Тіпті, облыс орталығы Көкшетау қаласының, сондай-ақ өңірдің ірі өнеркәсіп ошағы саналатын Степногор қаласындағы кәріз жүйелерінің 90 пайызға жуығы тозғаны анықталды. Ал мұнымен қоса облыстың жартысына жуығында кәріз жүйесі мүлдем жұмыс істемейтін болып шықты.
Кәріз жүйесінің дұрыс жұмыс істемей, қолқаны қабатын иістен әбден зәрезап болған тұрғындар жанайқайын айтып бармаған жері қалмаған. Есесіне жергілікті атқарушы органдар мен құзырлы мекемелер құрғақ уәде беруден әрі аса алмай жүр. Бұл жағдай өңір экологтерінің де мазасын қашырып отыр.
Өңірдегі ірі қалаларда кәріз жүйелерінің әбден тозғанын Степногор қаласында өткен халықпен кездесу барысында Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова да атап көрсеткен. Министр жауаптыларға аталған мәселені шешуді қолға алуды ескерткен. Кездесу барысында жергілікті атқарушы билік өкілдері кәріз жүйелері мен тазарту қондырғыларын жаңғырту өңірдегі экологиялық мәселелерді кешенді шешудің Жол картасын жасау кезінде ескеріліп, облыс әкімдігінің бақылауында екенін айтып ақталған еді.
Жуырда Ақмоладағы өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифинг барысында облыстағы кәріз жүйесінің мүшкіл жағдайы тағы бір мәрте көтерілді. Ақмола облысының Экология департаментінің мәліметінше, кәріз жүйесіндегі жағдай өзекті бола түскен. Тіпті, облыс аумағының жартысына жуығында кәріз жүйесі мүлде жоқ әрі жұмыс істемейді. Ведомство басшылығының келтірген деректеріне сенсек, тұтастай облыс аумағында кәріз жүйелері күрделі жөндеуді әрі ауыстыруды қажет етеді. Кәріз тазарту қондырғыларының басым бөлігі өткен ғасырдың 90-жылдарында салынғандықтан, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Облыстық Экология департаменті басшысының орынбасары Ержан Ахметовтің айтуынша, тіпті Көкшетау қаласының өзінде кәріз тазарту қондырғылары өткен ғасырдың 90-жылдарында салынған және күрделі жөндеуді қажет етіп тұр. Ал Степногор қаласындағы жағдай бұдан да мүшкіл. Мұнда қаладағы екі стансаның бірі күрделі жөндеу жұмысын немесе жаңа стансаны салуды қажет ететін күйге жеткен. Екі қалада да кәріз жүйесінің 90 пайызға жуығы тозған.
Облыс орталығында тазарту қондырғысының көбі жөнді істемейді, тіпті көпшілігі әлдеқашан бітеліп те қалған. Осыдан кейін қолқаны қабатын қолаңса иіс айналаны шарпитын халге жеткен.
Мәселен, тек соңғы бір жыл ішінде ғана өңірдің бірнеше коммуналдық кәсіпорнына тексеріс жүргізген экологтер жылдар бойы қоршаған ортаны ластап келген заңбұзушылықтарды анықтаған. Тексерілген нысандарда кәріз тазарту қондырғыларынан қоршаған ортаны ластайтын заттар бекітілген нормативтерден бірнеше есеге асып түскені белгілі болды.
«Экология департаменті өз құзыреті шеңберінде ағын суды тарату және ағынсу сарқындысын төгуді жүзеге асыратын барлық заңды тұлғамен экология заңнамасы, Кәсіпкерлік кодексіндегі талаптардың сақталуына бақылау жүргізеді. Атап айтқанда, «Көкшетау су арнасы», «Ерейментау су арнасы», «Макинск Жылу» белгіленген мөлшерден артық ластау заттарын қоршаған ортаға жібергені анықталған. Қазір «Көкшетау су арнасы» және «Ерейментау су арнасы» коммуналдық кәсіпорындарына қатысты сот процестері өтіп жатыр», – дейді Ақмола облысы Экология департаментінің басшысы Ержан Ахметов.
Департамент дерегінше, қазір облыс аумағында тек 13 кәріз тазарту қондырғысы бар. Оның ішінде тек Көкшетау, Щучинск, Державинск, Қосшы қалалары мен Ақмола ауылында толық биологиялық тазарту жұмыстары жүргізіледі. Аталған аймақтарда ағын суға жіберуге рұқсат етіліпті.
Ал ағын суға жіберуге рұқсат етілген Ақкөл, Атбасар, Ерейментау, Макинск қалалары мен Шортанды кентінде кәріз тазарту қондырғысы тек механикалық жолмен тазартылатын болып шықты. Сондай-ақ Сандықтау ауданының Шаңтөбе кентінде де механикалық жолмен тазартылып әрі қарай биотоғанда табиғи жолмен тазартылатыны белгілі болды.
Ал ең сорақысы сол, жоғарыда аталған аймақтардан басқа аудандарда кәріз тазарту жүйесі мүлде жоқ екені анықталған. Аудандардағы кәріздердің болмауы алаңдатарлық жағдайға жеткен.
– Сегіз аудан орталығында кәріз тазарту қондырғысы атымен жоқ. Яғни, бұл дегеніңіз – аудан орталықтарының іс жүзінде 50 пайызы деген сөз. Бұл топқа Астрахан, Егіндікөл, Есіл, Жақсы, Зеренді, Сандықтау, Қорғалжын және Біржан сал аудандары кіріп отыр. Осыған байланысты ағын суға сарқындыларды төгуге рұқсат жоқ, – дейді Ақмола облысы Экология департаменті басшысының орынбасары Ержан Ахметов.
Өңірдегі кәріз жүйесінің жағдайы осындай аса алаңдатарлық күйде болғанымен, оның қашан қалпына келтірілетіні әзірге белгісіз. Мәселені шешудің бір ұшы бюджетке келіп тіреледі. Миллиардтаған соманы қажет ететін кәріз жүйесі қалпына келгенше қоршаған ортаға қанша зиян келетінін ойлаудың өзі қорқынышты.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы