Жұлдызды қалашықтағы тұрғылықты халық «басы ауырып, балтыры сыздаса» дәрігерге қаралып, тұрақты ем қабылдауы мұңға айналып тұрғанын айтады. Өйткені қаладағы аурухана тұрғындардың талабын орындай алмай отыр. Ал Ресейдің иелігіндегі емдеу мекемесінде ем алу мүмкін емес. Байқоңырлықтар осылай деп мұң шағады.
Негізінен, жұлдызды қалашықта Қазақстан азаматтары үшін 2016 жылы облыстық медициналық орталықтың филиалы ашылып, қызмет көрсетіп келеді. 2015 жылдың қараша айында Мәскеуде өткен Үкіметаралық комиссия отырысында Қызылорда облысы әкімдігінің бастамасымен аталмыш ғимаратты Қазақстан тарапына беру туралы шешім қабылданған. Соның нәтижесінде аурухананы жабдықтауға қосымша қаражат бөлінген.
Алайда байқоңырлық жамағат бүгінде бұл аурухана қызметі емделушілердің барлық талабын қанағаттандырмай отырғанын алға тартады.
«Байқоңырда тұрып жатқан қазақтар мен орыстардың үлесі тең деп айтуға келмейді. Қазақтар мүшкіл халде күй кешіп жатыр. Жұмыссыздық жайлап алды. Жастардың көбі өзге облыстарда жұмыс істеуге мәжбүр. Өйткені Байқоңырдың өзінде жұмыс жоқ. Негізінен, Байқоңыр қаласындағы тұрғын үйлер Қазақстан меншігінде болғанымен, Ресейге жалға беріліп отыр. Ал орыстар бұл үйлерді өзімізге беруге құлық танытпайды. Соның салдарынан бүгінде бос тұрған үйлер жетіп артылады. Ал аурухана мәселесі тіпті мұңға айналып тұр. Бұған дейін қаламызда ашылған облыстық медициналық орталықтың филиалы барлық талапты өтей алар емес», – деп мұңын шақты бұл жайында Байқоңыр қаласының тұрғыны Қалмырза Қуатов.
Бұл аурухана Байқоңыр қаласы мен Төретам және Абай елді мекені тұрғындарымен қатар 240 мыңның үстінде халқы бар Қармақшы, Арал және Қазалы аудандары тұрғындарының ем алуына мүмкіндігін арттыратынына негіз қаланды. Яғни, медициналық көмекке зәру солтүстік аудан халқының облыс орталығына қатынамай, Байқоңыр қаласында ем қабылдауына жол ашылды.
Алғашында орталық филиалында оңалту және терапия бөлімшелері жұмысын бастаса, бертін келе лор, офтальмология, гинекологиялық және хирургиялық бөлімдер мен перзентхана қызметі іске қосылды.
«Бүгінде Байқоңырда басы ауырып, балтыры сыздамайтын адам кемде-кем. Мұның бәрі бұған дейін көкке тоқтаусыз заулаған зымырандардың салдары десек қателеспейміз. Қалада ашылған облыстық медициналық орталық филиалының жұмысы барлық талапты орындап тұр деп айтуға келмейді. Ғимаратта емхана мен аурухана қатар орналасқан. Аурухананың төсек орны барлық науқасты қамтамасыз ете алмауда. Емханасы да тексерілуге келетін науқастарға тарлық етуде. Бұдан бөлек, жабық қалада Ресей меншігіндегі емдеу мекемелері де бар. Алайда қазіргі ахуалға байланысты мұндай орындардың жұмысы тұралап қалды. Атап айтқанда,
5 қабатты Байқоңыр қалалық ауруханасы барлық құрал-жабдығымен бос тұр. Бұған қоса, бұрын №167 емхана жұмыс істеген болатын. Бұл күндері осы екі ғимарат та иесіз қалды. Сондай-ақ 4 қабатты балалар емханасының бүгінде 5 кабинеті ғана жұмыс істеп тұр. Жалпы, көптен бері қараусыз қалған ғимараттардың терезелері шағылып, күн өткен сайын тоналып жатыр», – деді Байқоңыр қаласының тағы бір тұрғыны Кеңшілік Күзенбаев.
Алғашында облыстық медициналық орталық филиалы төңірегінде түйткілді мәселелер де аз болмады. Сол кездері ауруханада дәрігерлер тапшылығы сезілді. Ең бастысы, Байқоңыр аумағы тұрғындары үшін медициналық көмек алу тарифы 2 есеге қымбат болатын. Ал облыстық медициналық орталық филиалының ашылуы Қазақстан заңына сәйкес төмен тарифпен медициналық қызмет алуға мүмкіндік жасады. Бұл, әсіресе Байқоңыр қаласындағы Қазақстан азаматтарымен қатар Төретам мен Ақай кенті тұрғындарын қуанышқа кенелткен еді. Дей тұрғанмен, уақыт өте келе орын тапшылығы сезіліп, Байқоңыр халқын әбігерге салып тұр.
Байқоңыр тұрғындары аталмыш мәселе бойынша құзырлы орындарға, депутаттарға шағымданғанын айтады. Жоғарыда аталған емдеу мекемелері Ресей меншігінде болғандықтан, қауқарсыздық танытып отыр.
Аталмыш мәселеге орай Қызылорда облыстық Денсаулық сақтау басқармасына, Байқоңыр қаласындағы өкілдікке хабарластық. Алайда құзырлы орындар тарапынан Ресей меншігіндегі емдеу мекемелеріне қандай да бір уәжін білдіруге құзыреті жүрмейтінін жеткізді. Қазақстан меншігіндегі облыстық медициналық орталық филиалы тиісті деңгейде жұмыс істеп жатқанын алға тартты.
Ал Байқоңыр халқы жұлдызды қалашықта қараусыз қалған емдеу мекемелерін Қазақстан меншігіне қайтаруға жұмыстар атқарылса екен деген талабын жеткізіп отыр. Сонда ғана Байқоңыр қаласы мен қала аумағына қоныстанған халықтың медициналық көмекке қолжетімділігі арта түсетініне сенім білдіреді.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы