Оңтүстік Кореяның журналистер қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен «Дүниежүзілік журналистер конференциясы – 2023» аясында Сувон қаласына жол түсті.
Сиқырлы Сувон
7,612
оқылды

Кореяның таулы аймағында орналасқан ғажайып мекеннің тамаша табиғаты мен тарихи жәдігерлеріне тамсанып қана қоймай, елдің ірі өндірістік мегополисінің қызықты музейімен таныстық. 

Suwon-si – Оңтүстік Кореядағы Кен­гидо провинциясының ірі мегополисі әрі астанасы. Үш патшалық дәуірінде алды­мен Мосу, кейіннен Мехоль делініп, Корё династиясы басқарған кезеңде Суджу атанған. Тарихи деректер бойын­ша тек 1413 жылы қазіргі атауы Suwon ие болып, ал 1949 si (қала) мәртебесін алған мекеннің бүгінгі халық саны 1,2 мил­лион­нан асады. Ел астанасы Сеулдің оңтүстігінен 30 шақырымдай қашық ор­наласқан қала – Кореяның маңызды өндірістік орталығы саналады. Мұнда электроника, химия, тоқыма, метал­лургия, қағаз және басқа да өнеркәсіп орындары бар. Кореядағы ірі жоғарғы оқу орындары, соның ішінде ең көне университет – Сюнгюнгван кампусы да осында орналасқан. 1796 жылы Чонджо патша ел астанасын Сувонға ауыстырмақ болып, Хвасон бекінісін салдырған. Патшаның астана алмастыру қадамы сәтсіз болғанымен, Сувон тарихи орта­лы­ғымен, әсіресе, ЮНЕСКО-ның мәде­ни мұралар тізіміне енген осы Хвасон бе­кі­нісімен танымал, бұл жерлер әлі күнге дейін әлемнің түкпір-түкпірінен келетін туристер үшін тартымды. Сон­дай-ақ жергілікті жұрт бұл қаланы ко­рей футболының орталығы деп санай­ды, өйткені, мұнда Suwon World Cup Stadium орналасқан, аталмыш орталық стадионда 2002 жылы футболдан әлем чемпионаты өткен болатын. Әрі Кореяның танымал футбол командасы – Сувон Самсунг Блюингс осында жаттығады. Ал өндіріс­тік мегополистің келбетіне әсемдік пен үйлесім сыйлап тұрған саябақтары мен табиғи қорықтары туралы ұзақ толғануға болады.  

Сонымен қатар Сувон қызықты мұ­ра­жайға бай мекен. Мәдени-тарихи көне жәдігерлерді ғасырлар бойына сақтап, зерттеп-зерделеп, құндылығын арт­ты­рып, бүгінгі ұрпаққа жеткізген музейлер өз алдына, бұл қалада неше түрлі қы­зықты техникалық және техно­логиялық мұражайлар бар. Мәселен, ХХ-ХХІ ға­сыр­ларда шығарылған әртүрлі маркалы автокөліктер, мотоциклдер мен карета­лар музейінен туристер ағыны үзілген емес. Біз сондай қызықты кешеннің бірі – Самсунг инновациялық технологиялар музейіне бардық. Samsung Innovation Museum – электронды өнеркәсіп сала­сын­дағы ең ірі корей корпорациясы – Samsung Electronics-тің даму кезеңі мен жасаған өнімдерін, сондай-ақ ХІХ ға­сырдың соңынан бастап бүкіл әлемде кең қолданыста болған тұтынушылық элек­трониканың тарихын, жалпы тен­ден­­циялары мен жарқын болашағын көр­сететін танымдық орталық. Электр энер­гиясын анықтаудан бастап смарт­фон­ның соңғы үлгісін жасауға дейінгі электронды өнеркәсіптегі үздіксіз инно­вациялық жаңалықтардың арқасында адамзат өмірінде жаңа құндылықтар қа­лыптасты. Музей Suwon Digital City кешенінің аумағында орналасқан, мұнда 1969 жылы Samsung Electronics компа­ниясы ашылған. Осы компанияның 45 жылдық мерейтойына тарту етілген бес қабатты ғимаратта бірнеше зал бар. Бүгінде компания жеке өнімдері мен басқа кәсіпорындардың өнер туынды­ларын қосқанда 150-ден астам экспонат бар. 

Негізгі көрме бөлмесі Samsung Electronics компаниясының тарихы мен фи­ло­софиясына арналған, мұнда аталмыш кәсіпорын алғаш шығарған өнімдері бар – ең алғашқы теледидар, тоңазытқыш, компьютер, ноутбук, ұялы телефон және тағы басқалары. Сондай-ақ Samsung Electronics компаниясы 1998 жылдан бастап өткен Олимпиада жарыстарына қатысқан корей споршыларына қолдау көрсетіп келген және естелік үшін санаулы данамен Олимпиадаға арналған ұялы телефондар шығарған екен. Оны әр жылдары дүбірлі додаға ел намысын қорғауға аттанған спортшыларға сыйға тартқан. Бұл залда осы естелік-теле­фондарды бір-бір данасы сақталған. Одан бөлек, Samsung Electronics компа­ния­сының ең қымбат бағаланған және тұрмысқа қажетті электрониканың түр­ле­ніп, дамыған кезеңдерін қамтитын өнімдері бар. 

Мұражайда «Өнертапқыштар дәуірі», «Индустриалды инновациялар ғасыры» және «Даму кезеңі» деп аталатын негізгі көрме залдарын тамашалауға болады. Алғашқысында төрт мыңнан астам патент алған фонографтың авторы, аме­рикандық өнертапқыш Томас Эдисон, телефонияның негізін салушылардың бірі, канадалық ғалым Грейам Белл және ағылшын физигі Майкл Фарадейдің өнертабыстарының түпнұсқа үлгілері бар. Сондай-ақ бұл зал AT&T, Siemens, GE, Philips және NEC компанияларының тарихын ұсынады. 

«Индустриалды инновациялар ғасы­ры» бөлмесіндегі экспонаттар электрон­ды техника мен технологияның тұтас даму кезеңдерін бейнелейді. Мұнда түрлі компаниялардың өнімдері қойылған және қай кәсіпорын қандай техно­логия­лық төңкеріс жасай алғанынан сыр шертеді. Дисплейлер, ұялы телефондар, кір жуатын машиналар тарихы баяндай­тын бөлімдер бар. Мәселен, 1911 жылы Maytag Electric компаниясы шығарған №41 кір жуатын машинасын тамашалай аласыз. Бір қарағанда диірменге ұқсай­тын құрылғының о бастағы пошымы қазіргі уақытта біз пайдаланатын маши­на­ға тіптен ұқсамайды. Я болмаса, әлем­де алғаш пайда болған теледидарды тамаша­лай аласыз. Sharp TV3-14T атала­тын тұңғыш теледидарды 1953 жылдың басында жапондық мамандар шығарған, бағасы – 175 мың иен тұрған. Ол уақытта жоғары білімі бар мемлекеттік қызметкер айына 5400 иен алатын болған, шамамен 3 жылдық жалақысына тең. Ал алғашқы сымсыз телефон алдымен тек әскерилер­дің жұмысында пайдаланылған. 1946 жылы АҚШ-та AT&T компаниясы ал­ғаш­қы МТS, яғни ұялы телефон қызметін ұсынатын құрылғы өндіреді. Бұл жабдық­тың көмегімен тек бір желімен байланысу мүмкін болған. Кейінірек жетілдіріп, шенеуніктер ұстайтын дипломат пішін­дес жәшік­тің ішінде болған. Тек 1973 жылы біз­дің тілмен айт­қанда, кірпіш теле­фондар шыққан, АҚШ-тың Motorola ком­па­ниясы на­рық­қа жеке-дара пайда­лануға бола­тын құрал ұсынады. Бұ­дан әрі Samsung, Siemens, Nokia компа­ния­лары ұялы теле­фон­дардың тех­но­логиялық мүмкіндігін жетілдіре түс­кен. Музейде осы аталған компания­лар­дың алғаш нарыққа шығарған қалта­фон­дары бар. Ұялы телефондар тарихын­да Samsung компаниясы 1999 жылы жаңалық жаса­ған, ол әлем­ге SPH-WP10 ата­латын алғашқы watch-phone (телефон мүмкін­дік­теріне ие сағат) ұсынды. Бұл бөлімде электроника өндірісімен айна­лыс­қан көптеген компанияның түрлі жаңа­лық­тары мен жетістіктері қамтыл­ған. Дегенмен, бұл бөлімдегі экспозиция­ның басым бөлігі, әсіресе ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басындағы технологиялық өнімдер корей өндіру­ші­сіне тиесілі. Мәселен, LCD дисплейі бар және mp3 ойнатқышы бар алғашқы теле­фондарды Samsung компаниясы жасаған.

«Даму кезеңі» залы – Samsung компа­ниясының тұрғын үйді адамға ыңғайлы етіп автоматтандырудың жарқын бола­ша­ғы туралы көзқарасы, мұнда «ақылды үй» санатындағы өнімдер бар.  Көрме залдары экспонаттар туралы ақпарат беретін интерактивті экрандармен безен­дірілген. Сондай-ақ музейде 4K және 180° көрінісі бар әсерлі панорамалық экран бар, онда Samsung компаниясының инновациялардың көмегімен әлемді һәм болашақты жарқын ету жоспары бейне­леген. 

Samsung Innovation мұражайы элек­троникадағы инновациялар тарихындағы ең үздік өнімдердің үлгісін жинай алған. Музейге келушілер Samsung Electronics компаниясының тарихы мен фило­софия­сын танып қана қоймай, тұтас дәуірдің жаңалықтары мен жетістіктеріне куә болады. Бұл, бір жағынан, элект­ро­ника ғылымы мен инновация үшін құн­ды жәдігер. Мәселен, музей қызметкері Samsung-тің соңғы үлгідегі Flip ұялы телефондарын жасау кезінде мамандар алғашқы дисплейлер тарихына көз жү­гірт­кенін айтты. Әрі компания маман­дары әлі күнге дейін электроника сала­сында түрлі технологиялық жаңалықтар ашу үшін өткен кезеңдегі қолданылған техникалық мүмкіндіктерді ұдайы зерт­теп отырады. Ал енді бір жағынан, қара­пайым адам үшін де қызықты, көрнекті һәм танымдық орын. Мысалы,  бұл үшін бұл музейден  2004 жылы анам сатып әперген алғашқы қалтафонымды  көрдім. Siemens M30 аталатын ұялы телефон 2000 жылы Германияда на­рыққа шыққан, оның тарихымен та­ны­су ерекше қызықты болды.  

Айдана НҰРМҰХАН,

Сувон қаласы, Оңтүстік Корея