Сыр өңірінің дала төсінде ерте көктемнен еселі ең­бек­тің лебі еседі. Жер-анаға ал­тын дән сеуіп, берекелі күз­де көл-көсір несібеге ке­нелуді көздейтін дихан қауы­мының еңбегі өлшеусіз.
Егінжайдағы еңбек еселенді
856
оқылды

Биылғы егін егу науқанында сыр дихандары 195,6 мың гек­тар­ға ауыл шаруашылығы дақыл­дарын орналастыруды жоспар­ласа, негізгі дақыл – күріштің кө­­лемі 83,9 мың гектарды құрай­ды екен. Өткен жылмен салыс­тыр­­­ғанда жалпы егіс көлемін 7 мың гектарға, күріштің көлемін 5,3 мың гектарға, мал азықтық да­қылдарды 2,3 мың гектарға, кар­топ, көкөніс, бақшаның көлем­дерін 222 гектарға ұлғайу ме­желенген. 

«Облыс аумағында ағымдағы егін егу жұмыстары биылғы жыл­дың 15 наурызында бастал­ды. Қазір облыс бойынша 4,6 мың гектар жаздық бидай, 395 гектар жаздық арпа, 5,1 мың гектар мақсары, 125 гектар қант құмайы, 22,4 мың гектар жаңа жоңышқа дақылдары егіліп, 46,3 мың гектар ескі жоңышқа мен 5,6 мың гектар күздік бидай то­лық суғарылып, күтімге алынды. Негізінен, дала төсін дүбірге бөлеген Сыр дихандары биыл да берекелі күзді мол өніммен қо­ры­тындылауды көздеп отыр. Көк­темгі егін егу жұмыстарының атқарылу барысы тұрақты ба­қы­лауға алынған», – дейді Қызыл­орда облысының ауыл шаруашы­лығы және жер қатынастары бас­қармасының басшысы Талғат Дүйсебаев.

Басқарма басшысының ай­туынша, қазіргі уақытта ме­же­ленген 83 943 гектар күріш дақы­лының 44 мың гектары суға бас­тырылған. Сонымен қатар бү­гінге дейін межеленген 873 гек­тар дәндік жүгерінің 210 гек­тары, 1,5 мың гектар сүрлемдік жүгерінің 50 гектары, 89 гектар күнбағыстың 11 гектары, 4,1 мың гектар кар­топтың 46,3 гек­тары, 6,5 мың гек­тар көкөністің 1,0 мың гек­тары, 9,1 мың гектар бақшаның 1,4 мың гектары егілген. 

Сондай-ақ облыста азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұ­мыстардың ауқымы кең. Бұл тұрғыда жергілікті тұрғындарды өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдері­мен қамтамасыз ету бағытында тиісті жұмыстар атқарылуда. 

«Қазір Қызылорда қаласы мен аудандар бойынша 5 488 жергілікті тұрғынға 3 255,4 гектар егін егуге берілетін егістік алқап нақтыланды. Бүгінде егін егуге ынта білдірген 4 895 отбасының тізімі жасақталып, егін егуге 2 850 гектар жер берілді. Соған орай егістікті суғаруға қажетті сорғы қондырғылары, тұқым­дар, егістікті қоршау, тұрғындарды егіс­тік басына тасымалдауды ұйым­дастыру шаралары ат­қа­рылуда. Бұған қоса, 2023 жылдың егісіне облыс бойынша 21 643 тонна жоғары репродукциялы күріш тұқымы әзірленді. Сол сияқты 930 тонна жаздық бидай, 54 тонна арпа, 8,1 тонна тары да­­йын­далса, жүгері, жоңышқа, мақ­сары, күнбағыс, соя, сұлы тұ­қым­дары да жеткілікті», – деп ойын сабақтады басқарма бас­шысы.

Жалпы, Сыр шаруалары бү­гінде күріш тұқымының жоғары репродукциялы 9 сортын егіп жатыр. Атап айтқанда, күріш тұ­қы­мының 576 тоннасы «Мар­жан», 640 тоннасы «Сыр сұлуы», 25 тоннасы «Янтарь» тұқымы болса, 17032 тоннасы «Лидер», 200 тоннасы «Премиум», 25 тоннасы «АйКерім», 100 тоннасы «Маршл» және әрқайсысы 10 тоннадан «Патриот» пен «Яхонт» сорттарын құрайды. Соның ішін­де себілген күріш тұқымы­ның 0,6 пайызы бірегей, 1,6 па­йызы элиталық, 45,6 пайызы І-репродукциялы болса, 27,2 пайызы ІІ-репродукция және 25 пайызы ІІІ-репродукциялы тұқымдар. 

Осы орайда айта кеткен абзал, Сыр дихандары биыл кү­ріш тұқымы сорттарын жаңар­ту және көбейту мақсатында эли­талық «Яхонт» және «Па­триот» сорттарын егуді қолға алды. 

Басқарманың мәлімдеуінше, минералдық тыңайтқыштар мен гербицид дайындау, ауыл шаруа­шы­лығы техникалары мен жанар-жағармаймен қамту жұ­мыстары да тиісті деңгейде жүр­гізілген.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы