5-8-сынып аралығында оқитын озат оқушы, белсенді әрі алғыры лагерьге барады.
Ауылдың 20 мың оқушысы жазғы лагерьде тегін демалады
1,071
оқылды

"Қазақстан халқына" қоры қолдауымен шалғай ауыл-аймақтардағы мектептің қоғамдық және мәдени өміріне атсалысып, белсенділік танытқан балалар, сыныбының озат оқушылары, сондай-ақ оқудағы жоғары көрсеткіші үшін марапатталған оқушылар қатыса алады. Сондықтан 5-8-сынып аралығында оқитын 20 мың оқушы іріктеліп алынады. Ал жазғы лагерьлерге демалуға жіберілетін балалардың тізімін өңірлік Білім басқармалары белгілейді.  Бұл туралы «Қазақстан халқына» қорының төрағасы Болат Жәмішев БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз конференциясында хабарлады.

  Біздің басты мақсат – ауыл балаларының шеттетіліп, қараусыз қалмауы. Өйткені қалалық жерде оқушылар жазғы демалысын түрлі секцияға немесе орталықтарға барып, көңілді өткізе алады. Ал ауыл балаларында ондай мүмкіндік жоқ. Мектебінен бірді-екілі баланың лагерьге барғанын көріп, өзге сыныптастары қызығады.  Сол секілді оқу озаты не сыныбының белсендісі болуға талпынады. Ал лагерьге барған бала өзіне жақын, арман-мақсаты бірге түйісетін жандарды кездестіреді. Өзіне жаңа таныс, адал дос табады,  – деді «Қазақстан халқына» ҚҚ Басқарма төрағасы Болат Жәмішев.

Оның айтуынша, сондықтан лагерьлерді іріктеу өлшемшарттары мен бірыңғай білім беру бағдарламасын ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті бекітті. Сол шарттарға сай келетін және оқушылардың толыққанды физикалық, психологиялық және моральдық-өнегелілік дамуына пайдасы бар деген 30 лагерь таңдап алынды. Оларды қауіпсіз тасымалдауды әр өңірдің Білім басқармасы қамтамасыз етуге міндеттелген.

Осы мақсат үшін "Қазақстан халқына" қоры 1,94 млрд теңге бағыттамақ. Олар өңірдің жергілікті бюджетінен сауықтыру лагерьлеріне бөлінген соманың 30%-ын негізге алып, балалардың санын, жазғы лагерьлердің болуын және белгіленген өлшемшарттың сәйкестігін ескере отырып, тығырықтан шығар жолды табуға тырысқан. Соның арқасында бүгінде бұл жоба еліміздің 17 облысын қамтымақ. 

Жалпы, қор білім беру саласында 5 қайырымдылық бағдарламасын жүзеге асырған. Атап айтсақ,  «ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту», «арнайы мектеп білім беру ұйымдарын жарақтандыру», «білім беру гранттары», «Болашақ инженерлер», «Coursera – қазақ тілінде». Осы жобаның бәріне 37,5 млрд теңге жұмсалды.

Сондай-ақ қор басшысы  ауыл мектептерінде онлайн оқытуды жүйелі дамыту, бірқатар мектепті ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған баспалдақ көтергіштермен жарақтандыру бойынша пилоттық жобаны іске асыру бойынша ұсыныстарды айтты.

фото: 24 kz