ҰБТ-да оқушының он бір жыл алған білімі сынға түседі. Біреулердің бабы келіссе, енді біреулердің бағы жанады. Алайда жыл өткен сайын Ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы да, мазмұны да өзгеріп келеді. Қазір елімізде негізгі ҰБТ басталып та кетті.
Руслан Емелбаев: ҰБТ-да ереже бұзушылар азайып келеді
799
оқылды

5 шілдеге дейін жалғасады. 166 мың талапкер екі мүмкіндікті есепке алғанда 305 мың өтініш берген. Оның ішінде тест тапсырушылардың 75 пайызы қазақ тілінде, 25 пайызы орыс тілінде, 243 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтуге өтініш білдірді. ҰБТ-дағы биылғы өзгерістерді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаевтан сұрадық. 

– Ұлттық бірыңғай тестілеуді түлектер жыл бойы бірнеше рет тапсырады. Мұндай форматтың ерекшелігі қандай? Шешуші ҰБТ қайсы? 

– ҰБТ жылына 5 рет өткізіледі: қаңтар, нау­рыз, тамыз айларында – ақылы бө­лім­ге оқуға түсу үшін, мамыр-маусым ай­ла­рын­да (негізгі ҰБТ деп аталып, оны тап­сы­руға екі мүмкіндік беріледі) – грант кон­курсына қатысу үшін. Мұндай формат ҰБТ-ға қалыпты іс-шара ретінде қарауға мүм­кіндік береді. Әрі оның грант кон­кур­сына қатысу үшін 2 рет өткізілуі ба­ла­лар­дың эмоционалдық күйзелісін төмен­де­те­ді. Шешуші ҰБТ жоқ. Тестілеуге балалар қа­лауы бойынша қатыса алады. Ешкімді мәж­бүрлемейміз. Грант жеңіп алу үшін ға­на негізгі ҰБТ-ны тапсыруы керек.

– Тестілеудің электронды форматқа көшкеніне бірнеше жыл болды. Дәстүрлі ҰБТ-мен салыстырғанда электронды ҰБТ несімен ерекшеленді? 

– Жалпы, электронды форматтың ар­тық­шылықтары көп. Атап айтсам, ҰБТ-ға өтініш беру барысында тестілеу орнын, кү­нін және уақытын түлектердің өздері таң­дайды. Жауап парағының шеңберлерін бояу­дың орнына талапкер компьютердің пер­нелерін басу арқылы уақытын үнем­дей­ді. Сондай-ақ алдыңғы тест тапсырма­ларын­да таңдалған жауаптарды қайта өз­гер­ту мүмкіндігі бар. Тағы бір ерекше­лігі, тестілеу нәтижелерін өңдеу кезінде кез­десетін қателерді болдырмау, яғни жа­уап парағында боялған немесе жар­ты­лай боялған жауаптарды сканердің дұрыс оқы­мауы, жауап парағын толтыру бары­сын­да басқа секторлардың боялып кетуі сияқ­ты оқыс жағдайлар болмайды. Ал та­лапкер қате толтырылған деректерді тү­зетіп, тестілеу тапсыру тілін, пәнін ауыс­­­­тыра алады. Тестілеу аяқталғаннан кейін талапкерге нәтижесі бірден көр­се­ті­леді. Сондай-ақ тестілеу аяқталған соң 30 минуттың ішінде апелляцияға өтініш беру мүмкіндігі де бар. Айта кету керек, ҰБТ тапсыру кезінде бейнебақылау ка­мера­лары түлектің әр қимылын қадағалап тұра­ды. Ал тестке кіретін кезде оқушы же­ке тұлғаны сәйкестендіру камера­ла­ры­нан өтеді. Осылайша, тестілеудің элек­т­рон­ды форматы барлық қатысушылар үшін объективті әрі әділ өтуін қамтамасыз етеміз. 

– Былтыр Жоғары білім және ғылым ми­нистрлігі Ұлттық тестілеу орталығымен бірі­гіп, оқушылардың бейінін анықтайтын ар­найы сынақ енгіземіз деп еді. Осы ба­ғытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? 

– Иә, бұл бағытта тиісті жұмыстар жүр­­­гізіліп жатыр. 

– Орталықтың әлеуметтік парақша­ла­рын оқушылар белсенді түрде қадағалап оты­рады. Сіздер түлектерді сынаққа пси­хо­логиялық тұрғыда дайындайсыздар ма?

