Қазір осының барлығы дерлік мемлекет меншігіне қайтарылып жатыр. Деректерді қарап шықсаңыз, олигополия тобының «тәбетіне» таңдай қақпасқа амалың қалмайды.
Миллиардтаған қаржы қайтарылды
Былтыр маусым айында Мемлекет басшысының Жарлығымен Бас прокурор төрағалық ететін Экономикалық ресурстарды заңсыз шоғырландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссиясы құрылды. Комиссияға елден заңсыз шығарылған қаржыны қайтару, сондай-ақ заңсыз жолмен келген экономикалық ресурстардың монополиялық (олигополиялық) шоғырлануын анықтау және оны мемлекет меншігіне өткізу жүктелді.
Таяуда осы комиссияның кезекті отырысы өтіп, атқарылған жұмыстың бірер тұсы жөнінде қоғамға есеп берді. Активтерді қайтару бойынша ведомствоаралық комиссияның ресми өкілі Зейін Әліпбектің айтуынша, кейбір тұлғалар заңсыз шығарған немесе жылыстатылған активтерін ерікті түрде қайтаруға кіріскен. Айталық, қылмыстық істердің фигуранттары жалпы сомасы 172 млрд теңгеге залалды өз еркімен өтеген. Сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексеру қолға алынған соң бірқатар заңды және жеке тұлға 260 млрд теңге сомасындағы активтерін еркімен мемлекетке өткізген. Атап айтқанда, Қ. Сатыбалдыұлы «Қазақтелеком» АҚ акцияларының 28,8 пайызын, «Көлік сервис орталығы» АҚ акцияларының 100 пайызын және жалпы сомасы 204 млрд теңгенің басқа да активтерін қайтарған. Осы тұста ерікті түрде қайтарушының құқықтық жауапкершілігі мәселесі әлі реттелмегенін айта кету керек.
Бас прокурордың наразылығы бойынша Жоғарғы Сот олигополия субъектілерінің пайдасына бұрын негізсіз шығарылған 24 сот шешімінің күшін жойды. Магистралдық және кірме темір жолдар кері қайтарылып, жол жүру тарифтері төмендетілген.
Құқықтық тетіктер нақтыланып жатыр
Былтыр қараша айының соңында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойды. Онда Президент Үкіметке бірқатар мемлекеттік орган және ұйыммен бірлесіп 31 наурызға дейін заң жобасын әзірлеп, Мәжіліс қарауына енгізуді тапсырды.
Үкімет әзірлеп жатқан құжат жобасына ведомствоаралық комиссияның да ұсыныстары берілген.
«Әрине, комиссия активтерді қайтару туралы заң жобасына өз ұсыныстарын берді. Ол активтердің заңсыз екенін анықтаудан бастап қайтарылған активтерді тиісті мақсатына жұмсауға дейінгі әрекеттерге қатысты. Ол – бір сөзбен айтқанда активтердің қайтуын тездететін, істі одан сайын жүйелейтін ұсыныстар», – дейді Зейін Әліпбек.
Активтерді заңсыз шығаруға ықпал еткен шарттарды жоюда құқықтық қамтамасыз етудің жетіспеушілігі, арнайы нормативтік-құқықтық актілер болмауы секілді қиындық әлі кездеспеген. Қолданыстағы барлық заңнамалық акті заңсыздықтарды жоюға жеткілікті. Активтер иесін анықтау да қиын емес екен.
«Тек Қазақстан Республикасының заңнамасымен қорғалатын құпияны ашуға қойылатын талаптар ескерілуі қажет. Сондай-ақ тергеу құпиясын және кінәсіздік презумпциясын ескеру қажет. Ел үшін стратегиялық маңызы бар жекелеген кейстер бойынша жұмыс мемлекетке қарсы төрелік талқылау тәуекелдерін барынша азайту үшін құпия форматта жүргізілмек», – дейді З. Әліпбек.
«Оралман» қаржы қайда жұмсалады?
Мемлекет басшысы 2022 жылы 26 қарашада өткен ұлықтау рәсімінде шетел асырылып кеткен қаржы елге қайтарылған соң азаматтардың игілігіне жұмсалатынын атап өткен еді. Мемлекет басшысының айтуынша, барлық қаржы жоғары технологиялы өндіріс орындарын ашуға, мектептер мен ауруханалар салуға, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға пайдаланылуы тиіс. Сонымен қатар Президенттің Заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі шаралар туралы Жарлығында қайтарылған заңсыз активтерді жинақтайтын және оларды Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыру үшін басқаратын арнаулы мемлекеттік қор құруды міндеттеді.
Аталмыш комиссияның ресми өкілі Зейін Әліпбектің айтуынша, активтер қазір қай сала немесе қай мекемеден жылыстатылды, сонда қайтарылып жатыр.
«Мәселен, жекеменшік не ұлттық компанияның дүниесі арзанға бағаланған немесе жекешелендірілген болса мүлік сол мекемеге қайтарылады. Түрлі жеңілдікті қолдан жасаудың кесірінен бюджетке түспей қалған салық сол салық органдарына қайтарылады. Комиссия барлығы заңсыз алынған және мақсатсыз жұмсалған 460 мың гектар жерді қайтарды. Ол тиісті жергілікті ауылдық, аудандық не қалалық аумақтарға, яғни мемлекет меншігіне қайтарылады», – дейді ол.
Ресми өкілдің сөзіне сенсек, үй, көлік, бағалы заттардың жайы қазір талқыланып жатыр. Ал оны реттеу тетігі әзірленіп жатқан заң жобасында көзделеді.
Сонымен қатар мемлекет меншігіне қайтарылған 460 мың гектардан астам жер олигополия субъектілеріне негізсіз берілген. Олардың ішінде Ақмола облысында KazBeef ЖШС-на тиесілі 62 мың гектар жер телімі қайтарылған. Жайылым жер 5 жылдан астам тиісті мақсатта пайдаланылмаған.
Алматы облысының Жамбыл ауданындағы 445 гектар жер учаскесі Әлия Назарбаевамен үлестес компанияға сауда-саттықсыз, жерге орналастыру жобасынсыз, жер комиссиясының қорытындысынсыз заңсыз берілген. Бенефициары Болат Назарбаев болатын Алматы облысы Қарасай ауданындағы ауданы 1 485 гектар жер учаскесі де қайтарылды. Т.Құлыбаевпен үлестес компанияларға берілген Алматы қаласындағы ҚазҰУ аумағындағы ауданы 0,8 гектар жер учаскесі де кері қайтарылып алынды.
Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның соңғы отырысында мемлекетке 760 млрд теңгеден астам (шамамен 1,7 млрд АҚШ доллары) соманың активтері қайтарылғаны мәлім етілді. Оның ішінде 575 млн доллар шетелдерден келген. Аталмыш сома өте үлкен. Айталық, биылғы бюджет түсімі шамамен 50 млрд доллар екенін ескерсек, 1,7 млрд доллардың бірнеше адам иелігінде болуының өзі ақылға сыймайды. Бұл – комиссия жұмысқа кіріскеннен бері қайтарылған активтер. Офшорда немесе банк жабық депозиттерінде жасырылған, дамыған елдердегі зәулім сарайлар мен компания үлесіне айналған қаражаттарды анықтау үшін қыруар еңбек қажет екені сөзсіз.
Шетел асқан байлық таптыра ма?
Комиссия активтерді қайтару мәселесі бойынша шетелдік және халықаралық ұйымдардың тәжірибесін ескеріп, олардың ақыл-кеңесіне құлақ түруде. Түрлі сарапшы қазақстандық тарапқа заңнаманы жетілдіру, активтерді қайтаруда халықаралық тергеп-тексеру жүргізуге көмек көрсетуде. Оның ішінде компаниялардың бенефициарлық меншік иесі мен жылжымайтын мүлік иесін анықтау да қамтылады. Мысалы, Бас прокуратура Швейцариядағы Халықаралық активтерді қайтару орталығымен (ICAR) келісім жасасты. Сондай-ақ қазақстандық тарап ЭЫДҰ-ның Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы желісі (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы), Ұлыбританияның қылмысқа қарсы күрес жөніндегі ұлттық агенттігі, Интерполдың қаржылық қылмыстар мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі орталығы, Еуропа кеңесінің «Орталық Еуропадағы ашықтыққа және экономикалық қылмыстарға қарсы күреске жәрдемдесу» жобасының өкілдерімен кездесіп пікір алмасты.
Халықаралық тәжірибеге сәйкес шетелдік юрисдикциядағы активтерді тәркілеуге ұзақ уақыт кетеді. Бастапқыда жымқыру фактісі немесе басқа да предикаттық қылмыс анықталады, содан кейін жымқырылған қаражатты шетелге шығаруға және оған сатып алынған активтерге төлем жасау үшін қаржы аударуға дейінгі бүкіл тізбек дәлелденуі тиіс. Ең алдымен заңсыз табыс анықталады, содан кейін сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіледі, содан кейін материалдар сотқа жіберіледі. Егер сот активтің пайда болуын заңсыз деп анықтап, оны тәркілеу туралы шешім қабылдаған жағдайда ғана Бас прокуратура шет мемлекетке мүлікке тыйым салу немесе тәркілеу туралы сұрау салу құжатын жолдайды.
Қазір шетелдік құқық қорғау органдарына жолданған 100-ден астам сұрату құжатының нәтижесінде 100 млн АҚШ долларынан асатын мүлікке тыйым салынған. Мысалы, Аустрияның құзыретті органдары Бас прокуратураның Қ.Сатыбалдыұлына қатысты қылмыстық іс бойынша Аустрия банкіндегі шоттардан тыйым салу, тәркілеу туралы сұранысын қанағаттандырды. Аустриялық әріптестер көмегімен бюджетке шамамен 82 млн АҚШ доллары қайтарылған.
Сонымен қатар БАӘ Әділет министрлігімен өзара іс-қимыл кезінде Дубай қаласындағы Қ.Сатыбалдыұлының активтеріне (БАӘ-дегі ақшалай қаражат және қымбат жылжымайтын мүлік) тыйым салынды. Бүгінде мемлекетке шамамен 700 мың АҚШ доллары қайтарылды. Бұл бағыттағы жұмыс әлі аяқталмаған.
Былтыр жыл басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ірі бизнес өкілдерімен кездесу барысында «экономиканы деолигополизация бойынша қатаң саясат қажет» деп мәлімдеген еді. Сондықтан әлеуметтік теңсіздік тудырып, мемлекеттің дамуына тежеу салатын осындай заңсыз «тетіктер» экономикадан толық аластатылып, оның «жемісін» татқанның барлығы жауапкершілікке тартылуы қажет.
Жәнібек АМАНГЕЛДІ