Жаңа зерттеулер жастардың психикалық денсаулығының нашарлауын олардың алғашқы смартфонды алған жасымен байланыстырады. Жасөспірімдердің психикалық денсаулығы жылдан жылға нашарлап келетінін көрсеткен.
Бұл туралы Financial Times-тың бас редакторы Джиллиан Теттің мақаласына сілтеме жасаған Aikyn.kz хабарлайды.
Фото mamotoja.pl сайтынан алынды
Әлемге аты танылған редактор, журналист жеке тәжірибесіне сүйеніп, жастардың психикалық жағдайына алаңдаушылық білдіреді. 10 жыл бұрын қыздарына смартфон сыйлағаны дұрыс па, әлде қате болды ма деген дилемманың қиын болғанын жазады.
Джиллианның бастауыш сыныпта оқитын қыздары осы сиқырлы құрылғыларды армандайтын. Олар «телефондар барлығында бар, телефонсыз қоғамнан оқшауланып қаламыз» деп анасын сендіреді. Редактордың басқа да ересек таныстары балалар жағында болады.
Кейбір таныс ата-аналар телефондардың «қауіпсіз» құрылғы екенін айтып, қиын жағдайға тап болған балаларға көмек шақыруға өте қажет екенін ескертеді. Оның заңгер досы ата-анасы бөлек тұратын Джиллиан сияқты аналар үшін балалары телефонмен болса да әкелерімен байланыста болуы маңызды екенін айтқан соң ғана ана жүрегі жібіп, өзінің күмәндерін жеңіп, телефон сатып алуға көнеді.
Фото gettyimages.com сайтынан алынды. Авторы: KARRASTOCK
Содан бері Джиллиан қателескені туралы жиі ойланатын болады және осы аптада өзінің алаңдауының себебін табады. Sapien Labs деп аталатын психикалық денсаулық тобы 18-24 жас аралығындағы 28 000-ға жуық жастар арасында сауалнама жүргізген.
Z буынының мүшелері (2000 жылдан кейін туылған ұрпақ) жасөспірімдік шағын жаңа технологиялық ортада өткізген адамзаттың алғашқы ұрпағы екені белгілі.
Sapien зерттеуі Z буынының психикалық денсаулығының алдыңғы ұрпаққа қарағанда нашар екенін көрсеткен. Психолог Джин Твенге «Generations» атты жазбаларында жасөспірімдердің психикалық денсаулығы соңғы онжылдықта, яғни смартфондар өмірге белсенді кіргеннен кейінгі кезеңде күрт төмендегенін айтады. Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтарының мәліметінше, Covid-19 проблеманы тіптен ушықтырған.
Ең қызығы, Sapien зерттеулері респонденттердің ұялы телефондарды алғаш алған жасын қадағалап, мұны олардың психикалық денсаулығымен салыстырды. Бұл келесі заңдылықты көрсеткен: смартфондарды ерте жастан қолданған балалардың психикалық денсаулығы нашар болған.
Фото gettyimages.com сайтынан алынды. Авторы: Peter Dazeley
Алғашқы смартфонын 6 жасында алған қыздардың 74%-ының психикалық денсаулығында ауытқулар тіркелген. Ал, бұл көрсеткіш телефонды алғаш 18 жасында ұстаған қыздардың 46%-ында ғана анықталған. Ұлдар арасында бұл көрсеткіштер 42% және 36% болған.
Бұл модель, әсіресе, өзімізді қалай қабылдайтынымызды және басқалармен қарым-қатынасымызды бағалайтын «әлеуметтік Мен» деп аталатын психикалық көңіл күйдің алты санатының бірінде айқын көрінген. Sapien бұл үлгіні технологияны көбірек пайдаланумен ғана емес, сонымен қатар басқа адамдармен аз әрекеттесумен де байланыстырған.
«Балалық шақта күніне 5-8 сағат интернетте өткізетін уақыт бір жылда 1000-2000 сағат ты құрайды. Бұл статистиканы ескерер болсақ, әртүрлі шынайы өмірдегі бетпе-бет әлеуметтік қарым-қатынастарға жұмсалатын уақытты жоғалту деп есептейміз», – деп жазады Sapien зертханасы.
Фото gettyimages.com сайтынан алынды. Авторы: Peter Dazeley
Бұл технологияның тек бір ғана әсері. Бұдан басқа балалар желіде көретін контенттен бастап кибербуллинг және әлеуметтік медиа арқылы тәулік бойы қысым жасау қауіптерінің де қалыптасып келе жатқан психикаға жойқын салдары бар.
«Телефонның өзі қауіпті емес, бірақ ондаған қолданбалар жүктелген смартфон жаратушыға ғана белгілі жұмбақ порталға айналды», – дейді осы тақырыпты көп зерттеген Нью-Йорк университетінің психология профессоры Джонатан Хайдт. «Жеке смартфоны бар және оны қалауынша пайдаланатын балада ұйқының болмауы және тәуелділік сияқты маңызды проблемалар туындайды».
Financial Times-тың бас редакторы Джиллиан Тетт бұның алдын алуға бола ма, қандай шешімдер бар деп сұрайды. Бақылау шараларын енгізуді талап еткен қысымның артуына ұшыраған технологиялық компаниялар контентті бақылауға көнуге мәжбүр болды.
Фото gettyimages.com сайтынан алынды. Авторы: FangXiaNuo
Жақында YouTube зиянды мазмұнды ауыздықтау үшін Американың тамақтанудың бұзылуына қатысты ұлттық қауымдастықпен бірігіп жұмыс істейтінін мәлімдеді. Видео платформада позитивті материалдардың көбеюіне қарамастан онда әлі де уытты контент әлі де көп. Бір кездері мен таласқан мәселе бойынша әлі де аз пікірталас бар. Бірақ кішкентай балаларға смартфон қолдануға тыйым салу керек пе немесе интернетке кіру мүмкіндігі бар құрылғыларға шектеу қойған дұрыс па деген дискуссиялар өте аз.
Джиллиан Теттің ойынша, «кейбір сарапшылар бұл мүмкін емес деп айтуы мүмкін немесе сауалнаманың сенсациялық нәтижелерінің бір себебі психикалық денсаулықты анықтау бұрынғымен салыстырғанда өте жоғары болғандықтан бұрын белгісіз болып келген ақпарат қазір белгілі болуда деп дауласады».
Басқалар интернеттегі контентті басқару тәсілдерін көргісі келуі мүмкін. Қалай болғанда да, профессор Хайдт мемлекеттік органдардың шешімінсіз ата-аналарға немесе мектептерге телефонды пайдалануға бақылау немесе шектеу қоюды қиындататын «ұжымдық әрекет проблемасы» бар деп санайды. Мысалы, мектеп әкімшілігі балалардан сабақ кезінде телефондарын шкафта қалдыруды талап етсе, ата-аналар «мектептегі атыс сияқты төтенше оқиға болса, баламызды таба алмай қаламыз» деп қарсылық білдіреді.
Фото mobcompany.info сайтынан алынды
Дегенмен, проблеманы АҚШ аймағында шешуде кішкентай болса да үміт бар. Техас штатында 45 000-нан астам отбасы қатысқан «8-сыныпқа дейін күт» қозғалысы пайда болды. Нормалар өзгеруде, кезінде темекінің тарихы көрсеткендей, оның зияны туралы күшті дәлелдер болса да, темекіге тыйым салуға ондаған жылдар қажет болған.
Бас редактор «егер сізде кішкентай балалар болса, алдағы шайқасқа дайындалыңыз. Қандай да бір тамаша кәсіпкер балалар ұнататын, бірақ желіге тәуелді емес ұялы телефон ойлап тапса. Бұл нағыз технологиялық жаңалық болар еді» деп үміттенеді.
Бірақ, редактордың үміттерін өзі басқаратын басылымда жарияланған «Жоғарғы Сот контентті құқықтық қорғау мәселесінде технологиялық алпауыттардың жағына шықты» деген мақаласында айтылған сот шешімі түбегейлі өшіруі мүмкін. 17-мамырда АҚШ-тың Жоғарғы соты тарихи шешім қабылдады. Бұдан былай АҚШ интернет-платформаларда қолданушылар жариялаған контент үшін сол платформаларды жасаған интернет-компаниялар жауап бермейді. Мамандар бұны қауіпті прецедент деп бағалауда.
Фото androidinsider.ru сайтынан алынды
Мақала авторы туралы қысқаша мәлімет. Джиллиан Тетт – Financial Times халықаралық іскерлік газетінің бас редакторы, төрт кітаптың авторы. Кеңестік Тәжікстандағы дәстүрлі үйлену рәсімдерін зерттеу нәтижесі бойынша Кембридж университетінде әлеуметтік антропология ғылымдарының докторы дәрежесін алған. Тетт 2006 жылы әлемдік қаржы дағдарысының басталатынын болжаған, 2007 жылы қаржылық журналистика саласындағы британдық басты марапат Уинкотт сыйлығын алды, ал 2008 жылы Британияның жыл журналисті атанды.