1937 жылы қазақ зиялыларын айыптау мен қуғындау бұрынғы­дан бетер күшейіп, шарықтау шегіне жеткені белгілі. Алашордашы­лардың әр басқан қадамынан теріс пиғыл іздеп, оларға кінә тағу да қалыпты іске айнал­ды. Одан бөлек, бұқа­раның мұсылманшы­лықты берік ұстанған өкілдерін жау етіп көрсету саясаты да жүргізілді.
«Олардың бірін де қалдырмай жоқ қылу керек...»
895
оқылды

Біз «Социа­листік Қазақстан» газетінің 1937 жылғы нөмірлерін парақтап отырып, сол жылдар­да­ғы зұлматтың салқынын сезгендей болдық...

«Сұм жыландарға айаушылық болмасын!»

«Социалды Қазақстан» газе­тінің 1937 жылғы 9 қаңтардағы нө­мірінде «Қалық дұшпандарын түгел әшкерелеп, көзін мүлде құр­тайық!» тақырыбымен алғашқы бетте айғайлап тұрған мақаланы көзіміз шалды. Ол Сталиннің мы­надай сөзімен басталады:

«Собет мемлекетінің күші арт­қан сайын, өліп бара жатқан тап­тардың ақтық қалдықтарының қарсыласуы күшейе беретіндігін есте сақтау керек. Олар дәл өліп бара жатқандықтан, өмірінің ақ­тық күндерін өткізіп бара жатқан­дықтан, тарпа бас салудың бір түрінен екінші түріне, басым тү­ріне көше бермек, қалықтың артта қалған қабаттарына шығып, олар­ды собет үкіметіне қарсы жұмыл­дырмақ....»

Ардақты көсеміміз Сталин жолдастың бұл болжағыштық сөзі өмірде болған талай-талай пакті­лермен сипатталды. Собет елінің жаулары сотсиалистік құры­лыс­тағы табыстарымыз күшейген сайын қарсылығын, зийанкестігін күшейте түсті. Суға кеткен тал қарманады деп, өздерінің ақтық күндері жеткенін біліп, елімізге талай рет зұлымдана тарпа бас салуға ұмтылып көрді. Бұл ретте пашистердің қарғылы төбеттері, жендеттері болып отырған трот­скийшіл-зинобиепшіл сұрқийа­лардың өткен жолы, басынан кеш­кен өмірі өте бір көрнекті пакт».

Осылай дей келе, мақаланың бел ортасында кеңестік саясатқа қарсы шыққандарға қатысты аяусыз үкім шығарылуы керегі сөз болады:

«Қазірде бұл бандылар бүкіл қалқымызға ата жау болып көрініп отыр. Бұл бандыларға бүкіл қалқы­мыздың қаһары тігілуде. Сот­сиа­лисзм отанын құлатпақ болған, ұлы Конститутсиаға алтын мен жазылып отырған бүкіл табыс­тарымызды жоқ етпек болған бұл бандылар жөнінде қалқымыздың айтқаны, айтып отырғаны: сұм жыландарға айаушылық болма­сын, атылсын! – деген қаһарлы үкім». 

«Сұрқия», «сұм жылан», «бан­да», «атылсын» деген тәрізді сөз­дерден-ақ сол кездегі саясаттың қаншалықты радикал қадамдарға жол бергенін түсінуге болады. Мақалада троцкийшіл-зиновьев­шілдермен бір қатарға қазақ ұлт­шылдары да тұратыны айтылады:

«Қазақ ұлтшылдары да па­шизмнің тура нұсқауымен зийан­кестік істер жүргізген. Олай болса, ұлтшылдарды тротскийшілдерден бөліп қарауға тырысушылар, оларға жеңілдік беруге тыры­су­шылар пашизм агенттерінің нағыз адбокаты, қорғаушысы болып табылады. Бұл олардың шын жа­уыздығын, зұлымдығын бүркеуге, жасыруға тырысқандық. Ұлт­шыл­дардың көздейтіні де осы. Олар кей бір адамдардың, кей бір орын­дардың аңқаулығы мен пайда­ланып, аппаратқа, партийа қата­рына кіріп алып, өздерінің зийан­кестік істерін жүргізуді көздейді. 