– Біз өз тарапымыздан тестілеуге оқу­шы­лар тиімді дайындалуы үшін көптеген мүмкіндіктер ұсынамыз. Оқу жылының ба­сында ҰТО-ның testcenter.kz cайтының «ЖОО-ға түсушілерге» бөлімінде 2023 жылғы ҰБТ-ға дайындалуға ұсынылған оқу­лықтардың тізімі, үлгілік тест тап­сыр­малары, тест спецификациялары және жос­­пары жарияланды. Үшінші жыл қата­ры­нан Қазақстан тарихы және Дүниежүзі тарихы пәндері бойынша Тарих инс­ти­тутымен бірлесіп, 100 датаны бекітіп, жа­рияладық. Тестілеу барысында датаға қа­тыс­ты кездесетін сұрақтар осы тізімнен алынады.

Алғаш рет ҰБТ-да «Қазақ әдебиеті» мен «Орыс әдебиеті» пәндерінде кезде­сетін шығармалар тізімін (5-11 (12) сы­нып­та өтетін мектеп бағдарламасынан), сон­дай-ақ «Информатика» бойынша ҰБТ сұрақтарында кездесетін немесе сұрақтың мазмұнын түсіну үшін қажет терминдер тізімі де ҰТО сайтына орналастырылды.

Талапкерлерге ыңғайлы болу мақ­са­тында біз ҰБТ-ға дайындалу үшін он­лайн байқау сынақтарын іске қостық. Бұл жүйе барлық талапкерге тегін. Байқау сынағы­нан өту кезінде талапкерде тест тапсыр­маларымен танысуға және таңдаған пән­дері бойынша өзінің білім деңгейін тек­серуге мүмкіндігі бар. Негізгі ҰБТ бас­талар алдында тест базасын тағы бір мәрте жаңарттық. Бұл да дайындықты жақсар­туға көмек болады деп ойлаймын.

Сонымен қатар 2023 жылғы түлектер үшін білім беру орталықтарының қол­дауы­мен тегін онлайн сабақтар жүргізіліп жа­тыр. Сабақтар орталықтардың YouTube ар­наларында тікелей эфирде өтіп, сақ­талды. Талапкерлер кез келген уақытта са­бақ­тарды қайта қарай алады.

Талапкерлерге қолайлы жағдай тес­тілеу кезінде де жасалады. Былтырдан бас­тап ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін ҰБТ тапсыру уа­қыты 40 минутқа ұзартылды. Оларға схе­ма мен диаграммаларсыз сұрақтар жа­са­лады. Бұл бағытта жұмыстар өз жал­ға­сын табады. Сонымен қатар калькулятор мен Менделеев кестесі компьютер экра­нын­да көрсетіледі. Талапкерлердің пікірі мен қалауын ескере отырып, негізгі ҰБТ-да оларға Менделеев және тұздардың ері­­­гіш­тік кестесінің қағаз нұсқасы бері­леді.

– Былтыр ҰБТ-дан кейін камераны бір­неше ай бақылап, тәртіп бұзған түлек­тер­дің нәтижелерін жойдыңыздар. Ата-ана­лар мен балалар бұл бастаманы қалай қа­был­дады?

– Өз біліміне сенімді, әртүрлі қулыққа бар­май, ҰБТ-ны адал тапсыруға ниетті та­лапкер және оның ата-анасы бұл бас­та­малардан қорықпайды. Керісінше, бәрі­нің адал өтуін қолдайды.

– Биылғы ҰБТ-да қандай өзгерістер бар? 

– Тестілеу форматында өзгерістер жоқ. Пәндер саны өзгеріссіз қалады, яғни үш мін­детті және екі бейіндік пән, барлығы 120 тест тапсырмасы бар. Алайда «Қа­зақ­стан тарихы» және «Оқу сауаттылығы» пән­дері бойынша тест тапсырмаларының саны­на өзгерістер енгізілді. Енді «Қазақ­стан тарихының» бір нұсқасында 20 тест тапсырмасы болады: 1-ден 10-ға дейін – бір дұрыс жауапты таңдауға арналған; 11-ден 20-ға дейін – контекстке негіз­дел­ген бір дұрыс жауапты таңдауға арналған тест тапсырмалары (5 сұрақтан 2 контекс­тік мәтін). Сондай-ақ бұған дейін талап­кер­лерге оқу сауаттылығынан 20 тест тап­­­­сырмасы берілсе, енді 3 мәтін бойын­ша 15 тест сұрағы ұсынылады. Осылайша, Қа­з­ақстан тарихы – 20, оқу сауаттылығы – 15, математикалық сауаттылық – 15 және екі бейіндік пән бойынша 35 тест тапсырмасы ұсы­нылады. Ең жоғары ұпай – 140. Тесті­леу­дің жалпы уақыты – 4 сағат (240 ми­нут). 

ҰБТ тапсырмаларының құрылымында да өзгерістер бар. Жауапты министрлік тест тапсырмаларында дистракторлар са­­нын (жауап нұсқалары) қысқарту тура­лы шешім қабылдады. Бір дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында нұсқалар саны 5-тен 4-ке дейін, бір немесе бірнеше дұ­рыс жауабы бар тест тапсырмаларында (үш дұрыс жауаптан көп емес) нұсқалар са­ны 8-ден 6-ға дейін азайды.

