"AMANAT” партиясы Орталық аппаратының ұйымдастыруымен бүгін республикалық Партиялық бақылау комитетінің өңірлермен ZООМ байланысы арқылы мәжілісі өтті.
Партиялық бақылау комитеті өңірлермен байланысқа шықты

 Жиынға "AMANAT” партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев, "AMANAT” партиясы Түркістан облысы Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Алмас Салимов, облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тұрғанбек Оспанов және облыстық партия филиалының партиялық бақылау инспекторы Асқар Еркінбеков қатысты.

Мәжілістің күн тәртібінде ««Өңірлерде агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуы, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласы кәсіпкерлеріне мемлекеттен берілетін субсидияның тиімді игерілуі мақсатында жүргізіліп отырған жұмыстар» қаралды.

​Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Түркістан облыстық Партиялық бақылау комиссиясы тарапынан осы уақытқа дейін мониторинг жұмыстары жүргізілген. Осыған орай Мәжіліс отырысында бүгінде болып отырған бірқатар өзекті мәселеге қатысты ұсыныс  айтылды.

Атап айтсақ, Түркістан облысы республикадағы мақта өсіретін жалғыз өңір. Мақта шаруашылығында 25 мың агроқұрылымда 70 мыңға жуық адам еңбек етеді. Облыста жыл сайын 120 мың га мақта егіліп, 300 мың тоннаға жуық шитті-мақта жиналады. Елде тоқыма және тігін өнеркәсібі дұрыс дамымағандықтан, шикі мақтаны сату бағасы Ливерпуль мақта биржасындағы мақта талшығының индексіне тікелей тәуелді. Мақта бағасының тұрақсыздығы жыл сайын шаруалардың наразылықтарын тудыруда.
Елімізде мақта талшығын терең өңдеу бойынша тек 3 кәсіпорын бар, олардың үлесінде қайта өңделген мақта талшығы  18%-дан аспайды. Сондықтан біз көрші Өзбекстан мемлекетінің мақта-тоқыма кластерін дамытудағы оң тәжірибесін пайдалануымыз керек деп санаймын,  деді Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы.
 
Сонымен қатар Үкімет тарапынан мақта-тоқыма кластерін құру мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын қабылдау қажет. Ол мақта шаруашылығын, оның ғылыми базасын, елдегі тоқыма және жеңіл өнеркәсіпті жүйелі дамытуды көздеуі тиіс.
Осы бағдарлама шеңберінде мемлекеттік қолдаудың бірқатар шараларын, оның ішінде мақта өңдеу және тоқыма кәсіпорындарының салу шығындарының бөлігін инвестициялық субсидиялау және дайын өнімді экспорттайтын кәсіпорындарға салықтық жеңілдіктер қарастыру, тағы басқа қолдаулар қажет.
 
Жиында сөз алған Алмас Алтайұлы  облыста жылыжайлар көлемі 1 459 гектарды құрайтынын алға тартып,
өңірдің жылыжай шаруашылықтары көкөніс өнімдері нарығында жоғары бәсекелестікке ұшырап отырғанын сөз етті.
 
Мәжілісте елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отандық өндірістерді дамыту, жергілікті өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында жылыжайларды мемлекеттік қолдаудың бірнеше шарасын қабылдау қажет деп ұсыныс білдірілді.