Шәкәрімнің әкесі Құдайберді – Құнанбай қажының Күнке деген бәйбішесінен туған, яғни Абайдың туған ағасы. Алты жасында әкесі Құдайберді дүниеден өткен соң Шәкәрім атасы Құнанбайдың, кейіннен Абай ағасының тәрбиесінде ержетті. Абай Шәкәрімге жетімдік көрсетпей, талантты ақын, парасатты ой иесі ретінде қалыптасуына ықпал етті. Кейіннен Шәкәрім: «Әкеміздің бір шешеден туған Ибраһим мырза есімді ағамызды қазақ ішінде Абай деп атайды, сол кісі мұсылманша, һәм орысша ғылымға жүйрік, һәм Алланың берген ақылы да бұл қазақтан бөлек дана кісі еді, ержеткен соң сол кісіден тағылым алып, әртүрлі кітаптарын оқып, насихатын тыңдап, аз ғана ғылымның сәулесін сездім», – деп өзінің азаматтық көзқарасының қалыптасуындағы Абай рөлін айрықша тілге тиек етеді.
Шәкәрім атамыз араб, парсы, түрік, орыс тілдерін өте жетік білген. Абай Шәкәрімді Шығыс поэзиясының жауһарларымен таныстырды.
Жиырма жасқа толар-толмастан Шәкәрім ел басқару жұмыстарына араласты. Атасы Құнанбайдың ықпалымен болыс болып сайланады. Болыстық қызметтің талабына сай Шәкәрім отбасын құруға міндетті болады. Сөйтіп, ол Мәуленмен үйленіп, шаңырақ көтереді. 1878 жылдың сәуірінде олардың тұңғыш ұлдары Ғафур дүниеге келеді. Болыстық қызметте Шәкәрімнің ден қойған ауқымды шаруасы өзімшіл, құлқынның қамын ойлайтын екіжүзді бай-болыстарға ұнай қоймайды.
Бұдан соң Абайдың нұсқауымен Шәкәрім Құдайбердіұлы дамылсыз ізденісте болып, жер көріп, ел аралады. Ол 1903 жылы қазақ даласындағы сол кездегі бірден-бір ғылыми-зерттеу орны болған Императорлық географиялық орыс қоғамының батыс Сібір бөлімінің Семей бөлімшесіне мүше болып қабылданды. 1911 жылы Орынбор қаласында жарық көрген «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» атты тарихи еңбегінен автор қазақ тарихын алғаш рет жазған қазақ ұлтының алғашқы өкілі ретінде мойындалды.
1904 жылы Абай Құнанбайұлы өмірден өтер алдында бауыры Шәкәрімге: «сен ел ісіне кіріспе, тек біліммен шұғылдан» деп және Меккеге баруын тапсырады. Осылайша, Абай інісі Шәкәрімге үлкен үміт артып, өзі бір кезде көксеген арманын Шәкәрім арқылы жүзеге асырмаққа ниет қылады. «Адам қырық жасына дейін білім жинап, қырық жасында кәміл толады, ақыл-ойы, жігер-қайраты жетіледі. Енді үш жылда сен қырыққа толасың, шығыс тіліне жетік болдың. Афин-Грек білімі Ыстамбұлда жиналған, содан табылады. Араб білімі Меккеде, бірақ меніңше, Меккеден гөрі Мединадан көбірек табылуы керек және Мысырдағы Александр атындағы кітапханаға барасың. Осы төрт жерге барып, тарихи орындарды аралап, керек кітаптарыңды алып, біліміңді толықтырып қайтасың. Сатып алатын кітаптарыңа, жол қаражатыңа жіберерлік пұлды өзім беремін. Осыған келіссең қолыңды әкел!», – деп Абай шәкіртіне қол ұсынған. Енді Шәкәрім атамыздың өз естелігіне назар аударайық: «Сол сапарда, неше ұлттың ғалымдарымен сейлесіп, пікір алысып, керек кітаптарымды алдым. Ол кітаптарды посылка етіп Семейдегі Әниярдың атына жіберіп отырдым. Ыстамбұлда тарих қорларын сақтайтын орындарда (архивтерде) болып, ары бара жатқанда 13 күн тарих ақтардым. Ертедегі Шығыс ақын-жазушы ойшылдарының еңбектерін түгелдей алдым. Гомерден бастап, Грек халқының ойшыл-философтарының шығармаларын, Батыс философтарының шығармаларын, ертедегі Түрік ғалымдарының жазған шығармаларын, әр елдің лұғаттарын, Америка жазушыларының шығармаларын алдым. Демек, менің бұл сапарым көкірек көзімді ашып, аңсаған арманыма қолым жеткен сапарым болды.
Бұл да Абайдың маған ақыл берген кеңесінің жемісі. Ыстамбұлдан Меккеге бардым, оның тарихи орындарында болып көп кажеттерімді таптым. Мединаға бардым. Одан араб халқының ескі замандағы Мұхаммед пайғамбардан 200 жылдай бұрын болған Абу суфиян сияқты ғалымдардың шығармаларымен танысып, кітаптарын алдым», – деп жазады.
Шәкәрім Құдайбердіұлының «Шын ұлтшылдық, шынайы мәдениет қайдан туады?» деген мақаласы 1918 жылы жарық көреді. Сондай-ақ «Абай» журналының №3 санында Ш.Құдайбердіұлының «Ұлтшылдық туралы» деген көлемі жарты-ақ беттік мақаласы жарық көреді.
«Абай» журналының екінші нөмірінде жарияланған ардақты Мәнен бауырымыздың «ұлтшылдық» деген мақаласына бірауыз сөз айтқымыз келеді. Менің ұғуымша, ол кісі «ұлтшылдықтан мәдениет, мәдениеттен адамшылдық туады. Бұған дәлел керек қой?! Көріп отырмыз, ұлтшылдық пен мәдениеттің ең жоғарғы басқышындағы Европа, олар адамшылдық қылып отыр ма? Менің ойымша әлі күнге шейін, асса ұлт, калса өзімшілдіктен аса алған жоқ. Себеп не? Ұлтшылдық мәдениетті туғызса да, ақ жүрек тілекті туғыза алмайды; ақ жүрек дегеніміз «ұждан» (әммә жанға махббат, шапағат, ғаділет), қазақша тәмәм адам баласын бауырындай көріп, жаны ашып, әділет қуу. Осы айтылғандай, ақ жүрек көбеймей тұрып, адамшылық жеңе алмайды. Ұлтының кемшілігін толтыру, артықты өзгелерге зиянсыз жолмен табу – ақ жүрек (ұждан) ісі. Оны істеп отырған кім бар?» – деп жауап қайтарады. Арада қаншама жылдар өтіп заман өзгергенде қазірдің өзінде мың сан қоғамдық проблемалардың бәрін шешудің жалғыз жолы осы екеніне кім сенбейді? Шәкәрім атамыздың ойын дәрменсіз шалдың бос қиялы деп санайтын болсақ, әбден шатасқан, күн санап асқынып бара жатқан мәселелердің ішінде тұншығып қалмасымызға кім кепіл? Әлем мойындаған данышпан Л.Толстой бүтін қиянат атаулыны жоюдың жалғыз-ақ жолы ақ жүрекке, бауырмалдылыққа жету деп түсінген.
Асыл ойды Шәкәрім Құдайбердіұлы да айтады:
Тәңір жол – ақ жүрек,
Сайтан деген – қиянат.
Ақ жүректі ертерек
Ескер-дағы қыл әдет.
Бұл екі Ұлы рухты туысқан еткен де осы иман болған шығар. Тарихтан белгілісі сол, Л.Толстой мен Шәкәрім Құдайбердіұлы бір-бірімен хат жазысып отырған. Ол орыстың ұлы жазушысы Лев Толстойдың еңбектерін аса жоғары бағалап, оны тіпті дүмше молдалардан көп жоғары қояды. Шәкәрім Құдайбердіұлының аса тақуа жан болғандығына оның барлық еңбектері дәлел бола алады. Ақын шығармаларында дін бұзар дүмшелерді сынай отырып, дін арқылы, рухты тәрбиелеуге, имандылық пен адамгершілікке шакырады. Ұстаз ағасы Абай секілді «жүрек» мәселесі мен «кемелдікке жету» жолын насихаттайтын философиялық өлең-жырларын, қара сездерін жазады. Ахмет Ясауи «Хәл ілімін» жазса, Шәкәрім қажы «Ар ілімін» жазып, ұрпаққа өнегелі мұра сыйлады. Заманалармен замандас таланттар Ясауи, Абай, Шәкәрім шығармаларының идеялық мазмұнында да күрделі сабақтастық байқалады: дәуір шындығын әлеумет мұңын жыр етіп, рухани құндылықтарды, адамгершілік мұраттарды бағдар тұтқан, ақиқат аңсарын іздеп, бүкіл адамзаттық биіктіктен ой толғаған сыршыл да сыншыл шығармашылық иелері сомдаған лирикалық кейіпкерлердің табиғаттық ұқсастықтары мол.
Ал 1916 жылғы патшаның әйгілі жарлығы шыққан соң Шәкәрім Алаш қайраткерлерімен бірлесіп, халық арасындағы толқуды басу үшін үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Негізі Шәкәрім Құдайбердіұлы Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановпен Ұлт азаттық көтеріліске дейін байланысқан.
1906 жылы І Мемлекеттік думаның сайлауына қазақтардан ұсынылған депутаттың ішінде Ә.Бөкейхановпен бірге Шығыс уәләиатынан «Еркін дала» партиясының мүшесі ретінде Ш.Құдайбердіұлы болды. І мемлекеттік думаның Семей қаласында маусымның басында өткен сайлауы сөйлеген сөзінде Шәкәрім Құдайбердіұлы «бұл орынға лайықты Әлихан ғана» деп көпшіліктің Бөкейхановқа дауыс беруін сұранады. Осылайша, қазақ даласынан І мемлекеттік Думаға Семей облысы қазақтарының атынан депутат болып Ә. Бөкейханов сайланады. Ал 1908 ж. қаңтардан бастап Бөкейханов түрмеге қамалғанда Шәкәрім Құдайбердіұлы шағын топпен Алаш көсемін іздеп, Орынборға барады.
Патша үкіметі құлап, Кеңес одағы құрыла бастағанда Шәкәрім енді ел тыныш өмір сүретін болды деп үміттенді. Тіпті, сол кездегі саяси оқиғаларды «Бостандық таңы», «Бостандық туы жарқырап» атты өлеңдерінде суреттейді. Бірақ Кеңес үкіметі де қазақ басындағы қайғыны жеңілдетудің орнына әуре-сарсаңға салып қояды. Елді жаппай ұжымдастыру басталған тұста Ш.Құдайбердіұлы жалғыз өмір сүруді дұрыс деп шешіп, «Қарабұлақ» қыстауынан үй салдырады. Бұл қыстауға ұлдарынан бөлек санаулы адамдар ғана барып, амандасып тұрады. Шәкәрім өзінің «Саят қора» аталатын жырақтағы мекеніне кетсе де, дұшпандары оған тыныштық бермеді. Молдалар «дін бұзар» деп айып тағады. Бай-жуандар «алжыды» деген лақап таратты. Оны ауылдың белсендісі, ескішіл деп өсектеді.
Ш. Құдайбердіұлының көптеген еңбегі осы «Саят қорада» жазылып, өзі «Дала ғұламасы» атанады. Айдалада жалғыз күн кешсе де, үкіметтің қудалауынан бір сәт құтыла алмайды. Үкімет жүн салығын өткізбегені үшін 1930 жылдың ақпанында тұңғыш ұлы Ғафурды, сәл кейінірек екінші ұлы Баязидті де түрмеге қамап, малдарын тәркілейді. Осылайша, бір-бірлеп бүтін әулеттен жалпы саны 33 адам қуғын-сүргіннің құрбанына айналды. 2 ұлы түрмеде жауыздықпен өлтірілсе, олардан кейінгі ұлы Қабыш түрмеден қайтар жолда көз жұмды. Тағы бір ұлы Шәміл қалада оқып жатқан қарындастары Қалима мен Ғалияны іздеп жүріп өз отбасынан айырылып, соңында қайғы мен аштықтан қайтыс болады. Елді 1931 жылы атышулы аштық жайлап, ел қатты күйзеліске ұшырайды. Елден жырақтағы ағайын туыстарын паналағысы келгендерге «Бандит» деген жала жабылып, милиция оларды табанда атып тастап немесе түрмеге қамады. Тоз-тозы шығып тарыққан ел тағы да Шәкәрім қажыдан көмек сұрап келеді. Осы тұста Шыңғыстауға Қазақстан Үкіметін басқарып тұрған Елтай Ерназаров келіпті. Шәкәрім қажы ел өтінішімен барып, Ерназаровпен жолығады. Сол тұстағы Үкімет басшысымен ұзақ сұхбаттасып шыққасын Шәкәрім Құдайберді атамыз ел-жұртты жинап, малынан айырылған қазақтың өлуден басқа амалы қалмағанын, Ерназаровтың халқының болашағын ойлайтын адам емес екенін жеткізеді.
Бұл сөз дереу партияның шолақ белсенділерінің құлағына жетіп, Шәкәрім Құдайбердіұлы да «Халық жауына» айналады. 1931 жылдың маусымында Шыңғыстау ауданына ОГПУ-дің бастығы болып Абзал Қарасартов келеді. Үкіметке шын берілген чекист бірден Шәкәрімді ұнатпайды. Басты себеп, Шәкәрім қажының ел сыйлар абыройы мен ақындығы болатын. Қарасартовтың ойынша НКДВ өкілі ең сыйлы, барлық ел-жұрт атын естісе қорқатын болуы керек. Сондай-ақ ол өзін шимай-шатпақ өлең жазатындардың қатарына жатқызған. Демек, бұл тұрғыдан әрбір айтқан сөзі ел аузында жүретін Шәкәрімді басты жауы етуі заңдылық.
Шәкәрім қажы дұшпан қолынан мерт болмас бұрын, өзінің көптеген қолжазбасын аманат етіп ұлы Зиятты Қытай өткізіп жібереді. Бұл кезең Шәкәрім Құдайбердіұлының өз басына да ОГПУ-дің қара бұлты үйіріліп жатқан кезі болатын.
Шыңғыстаулық толқыған жұрттың басшы азаматтары ақылдасуға Шәкәрім қажыға келіп қарауылды басып алып, ондағы Кеңес үкіметін құлататындықтарын айтады. Қажы оларға бұл үкіметтің әзірге тамыры тереңге тартқан үкімет екенін, қарауыл құлағанмен кеңес үкіметі құламаған соң, соңдарынан ерген халықтың қырғын табатынын айтып райларынан қайтулары керектігін бұйырады. Топ ішіндегі толқыған көптің бірі өз ұлы Зият та болатын.
Бұл оқиға қалай болса да ОГПУ-дің құлағына жетіп, теріс ниеттілерді тұтқындау басталады. Шыңғыстау басшылары көтерілістің басты ұйымдастырушысы Шәкәрім қажы екен деп дабылдатады. Бұл хабар «Саят қорасында» саяқ жатқан Шәкәрімге де жетеді. Осы кезде ОГПУ қолына түссе, қиындыққа тап боларын білген атамыз амалсыз бой тасалап, көп адам бой жасыруға Қытайға қашуға мәжбүр болады. ОГПУ тобы халыққа да, ресми орындарға да көтерілісті «Шәкәрім көтерілісі» деп атап жатады. Осылайша, Шәкәрім атамыз «Шыңғыстаудың бір шалы Қытайға қашып кетіп қаңғып өлді дегізбеймін» деп Қытайға кетуге мәжбүр болғандардың тобына, оларға еруден бас тартқанымен, шекарадан аман-есен қалай өтуге болатынын сызып, жазып береді. Ұлы Зиятпен, басқа туыстарымен де қоштасып, өзі ауданның ОГПУ-не, басқа да басшылығына кездесуге беттейді. Сол күні таңертеңгілік яғни 1931 жылдың 2 қазанында А.Қарасартовтың қасындағы қаныпезер башқұрт Сабыр Хамитовтың оң жамбастан, сосын қақ жүректен атқан оғынан шаһит өлімінен жан тапсырады. Мәйіті дереу құдық түбіне тасталды. Өзі із-түзсіз жоғалғандардың қатарына жатқызылады.
Шәкәрім атамыздың сүйегі сол күйінше отыз жыл бойы тас құдықта жатты. Тек 1961 жылы ғана қуғын-сүргіннен ақталып, түрмеде жазасын өтеп келген баласы Ахат әкесінің сүйегін қазып алып, Жидебайдағы Абай зиратының жанына жерледі. Шәкәрім атамыздың фотосының түп нұсқасының ұрпаққа жетуі де өзінше бір оқиға. Фотоны жеткізуші қажы атамыз келгеннен кейін оның барлық кітабын еріксіз отқа өртеген ОГПУ мекемесінің от жағушысы, өзі мылқау әрі сауатсыз Шәукен, шын есімі Оразғали деген адам екен. Шәукен бастықтарының бұйрығымен көп кітап қағаздарды өртеп отырып, ішінен қажының суретін көріп таниды да, қолма-қол фотоны екі бүктеп қалтасына салып алады. Фотоны көп жыл ешкімге көрсетпей сақтаған Шәукен қария 1945 жылы Абайдың 100 жылдық тойына келгенде М.Әуезовпен кездейсоқ танысып қалады. Бұл оқиғаны зерттеуші А.Омаров «Қарауыл» кентінің тұрғыны ардагер ақсақал Манатай Балтақайұлының өз аузынан жазып алған. Келесі жылы заңғар жазушының үйіне қонаққа барғанда ел өлдіге санап жүрген Шәкәрім қажының ұлы Ахатқа кездеседі. Сан жылдан соң өз әкесінің фотосын қолына алған Ахат қария сол жерде өкіріп жылаған екен. Ал Шәкәрім атамыздың қолына бүркіт ұстап түскен фотосы ол кісінің 71 жасында Қарабұлақта түсіріліпті. Фотоға түсірген сол кездегі КСРО құрамындағы бұратана халықтардың этникалық одағын зерттеу жұмысымен айналысқан Федор Артуров Фиельструп. Фотода «Охотник с беркутами, казахи, Семипалатинский уезд 1927 г» деп жазылған екен. Нақты Шәкәрім қажы екенін Қазан қаласындағы мұрағатта сақталған Фиельструптың еңбектерін іздеп жүргенде қордағы материалдар ішінен осы фото «Шакарим кажи со своим беркутом» деген жазуымен табылған. Фотода Шәкәрім қажының атақты «Мұзбалақ» бүркітімен қоса, әйгілі «Қоңыр» аты да көрінеді. Бұл Қоңыр деген атты қажы Қытайға қашқан кенже ұлы Зиятқа мінгізіп жіберіпті. Бүркітті өлер алдында атамыз өз қолымен биік таудың басына шығып босатып жіберген.
А. Қарасартов Қытайға қашып кетсе де, Зияттың да артынан бір елі қалмай жүріп, ақыры оның да түбіне жетеді. Әкесіне тартқан асқан білімді әрі ақын болған Зият Қытай түрмесінде жатып зарын әнге қосып күңіреніпті.
Қытай елінде қайраткерлігімен, айтулы ақындығымен көзге түскен, қазақ тілінде алғаш газет шығарушылардың бірі болған, енді бой көтеріп келе жаткан Зиятты А. Қарасартовтың жала жазбалары бойынша кейіннен Қазақстанға алдыртып, «Халық жауы» деп атып өлтірді.
Асылында, Шәкәрім қажы-Абай мектебінің ең танымал өкілі. Абай дәстүрін, мәдениетін жаңа биікке көтерген, қазақ өлеңіне жаңа леп әкелген ойшыл ақын.
XX ғасырдың басындағы зұлматта тағдырын өрт шалған, Алаш зиялыларының ішіндегі шоқтығы биік дара тұлғаның зерттелер еңбегі, ашылар жаңа қырлары мен сырлары әлі де шексіз деп білемін.
Гүлмира СЕРІКБАЕВА,
Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін
құрбандары музейі директорының орынбасары