Автор сөзін қорытындылай келе, оқырманға тағы да қатыгез  ұран тастайды:

«Партийа қатарында, собет, шаруашылық мекемелерде бірде бір тротскийшіл-зинобиепшіл, ұлтшыл бандылар қалмауы керек! Олардың бірінде қалдырмай жоқ қылу керек. Қалық жауына еш бір рақым жоқ! Жайбарақаттыққа салынуға еш бір жол жоқ!».

«Нағыз оңбаған предатілдіктің тарихы»

Газеттің 1937 жылдың 12 қаң­тары күнгі №10 санында да қазақ ұлтшылдарын, оның ішінде алаш­ордашыларды «сұр жылан», «пре­датіл», «дұшпан», «зиянкес» деп айыптайды. Материал «Қазақ бол­шебиктерінің міндеті – Қазақ ұлтшылдарына қарсы баса күресу» тақырыбымен берілген:

«Қазақтың байлары, предатіл алаш-ордашыл интеллигентсиасы мен ынтымақтасып алып, алаш-орда қозғалысын туғызды. Бұл қоз­ғалыс қазақ қалқына қарсы, қазақ бұқарасының реболут­сиа­шыл азаттық қозғалыстарына қарсы бағытты көздейді. Алаш-орда қозғалысының тарихы – мәмлешілдіктің тарихы, қазақ қалқының тілегін ақырына дейін сатқан нағыз оңбаған предатіл­діктің тарихы». 

Мақала авторы алашорда­шылар әрекетін тыңшылыққа, диверсияға, тіпті террорға теңейді:

«Алаш-ордашыл, тротскийшіл, оңшыл және ұлтшыл-уклонис азғындар предатілдік істеуде өз ара ынтымақтасып отыр. Капита­лизм­ді қайта орнатпақ болған, ле­ниндік-сталиндік интернатсио­нализмді бұзбақ болған әрекеттерін де бұлар өз ара бірігіп, күрестің бір түрінен екінші түріне, анағұрлым жауыз түріне, тыңшылыққа, ди­берсийа мен террорға көшіп жүр. Мұны дәлелдейтін пактылар то­лып жатыр».

Мақалада алашордашы Мұс­тафа Шоқайға фашистік агенттерді ұйымдастырып жүр деген де айып тағылады:

«Ұлтшыл азғындар, алаш-ор­дашыл сұр жыландар екі жүзд­і­ліктен, қастықтан, предатілдіктен өтіп, ақтық шегіне жетіп отыр. Бұлар пашизм тобына, соғыс құ­марлардың тобына қосылып отыр, қазақ қалқының және отаны­мыз­дың ең барып тұрған дұшпанда­рының тобына қосылып отыр. Еліміздің отан қорғау күшін құлатуға тырысқан жер жүзінің имперализмі, пашистер өздеріне қолғанат адамдарды контр ре­болутсиашыл алаш-ордашылардан да құрап алып жүр. 

Атышулы алаш-ордашы­лар­дың бірі, бұл күнде шет елдерде жүрген Шоқайып тротскийстер мен, ұлтшыл уклонис азғындар мен бірігіп, пашистік агенттерін, тыңшыларды, зийанкестер мен диберсантарды ұйымдастырып жүр». 

Материалда алашорда­шылар­дың «орыс атаулыға сенбейтін бұрынғы ескі әдеттің сарқын­шақтарын қолдап отыратынына» қатысты да дерек бар:

«Тротский және ұлтшыл аз­ғындар бюрократизмді, жалаң әкімшілкке салынуды қолдайды, өз ара сынға жол бермейді, бұ­рынғы жікшілдік салттарын, кө­семшілдікті қолдайды, қызмет­шілердің «өз адамым» деген принт­сіппен құрап алу әдеттерін қол­дайды, орыс атаулыға сенбейтін бұрынғы ескі әдеттің сар­қын­шақтарын, жағымпаздықты, жа­рамсақтанушылықты қолдап отырады. Бұлар ру жігіне қарай бөліну сықылды көптен жойылған әдетті де қайта туғызуға тырысып отырады. Әрине, бұл сарқыншақ­тардың бәрі де пашис сұмдардың істеген қылмыстарының ізін жа­сыруға өте қолайлы болып оты­ра­ды. Жуықта Шымкентте Әлмұ­қа­медіп, Дәуітбайып деген барып тұрған алаш-ордашылар әшкере­л­енді, бұлар соңғы уақытқа дейін партийада болып келген. Күш­байып деген комсомолетс та осылар мен бірге әшкереленді».

