлекеттік діні екені белгілі. Ал бұл діни ағым Қазақстан мұсылмандары үшін дәстүрлі бағыт емес еді. Алайда қазір бұл ағымды насихаттаушылар көп жылдан бергі кәсіби дипломатияның арқасында «көлеңкеде» қалып келеді.
Жалпы, соңғы жылдары Иранның біздің ел мен тұтас аймақтағы рөлі біршама арта түсті. Оған белгілі мөлшерде Иранның біздің Еуразиядағы негізгі серіктестеріміз Ресей және Қытаймен тығыз қарым-қатынас орнатуы да әсер еткені сөзсіз. Алдағы жылдарда елімізде және тұтас Орталық Азия аймағында Иранның рөлі біршама арта түсуі мүмкін. Оған қазірдің өзінде алғышарттар қалыптасты.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі 30 жылдан астам уақыт бойы Иран Орталық Азиядағы барлық мемлекетпен тығыз байланыс орнатты. Әрі сырт көзге осынау қарым-қатынастардан ешқандай мәселе туындамағандай көрінетіні рас. Алайда біз «Ислам төңкерісі» нәтижесінде дүниеге келген және діни бағыттағы билікті қалыптастырған сәттен бастап-ақ агрессиялы идеология экспорттауды өзінің сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі ретінде белгілеген теократиялық шийттік мемлекетпен қарым-қатынас орнатқанымызды естен шығармауымыз керек. Иранның Сирия мен Йемендегі азаматтық соғысқа белсенді түрде араласып, түрлі күштерге қолдау білдіруі – біздің осы сөзімізге нақты дәлел. Одан бөлек, Иран агенттерінің аймақта тыңшылық жасауы бірнеше рет тіркелген. Жуырда Әзербайжанда Иранның 9 тыңшысы ұсталды. Қазақстанда да мұндай оқиғалар болды. ҰҚК-ның отставкадағы генералы Сейітжан Қойбақов AIQYN газетіне берген сұхбатында «Маңғыстаудағы жағдай басқаша. Мұнда теңіз жағалауына қатысты түрлі мәселелер болды. Ол кезде Каспийдің мәртебесін анықтау мәселесі шешілмеген-ді. Оның үстіне, сол жылдары өңірге қандастар көптеп көшіп келіп жатты. Олардың арасында қандас атын жамылған шетел тыңшылары да болды. Тыңшыларды анықтау жұмыстарын ұйымдастырып, Иран тыңшыларын ұстадық. Қазақстанмен Каспий арқылы шектесетін Иран Ислам Республикасы әлі күнге атом қаруына қол жеткізе алмай жүр. Ал Маңғыстауда атом энергиясы комбинаты бар. Атом қаруын иемдену үшін ирандықтар қандастарымызды да пайдаланғысы келді. Әрине, өңірлерде осы секілді көптеген операцияны жүзеге асырып жаттық. Бірақ оларға қатысты көп мәліметті ашық айтуға болмайды» деп 2000 жылдардың басындағы жағдайды сипаттаған болатын. Сондықтан іргелес мемлекеттермен әріптестік, серіктестік қатынастар адамдардың бір-бірімен көрші болуынан әлдеқайда күрделі екенін есте ұстау керек. Уинстон Черчилльдің We have no lasting friends, no lasting enemies, only lasting interests – «Біздің мәңгілік дұшпанымыз да, досымыз да жоқ, тек мүддеміз ғана бар» дегені есте болса керек-ті. Себебі әр мемлекеттің өз мүддесі ғана бар.
Әрине, біз «қауіп еткеннен айтамыз», әйтпесе көршімен қарым-қатынастың жақсы болғаны дұрыс. Дегенмен ресми Тегеран идеологияны экспорттау мәселесіне келгенде Таяу Шығыс пен Орталық Азияны бөліп-жарып қарамайтынын есте ұстау керек. Иранның идеологиялық экспортының белгілері Қазақстанда да байқалып қалады. Атап айтқанда, соңғы жылдары құқық қорғаушылар Қазақстанда шийттік ағым уағызшылары қызметінің біршама жандана түскенін байқаған. Олар Астана мен Алматыда әжептәуір белсенді әрекет етуге көшті. Олар Қазақстан заңнамаларын бұза отырып, ресми тіркеусіз, рұқсатсыз әрекет етіп жүргенін де атап өту керек. Сөйтіп, «он екі имамның» жолын қуушылар ұсталып қалудан қорықпай, бастарын қатерге тіге бастаған. Біздің пайымдауымызша, мұндай тәуекелге бару үшін уағызшылардың «сүйенген иелері» бар деген сөз.
Осы тұста 2012 жылы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» атышулы заң қабылданған соң Қазақстанда шийзм ресми түрде еліміздегі конфессиялардың бірі ретінде тіркелмеді. Өйткені діни бірлестіктер жұмысын қадағалау міндеті жүктелген ресми орган Дін істері жөніндегі агенттікке «төменнен» ешқандай өтініш келіп түспеген.
Сонымен қатар Алматыда біршама жыл бойы «Иран-наме» дейтін журнал шығып тұрды. Бас редакторы Сафар Абдулло еді. Басылым ғылыми сипатта сияқты көрінгенімен, әр нөмірінде 2-3 мақала ашықтан-ашық шийттік бағытты насихаттайтын. Шамасы, басылым қазақстандық академиялық және сарапшылар қауымдастығының тамырын басып көруді мақсат тұтқан сияқты. Өйткені мамандардың пікірі болашақта маңызды рөлге ие болды әбден мүмкін.
Одан бөлек, 2000 жылдардың ортасына дейін Қ.Ясауи атындағы халықаралық Қазақ-түрік университетінде шийзм бағыттарының бірі саналатын түркиялық алевиттер қауымымен байланысы бар жоғары лауазымды тұлғалар жұмыс істеді. Олар аталған жоғары оқу орнында Қожа Ахмет Ясауидің өзін шийзм ұстазы ретінде таныстыруды көздеген стратегиялық мақсаты бар мұсылман «экуманизмін» тықпалауға тырысты. Бұл дегеніңіз күндердің күнінде шийзмді қазақ халқының «ұлттық діні» ретінде көрсетуге іргетас қалаудың алғышарты болатын. Абырой болғанда олар мақсатына жете алған жоқ.
Жалпы, осы тұста Орталық Азия елдеріндегі жағдайды да сипаттап өтудің артықтығы жоқ. Әсіресе, Тәжікстанды айрықша атап өту керек. «Иран ізі» өз уағында тыйым салынған «Тәжікстанның исламдық қайта өрлеу партиясының» іс-әрекеттерінен нақты көрінетін. Партия жұмысына ресми түрде тыйым салынғаннан кейін оның жетекшісі Мухиддин Кабрирдің сунниттік бағытты ұстанатын елдерді емес, Тегеранды паналауы да тегін емес.
Негізі, «исламдық қайта өрлеу» дейтін ұғымның өзі иран режимінің саяси лексиконына барып тірелетіні бұл тақырыпқа терең бойлаған мамандарға жақсы таныс. Дәл осындай мазмұн арқылы Иран мен оның жақтастары түрлі елдерде бірнеше мәрте квазиғылыми іс-шаралар ұйымдастырды. Мұндай іс-шаралар Қырғыз Республикасында да өткен еді. Сөйтіп, олар бірте-бірте мақсатты түрде өздерінің саяси ұстанымын алға жылжытуға тырысты.
Негізі, Орталық Азия тарихында ирандық-шийттік экспансиямен бетпе-бет келу алғаш рет болып тұрған жоқ. Өңірдегі діни ұстаным текетіресінің тарихы ғасырларға кетеді. Қазақстандық шығыстанушы, тарихшы Әшірбек Мүмінов атап өткендей, ХVI ғасырдың басында Парсы елінде шийт-сефевилер әулетінің билікке келуі ұзақ жылдар бойы мұсылман мәдениетінің, ғылымы мен діни ойшылдығының маңызды орталықтарының бірі саналған Орталық Азия аймағының тоқырауға ұшырауының негізгі себептерінің бірі саналады.
Географиялық тұрғыда сунниттік әлемнен, әсіресе этникалық және мәдени туыстығы бар Осман империясынан бөлініп қалған Орталық Азия аймағы, тарихи Түркістан өңірі бірте-бірте стагнацияға ұрынып, мұсылмандық Шығыстың дамыған орталығынан периферияға айналды. Соның салдарынан XIX ғасырда аймақ отарлаушылардың иелігіне өтті.
Біз әлбетте ешкімді ренжіткіміз келмейді, бірақ ақиқатты айту – міндетіміз. Ғасырлар бойы Түркістан аймағының халқы парсы «қызылбастарымен», «он екі имамның» құрметі үшін сәлделеріне қызыл таспа байлаған шийт сарбаздарымен күрес жүргізді. Қызылбастармен күреске атақты Мұхаммед Шайбани тұтас өмірін арнады. Ол сунниттік Орталық Азияны шийттік идеологиядан қорғауға барын салған еді. Өкінішке қарай, біздің танымы таяз кинематографтар кеңестік тарихнаманың ізімен оны қазақтың ата жауы ретінде танытты. Іс жүзінде Мұхаммед Шайбани қазақтың Қасым ханының туған бөлесі болатын. Шайбани әулеті мен Қазақ хандығының арасындағы текетірес – өңірдегі саяси күштердің ықпал ету аймағына таласқан сәтінің бір бөлігі. Яғни, сол жылдары Моғолстан, Қазақ хандығы, Сібір хандығы, Астрахан хандығы, Ноғай ұлысы, Әмір Темір әулеті арасындағы саяси күрестің бір тармағы еді. Бұл текетірестерде діни-идеологиялық астар аз еді. Текетіреске қатысқан қайраткерлердің барлығы сунниттер болатын. Ал Мұхаммед Шайбанидің Шах Исмаилмен қақтығысы саяси ғана емес, діни-идеологиялық мазмұны бар оқиғалар. Сефевидтердің сарбаздарын өңір халқы «қызылбастар» десе, Мұхаммед Шайбани оларға қарсы сунниттік ағымның белгісі ретінде жасыл сәлде киіп шыққаны айтылады. Қарсыластары оны «жасылбас» деп те атағаны жайлы дерек бар. Сефевидтердің Орталық Азиядан ығысуына көшпелі өзбектер мемлекетінің ханы Әбілқайырдың Рабиға Сұлтан Бегімнен туған баласы Көшкінші хан біршама еңбек сіңірген. Тіпті қазақ ханы Қасым мен Шайбани әулетінің бірігіп, Шах Исмаилге қарсы соғысқаны жайлы да мәлімет бар. Бұл соғыс шамамен 1513-14 жылдары болған деседі. Авторы белгісіз «Алам ара-йи Сефеви» атты еңбекте қазақ қолын Қасымның баласы Әбілқайыр хан басқарғаны, қазақ-шайбан жауынгерлерінің саны 160 мың болғаны айтылады. Кейін Шах Тахмасппен де Орталық Азия билеушілерінің тізе қоса ұрысқаны жайлы мәліметтер бар. «Қызылбастар» сунниттерге геноцид жасағаны, «суннитті көрсең өлтір» дейтін сөз болғаны туралы да дерек бар. Оны түркімен зерттеушісі О.Атаев жазады. Журналист Біләл Қуаныш «Қазақ хандығы мен Қызылбас (Сефевид) мемлекетінің қарым-қатынасы» дейтін мақаласында шығыстанушы Н.Миклухо-Маклайдың пікірін келтіреді. Ресейлік шығыстанушы шийт фанатиктері Орталық Азия халықтарымен соғысты «дін жолындағы соғыс» деп атағанын алға тартқан. Яғни, аймақта шийзмнің ықпалын арттыруға талас ғасырлар бойы жалғасып келе жатыр деуіміздің мәні осында.
Бұл жағдай қазақ ауыз әдебиетінде де көрініс тапқан. «Қобыланды батыр» және «Қырымның қырық батыры» жырларында «қызылбастармен» күрес ашық сипатталады. Мәселен, Қобыланды батыр жырында Қараман батыр «Атадан ер болып туғасын, ноғайлының жеріне қызылбастарды қондырып қоюымыз сүйекке таңба емес пе?» дейтіні бар. Түркі халықтарының көбіне таныс Көрұғлы жырында да «қызылбастармен» соғыс туралы айтылады. Яғни, шийттік идеологияға қарсы тұру фольклорға да енгенге ұқсайды.
Ал Абай Құнанбайұлы «қызылбас» ұғымының діни-идеологиялық сипатын атап өткен.
Танымассың, көрмессің,
Қаптаған соң көзді шел.
Имамсыздық намазда –
Қызылбастың салған жол.
