Іс-шара барысында «QazVaC: ТАЙТАЛАС» деректі публицистикалық кітабының тұсауы кесілді. Бұл кітап коронавирустық инфекция пандемиясымен күрес кезінде отандық вакцинаны жасаған қазақ ғалымдарының еңбегіне арналған. «Пандемия аяқталды, бірақ онымен тайталас кезіндегі ғалымдар мен дәрігерлер еңбегі ұмытылмауы керек» деген мақсатпен жарық көрген кітапты Ұлттық ғылым академиясының басқарма президенті Күнсұлу Закарья таныстырды.
«Бұл кітап пандемиямен күрес кезінде отандық вакцина жасап шыққан қазақ ғалымдарының ерлікке барабар ісіне арналады. QazVac вакцинасы қалай жасалды? Қандай кедергілерді жеңуге тура келді? Вакцина шығаратын отандық зауыт қалай салынды? Оның маңызы қандай? Кітапты әзірлеуші топ вакцина жасауға қатысқан ғалымдардың өзімен, басшылық жасаған тұлғалармен жеке кездесіп, осы сұрақтардың жауабын оқырман назарына ұсынды. Пандемия аяқталды, бірақ пандемиямен күрес кезіндегі ғалымдар мен дәрігерлер еңбегі ұмытылмауы керек, кітап осы мақсатта жарық көріп отыр», – дейді Күнсұлу Закарья.
Сондай-ақ Ұлттық ғылым академиясының басқарма президенті короновирус пандемиясы қоғамның барлық саласы бір мақсатқа бірлесіп жұмыс істегенде ғана осындай сынақтардан тиімді қорғануға болатынын көрсеткенін айтты:
«Тіршілік болған жерде аса қауіпті індеттер болады, мысалы жақында ғана – 23 мамырда Женевада өткен жыл сайынғы ассамблеяда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері адамзатқа COVID-тен де зиянды жаңа пандемия қаупі бар екенін баяндады. Демек, болашақта біз кез келген қауіпке қарсы тұруға дайын болуға тиіспіз», – деді ол.
Жиынға қатысқан Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз сөзінде QazBioPharm ұлттық холдингі ғалымдарының ғылыми жобаларды іске асыру нәтижелеріне тоқталды:
«2020-2022 жылдары ғылыми зерттеулерді орындауға 30-ға жуық конкурс өткізілді, соның нәтижесінде гранттық қаржыландыру шеңберінде 1507 жоба және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша 103 ғылыми-техникалық бағдарлама іске асырылуда. Олардың ішінде 6 ғылыми-техникалық бағдарлама және 49 гранттық жоба QazBioPharm ұлттық холдингі еншілес ұйымдарының ғалымдарының қатысуымен жүзеге асырылды. Ғылыми жобаларды іске асыру нәтижелері бойынша өзекті инфекциялардың қоздырғыштарын, дәрілік заттар мен профилактикалық препараттарды, оның ішінде короновирустық инфекцияға қарсы вакциналарды анықтау үшін арнайы диагностикумдар әзірленді. Олардың ішінде Холдинг ғалымдары рекордтық қысқа мерзімде (47 күн) әзірлеген QazVac коронавирусына қарсы алғашқы қазақстандық вакцинаны атап өтуге болады», – деді министр.
Айта кетейік, биылғы мамыр айының басындағы дерек бойынша, QazVac вакцинациясын 5,5 миллионнан астам адам қабылдаған.
Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