«Жауынгер құдайсыздар ұйымы» деген жоқ»

1937-1938 жылдардағы қуғын-сүргінге іліккендердің бір парасы – мұсылманшылықты ұстанған қазақтар еді. Баспасөз беттерінде оларды «ораза ұстап, намаз оқы­ғаны» үшін жерден алып, жерге салады. «Социалистік Қазақстан» газетінің 1937 жылғы 4 шілдедегі №151 санында «Тіміскіген молда­лар, бейқам басшылар» атты ма­қала жарияланған екен. Көз жү­гіртсек, дін ұстанғандарды дұш­пан­нан кем сипаттамапты:

«Бейнетқор ауыл собетінің «Егін бұлақ» серіктігіндегі Игілікіп Ысқақ деген молда серіктік мүше­лерінің арасында «ораза ұстаңдар, намаз оқыңдар, пітір-садақа бе­ріңдер, сонда күнәларың жеңіл­денеді» деп, үгіт жүргізген. Ораза кезінде серіктік мүшелерінің бір сыпырасына ораза ұстатқызып, тарауыққа қатыстырған. Оны мен қоймаған, дінге Конститутсийа бостандық берді, сондықтан біз мешіт салатын қаржы жинауымыз керек деп те үгіттеген. 

2-ауылдағы «Байғабыл» серік­тігінің председатілі Қожабайып (өзі аудандық атқару комитетінің мүшесі) ораза ұстаған, осы күнге дейін намаз оқиды. Аудандық атқару комитетіндегілер Қожа­байыпты сауатсыз деп санайды. Бірақ, Қожабайып серіктік мүше­лерінің тең жартысына ораза ұс­татқызып, намаз оқытып, қалқоз­шыларды өзінше «ағартып» жүр­генін білмейді». 

Ораза ұстап, намаз оқу былай тұрсын, өмірден өткен әкесіне Құран бағыштау да бұл жылдары сұмдық бір қылмыспен пара-пар болған секілді:

«Бестау ауыл собетінің «Қа­ражар» серіктігінің мүшесі Қоденіп Ыбырайым мал сойып, өлген әке­сінің моласының басына апарып, молдаға Құран шығартып, ас берген. Серіктіктің председатілі Ержанып Дәулет жолдас бұған үндемеген». 

«Еңбекші» собетіндегі «Құм көл» серіктігінің мүшесі Рыспайып Әбіш деген молда да Игілікіп сы­йақты, елден пікір-садақа жинап, қалқозшыларды дінге үгіттеген. Оның баласы Зікірийа комсо­мо­летс болса да, кесінің бұл қылы­ғына қарсы емес, әкесі мен бірге тұрады». 

Ол заманда балаларды сүн­деттеу де барып тұрған бассыздық болған тәрізді:

«Бұл-бұлма, 3-ауылдағы «До­ғал» серіктігінің мүшесі Қанқожа деген қожа 1937 жылдың басында, сол ауылдағы бастауыш мектепте оқып жүрген 8 баланың әке-ше­шесін көндіріп, балалардың бәрін сүндетке отырғызған. Осының салдарынан балалар бір жарым ай оқуларынан қалды». 

Осылай дей келе, автор өз сөзін: «Ауданда «жауынгер құдай­сыздар ұйымы» деген жоқ. Оларды ұйымдастыруды ойлаған жан жоқ. Әсіресе, комсомол ұйымдары бұл жұмысты мүлде ұмытты» деп «қынжылысын білдіреді». 

Жоғарыдағы мақалалар – «Социалистік Қазақстан» газетінің 1937 жылғы сандарында жариялан­ған материалдардың бір парасы ғана. Нәубет жылдарда шыққан нөмірлер әлде де тереңірек үңілуді, зерттеуді талап ететіні сөзсіз.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Елдар ҚАБА (коллаж)