Көп шуылдақ не табар,
Билемесе бір кемел, – деп атап өтеді.
Әрине, Абай осынау өлеңінде елдегі береке-бірлік, кемел басшыға бағыну мәселесін айтқанымен, шийт-қызылбастардың идеологиялық ықпалы болғанын тұспалдайды. Бәлкім шийт-қызылбастарға ақынның іші жылымаған да шығар. Тіпті, шийзмнің идеологиялық ықпалынан гөрі, «қызылбастар» арқылы Орталық Азияға енген «дәстүрлерді» сипаттауы да мүмкін. Дегенмен ақынның дәл осы өлеңінен ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басына дейін қазақ қоғамында «қызылбастардың» идеологиясына қатысты тарихи жадтың жойыла қоймағанын байқаймыз. Ал қазір бұл идеология қайта жаңғырып жатыр.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келер болсақ, Қазақстан – зайырлы, демократиялық мемлекет. «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның преамбуласында «Осы заң Қазақстан Республикасының өзін демократиялық, зайырлы мемлекет ретiнде орнықтыратынын, әркiмнiң ар-ождан бостандығы құқығын растайтынын, әркiмнiң дiни нанымына қарамастан тең құқылы болуына кепілдік беретінін, ханафи бағытындағы исламның және православиелік христиандықтың халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлін танитынын, Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтінін, конфессияаралық келісімнің, діни тағаттылықтың және азаматтардың діни нанымдарын құрметтеудің маңыздылығын танитынын негізге алады» деп жазылған. Яғни, Қазақстан билігі исламның сунниттік бағытының ханафи мазхабы мен христиандықтың праволсавиелік бағытына ерекше мән берген. Өйткені діннің қоғамда мәдениет пен өркениет қалыптастыратын рөлі бар екенін ешкім жоққа шығара алмайды. исламның сунниттік бағытының ханафи мазхабы ұлтымыздың танымы мен түсінігін, салт-санасын қалыптастыруға қызмет етті. Енді келіп қоғамның рухани тұтастығын ыдыратуға бағытталған идеологиялар қатарына шийттік ағым да қосылып келеді. Бұған бей-жай қарауға болмайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та рухани тәрбиені назардан тыс қалдыру ұлттық болмысқа қауіп төндіретінін айтқан еді.
«Халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі исламды дәріптеу аса маңызды. Оның ғылыми-теориялық негізін дамыту қажет. Өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесін назардан тыс қалдыруға болмайды. Шын мәнінде, бұл – өте маңызды мәселе. Оны бетімен жіберсек, ұлттық салт-санамыздан айырылып қалуымыз мүмкін» деген еді Президент. Демек, қоғам өкілдерінің ұлт танымына кереғар діни ағымдардан, идеологиялардан аулақ болғаны дұрыс. Әрине, Конституциямызда наным-сенім бостандығына кепілдік бар. Бірақ бүгінде діндердің түрлі идеология, «жұмсақ күш», ықпал ету тетігіне айналғанын естен шығармау қажет.
Қазақ халқы Алтын орда билеушілері Берке мен Өзбек хандар тұсында дін мәселесінде тарихи таңдауын жасап қойған. Ұлтымыз мұсылман үмметінің басым көпшілігін құрайтын сунниттік ағымды құп көрді. Соның ішінде ханафи мазхабын қабылдады. Осылайша, көнеден келе жатқан таным-түсінігіміз ислам арқылы байып, салт-санамыз мұсылмандық жоралғылармен, әдет-ғұрыппен біте қайнасып кетті. Қазақ үшін исламның сунниттік бағытының мәні бөлек. Өйткені ол ұлт болмысына айналып кеткен. Бірақ осынау болмысқа, рухани тұтастыққа шабуыл күшейіп келеді. Сондай шабуыл желі оңтүстік батыстан, қарт Каспийдің түстік жағалауынан, ежелгі парсы жерінен есіп тұрғаны байқалады. Өңірде өзіндік салмағы бар, қуатты аймақтық державаның геосаяси белсенділігі қазақ даласына енетін діни идеологиялық бағытқа мұқият болуды қажет етіп тұр. Мемлекет те бұл бағытта «бөрік астын паналауы мүмкін бөріні» танып, тиісті шаралар қабылдайтын шығар деп үміттенеміз.
Ардақ СҰЛТАН