Қоғамның бас ауруы – жалғыздық
Қоғамның бас ауруы – жалғыздық
596
оқылды
Коко Шанель Париж қо­нақүй­лерінің бірінде жан тапсырған­да көзіне жас алған деседі. Неліктен дерсіз? Өйткені ол 30 жыл бойы қонақүйде жалғыз ғұмыр кешкен. Америка ғылымды дамыту қауымдастығының зерттеуінше, жалғыздық адамға темекі түтініндей зиян. Ал жапондар демографиялық дағдарысқа алаңдап отыр. Себебі елдегі жалғызбасты жандар мен қарттардың саны артқан. Қазақстан да жыл санап қарт елдің қатарына кіріп келеді. БҰҰ сараптамасы бойынша елдегі 65 жастан асқан азамат­тардың саны 7 пайыздан асса, қарт мемлекет санатына кіреді. Ranking.kz сайтының мәліметінше, 2018 жылы елміздегі 65 жастан асқандардың жалпы үлесі 7,5%-ға жеткен. Ал 2050 жылға дейін бұл көрсеткіш 14,1%-ға жетуі мүмкін. Ал қарттардың басым көпшілігі күнін қалай өткізеді? Олар күйбең тіршілік пен депрессия иіріміне түспеуі үшін нендей амал қарас­тырмақ керек? Қарттың да ішкі қалауы бар. Ол да ел қатарлы серуендеп, қалаған жеріне барып, құрдасымен пікір алмасқысы келеді. Осы мақсатта 2014 жылы Алматыда қарттарға арналған пікірлесу клубы ашылды. Мұны «Аман-саулық» қоғамдық қоры ұйымдастырды. Ал 2018 жыл­дан бері қалада Бауыржан Бай­бектің бастамасымен ашылған қа­рияларға арналған арнайы орта­лық жұмыс істейді. Орталықта зей­неткерлерге арналған кітап­хана, фитнес, йога, аэробика залы мен тағы басқалары бар. Сондай-ақ олар бассейнге, би студиясы мен спортзалға жеңілдікпен жол­дама алады. Оған қоса 2019 жылы алма шаһарда «Көкжиек» аула клубының атсалысуымен қарттар фитнеспен тегін айналысуына мүм­кіндік алды. Мұндай тәжірибе шетелде де бар. Бірақ мегаполисте ғана емес, қарапайым қалада да зейнеткердің дорбасын арқалап, сүйікті ісіне асығып бара жатқанын көресің. «Қарты бар үй – қазына» десек те, олар көбейсе, елдегі жұмыс істеуге жарамды азаматтардың саны азаяды. Мұны болдырмасқа қайтпек керек? Елдегі туу көр­сет­кіші мен көпбалалы отбасы қа­та­ры көбеюі тиіс. Көпбалалы от­басын қалыптастыру үшін не­ке­нің беріктігі маңызды. Өйткені 2019 жылдың 11 айында 113 мың­нан астам жас шаңырақ көтеріп, 55 мыңы ажырасып кеткен. Бә­ріміз білетіндей, ажырасудың арты жалғызбасты тіршілікке ұласады. Дүние көші жаңа бағытқа бет бұрды. Әлемді қазір материалдық құндылық мазаламайды. Олар адамның өз-өзімен күресуін, мо­ральды тұрғыда берік болуын қалайды. Өйткені технология мен интернет трендке айналған тұста адамның рухани күйі мен өмір сүру сапасы тасада қалып қойды. Мә­селен, жапондар жүргізген зерт­теуде ағайынмен алшақ қарым-қатынас жасау да жалғызбас­тылыққа жегеді.