2022-2023 оқу жылынан бастап «Ин­фор­матика» пәні ҰБТ бейіндік пәндер ком­бинациясының тізіміне енгізілді. Осы­ған байланысты «Информатика мұға­лім­дерін даярлау», «Ақпараттық техно­ло­гия­лар», «Ақпараттық қауіпсіздік» білім беру бағдарламаларының топтарына түсу­шілер «Математика-Информатика» ком­бинациясы бойынша ҰБТ тапсырады.

– Бақылаудың күшеюі тестілеудің әділ өткеніне кепіл бола ала ма? Себебі көпшілік камераны бірнеше минутқа өшіріп қоюға болатыны жайлы айтып жүр.

– Жыл сайын ереже бұзу саны азайып келе жатқанын атап өткен жөн. Балалар ака­демиялық адалдыққа баса мән береді. 2023 жылғы ҰБТ енді басталды, сондықтан мен сізге былтырғы көрсеткішті айтып өтейін. Мысалы, 2019 жылы тестілеуге кір­гізу барысында 128 мың, 2020 жылы – 2 522, 2021 жылы – 756, 2022 жылы – 327 тыйым салынған зат табылған еді. Яғни, 2019 жылмен 2022 жылды салыстырғанда шпар­галкалар мен смартфондарды алып кіргізуге талпынушылар саны 400 есеге азай­ған. Сондай-ақ 2022 жылы тестілеу ке­зінде ережелерді бұзғаны үшін 322 адам аудиториядан шығарылып, нәтижелері жойылды. Бұл көрсеткіш 4 есеге төмен­деген, себебі 2021 жылы аудиториядан 1 305 адам шығарылған болатын. Тағы бір айта кететін жайт, 2022 жылы ҰБТ-ға кір­гізу барысында Face-ID жеке басын сәй­кестендіру жүйесі 1 бөгде адамды анық­тады. Естеріңізге сала кетсем, 2021 жылы мұндай 18 жағдай тіркелген еді. Ал биыл, қаңтар және наурыз айларындағы ҰБТ қорытындысы бойынша бөгде тұлға анықталған жоқ.

– ҰБТ-ға дайындалу үшін тегін онлайн са­бақтар өткізесіздер. Оқушылардың қы­зы­ғушылығы қандай?

– ҰБТ-ға дайындалуға арналған тегін он­лайн сабақтарды 3 жыл қатарынан рес­публикалық ірі білім беру орталықтарымен бірлесіп өткіземіз. Сабақтар тікелей эфир­­­де өтетін болғандықтан, кез келген бала сабаққа кіріп, тәжірибелі мұғалім­дер­ге өз сұрағын қоя алады. Бұл, әсіресе, ауы­лдарда оқитын балалар үшін тиімді. Бір жылда білім беру орталықтарының YоuTube арналарында 400-ге жуық тегін сабақ ұйымдастырылып, міндетті түрде сақ­талады. Яғни, балалар кез келген уа­қытта оларды қайта көре алады. 

Тегін онлайн сабақтар балалардың сұранысы бойынша өткізіледі, яғни үшін­ші жыл қатарынан түлектер бұл баста­ма­мызға өз қызығушылықтарын білдіруде.

– Электронды ҰБТ-ны елді мекендер, ауылдық жерлердегі оқушыларға тапсыру қиынға соғып жатқан жоқ па? Өйткені шалғай ауылдағы оқушылар сынақ тапсыру үшін облыс орталықтарына барып жүр. 

– Электронды ҰБТ-да түлектер тест тап­сыру орнын, күнін және уақытын өз ың­ғайларына қарай таңдай алады. Яғни, олар еліміз бойынша орналасқан 43 пун­кт­­тің кез келгенінде тест тапсыра ала­ды. Сон­дықтан ауылдағы түлектерге қиынға со­ғып жатыр деп айта алмаймыз. Бұл ор­талықтарды ашқанда балалардың саны, жолдың жағдайы, барлық фактор ес­керіл­ді. 43 пункттің барлығына бірдей жағдай жа­салған. Интернет, компьютер, камера 100 пайыз бірдей. Сондай-ақ біз еліміздегі бар­лық тест тапсырушымен тығыз байла­ныста болуға тырысамыз. Олардың ың­ғайы үшін әр талапкерде өзінің электрон­ды жеке кабинеті бар. Тест тапсырушы бір проблемаға ұшыраса, бізге әлеуметтік же­лілерге немесе call-орталыққа жүгіне алады. Біз оларға көмек беруге, әрқашан олардың жағдайын түсінуге дайынбыз. Се­бебі орталық үшін ең бастысы – тест тап­сырушыға қолайлы жағдай жасау.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Көктем ҚАРҚЫН