Қазақстанда жалғызбасты ана, әйел, еркек пен қарттың саны көбейіп жатыр. Елде дейміз-ау, қазір әлемде осы жағдай күн ­тәр­­тібінде тұр. Соған орай Ұлы­бри­­тания жалғызбастылардың мә­се­лесін қарайтын министрлік ашып­ты. Министр Трейси Кроуч­тың сөзінше, әлеуметтік оқшау­лану мен жалғыздық жеке адам­ның физи­калық және психикалық жағда­йына ғана емес, сонымен бірге жалпы қоғамға да әсер етеді. Сон­дықтан британ халқы қоғам болып жұмылып, жалғызбасты­ларға рухани көмек беруді қолға алды. Министрлік жалғыз жан­дар­ды қолдау үшін 5 бағытта жұмыс істейді. Оларға компьютер қол­да­нудан бастап, қазір қолынан ке­летін нәрсені ермек етуге үйретеді. Мәселен, жалғызбасты анаға ішкі менін қайтаруға жәрдемдеседі. Баласымен бірге фитнеске шақы­рып, психолог жеке сұхбат құрады. Қарттармен әңгімелесіп, серуенге шақыру дәстүрі бар. Жалғызілікті әке мен үйленбеген ерге де тығы­рықтан шығар жол нұсқайды. Өйткені олар адамның жалғыз қалуынан сақтандырады.
Статистикалық мәліметке сүйенсек, қазір елімізде 450 мыңға жуық жалғызбасты ана бар. Мұндай статустағы әкелердің саны 42 мыңға жеткен. Әйелдің өмірге бейім екенін білеміз. Ал ерлер жалғыздыққа шыдамдылық таны­та алмайды екен. Өйткені әйелдің күйбең тіршіліктегі рөлі мен бағы­ты белгілі. Ол күйеуінен ажыраған күннің өзінде тұрмысы сол қалпы қалады. Нақтырасақ, ойын бөлетін іс көп. Бір сөзбен айтқанда, «қолы өз аузына жетеді». Осындайда еркектер табиғатынан тосын жайт­қа «тосқауыл» қоя алмайды. Себебі осы күнге дейін тамағы дайын, кірі жуулы, киімі бүтін. Ары қарай мұ­ның бәрін өзі істеуі керек. Сон­дықтан да бейімделе алмаған ердің ертеңіне тұман түседі. Күресе ал­мағандар жол іздеудің орнына ішімдікке не басқасына үйір бола­ды. Бір айта кетерлігі, әйелдер екінші рет тұрмыс құруда тәуекелге барғанымен, еркектер осы сұраққа ұзақ ойланады екен. Ал оң жақта отырған қыз мен сүрбойдақтың мәселесіне келсек, әркімнің өзінше «ермегі» бар. Ит құшақтап, мысық сипаған жанды көрсек, түсінбеуіңіз мүмкін. Бірақ бұл – адам жанына медеу болатын фактордың бірі. Ғалымдардың зерт­теуінше, жалғызбастылар өзіне серік болатын рухани күшті іздейді. Бірі – табиғатпен тілдессе, ендігісі – үй жануарын асырайды. Біздің қоғам бұған мысқылдай қарайтыны белгілі. Шетелде ке­рісінше, жалғыз жанның «жол­да­сын» тапқанына шын қуанады. Сондай-ақ бұл адамның психо­логиясына әсер етеді. Адам неғұр­лым жалғыз қалған сайын, соғұр­лым ой дейтін дүлей санасын тор­лайды екен. Сондықтан да шетел­дің министрлік құрып, мем­лекет деңгейінде мәселе көтеріп отырғаны – осы. Өйткені жалғыз­дық адамды психологиялық түрде күйретіп қана қоймай, денсау­лығына әсер етеді. Америка ғылымды дамыту қауымдастығы жалғыздық адамға темекі шеккендей қауіпті екенін жазған. Сонымен бірге жүрек ауру, қан қысымының көтерілуі мен қант диабеті сияқты сырқатқа әкелуі мүмкін. Стресс пен ұйқысыз түндер де адамды жегідей жейді. Профессор Качиоппоның сөзін­ше, біз оқшау өмірге бейімделіп барамыз. Интернетте күн кешіп, жақындармен шынайы тілдес­пейміз, кешірек үйленеміз. Сәй­ке­сінше, бала туу көрсеткіші төмен­дейді. Ал мұның арты жалғыздыққа әкеледі. Күләш Ахметова айтқандай, күреске толы тірлікте сенімен бірге болып, жүрегіңді жақынырақ ұғатын бір адам керек. Сондықтан қымбат уақытты әлеуметтік же­лідегі алдамшы дүниеге айырбас­тамайық. Адам көпшілік ортада жұртпен бірге өмір сүргенді ұна­тады. Көптің аты – көп. Ал жал­ғыздық – Құдайға ғана жарасады.   Айбике ЖАНАСЫЛ