Атбасарлық шағын шаруа қожалықтары биылғы көктемгі егіс науқанын аса қатты қиындықпен бастады. Киіктердің жыл сайын егінді таптап кетуінен титықтаған ірі серіктестіктер егіндерінің айналасын терең ор қылып қазып тастап, арты үлкен дауға айналған еді.
Қаңбақ салған салмақ
604
оқылды

Шаруалар жергілікті билік пен құзырлы органдардың еш келісімінсіз осындай қадамға барған. Егістік алқаптарын қызғыштай қорыған шаруалардың әрекетінен ұсақ шаруа қожалықтары зардап шеккен. Өйткені қазылған шұңқырларды жағалай жүрген киіктер енді ұсақ шаруа қожалықтарының жерін таптап кетіп жатыр.

Оған қоса, шаруалар шағын ғана алқапты алып жатқан егістік алқаптарын «ұшарын жел, қонарын сай білетін»  қаңбақтың басып кет­ке­ніне алаңдап отыр. Сәл жел соқ­са болды, егіннің бетінде түгелдей қаңбақ ұшатын болған. Салдары­нан егін себуде зор қиындыққа тап болған шаруалар қаңбақтың онда­ған шаруаның жұмысына қолбай­лау болып отырғанын ашық айтты. 

Шаруа қожалықтары иелерінің айтуынша, кезінде бұл жерлерде осыдан бірнеше жыл бұрын бан­крот­қа ұшыраған «Әліби» компа­ниясы ондаған мың гектар жерге иелік етіп егін салған. Бірақ одан кейін осы жерге келген компа­ния­лар орасан зор аумақты алып жат­қан егістік жерлерді игере алмай,  кезінде жыртылған жерлерді арам­шөп пен қаңбақ басып кеткен. 

«Тілекей Агро» компания­сы­ның 25 мың гектардан астам егістік алқабы бар. Бірақ соның  14 мың гек­тарына ғана егін егеді. Қалғаны бос жатыр. Не егін егемін деп құл­шынған шаруаларға бермейді. Не өздері егін салмайды. Кезінде «Әліби» компаниясынан қалған жердің игерілмей қалуынан қазір осы аймақтағы шағын 22 шаруа қожалығы түгелдей зардабын тартып отыр. Егіннің бетінде жел соқса болды қаңбақтар домалап дән сепкіштерімізді (сеялка) бітеп жүргізбей тастайтын болды. Қарға адым жерге егін салу қазір мұңға айналды. Ірі мөлшердегі  жерлердің еш пайдаланылмай жатуы оның құнарлығын төмендетіп тоздыр­ғанымен қоса, ұсақ шаруа қожа­лық­тарына да ауыр соғып тұр. Мұ­ны­мен қоса, биыл екі есе көбей­ген киіктер енді қазылған орлардан айнала жүріп отырып, тура біздің егістік алқабымызды таптап кете­тін болды. Ірі шаруалар экскаватор­шыға 3 миллион теңгеден төлеп, жатын орны мен тамағын беріп 3 метр тереңдікке дейін траншея қаздырып алған.  Міне, қазір  егін салуда осындай қиындықтарды бастан өткерудеміз, – дейді шаруа қо­жалығының иесі Нұрбай Жүсі­пов. 

Түйінді мәселе жөнінде алды­мен Атбасар ауданы әкімдігінен анықтамақ болдық. Жергілікті билік қазір көктемгі егіс науқаны жүріп жатқанын, тек егістік жұмыс­тары толық аяқталғаннан кейін тексеріс жұмыстарын жүргізетінін баян етті. 

– Ауданның статистикалық бө­лімінің берген мәліметінше, «Тілекей Агро» сол 25 мың гектар жер­ге түгелдей егін себуі тиіс бол­ған. Қазір нақты сараптама жасай алмаймыз. Көктемгі егіс науқанын 10 маусымда аяқтау жоспарланған. Осыдан кейін әкімдік және басқа да құзырлы органдар арнайы жұмыс тобы комиссиясын құрып, егістік жерлердің пайдалануын, қаншалықты көлемде егілгенін яки егілмегенін тексереді. Биыл аудан­да жалпы көлемі 495 мың гектар егістік алқапқа дән себілуі тиіс. Шаруаларға  киіктер де көп зиян шектіріп отыр. Егістік жер иелерін киіктердің таптауынан зор  шығын­ға батты. Былтырдың өзінде фер­мер­лер 2 миллиард теңгеден астам қаржысынан айырылған. Биыл шаруалар өздері егіндерінің айна­ласын қазып тастады. Бұны олар киіктерден қорғану үшін жасаған. Толық талдау нәтижесін тексерісті қорытындылағаннан кейін ғана анық­таймыз, – дейді Атбасар ауда­ны әкімдігінің баспасөз хатшысы Михайл Майер. 

Күрделі мәселенің мән-жайын Ақмола облысы Жер  ресурстары­ның пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасынан анықтамақ болдық. Басқарма басшылығының мәліметінше, Атбасар ауданындағы жоғарыда аталған компания был­тыр жайылым жерлерді игермей заңбұзушылықтарға жол берген. 

«Тілекей Агро» – бірнеше ау­дан­­да аса ірі мөлшерде егін егетін ірі компаниялардың бірі. Былтыр­ғы жылдың соңында жүргізілген тексеріс барысында аталған компа­ния­ның 13 мың гектардан астам жайы­лым жерлерді игермей таста­ға­нын анықтап, тиісті нұсқау бе­ріл­ген. 10 маусымға дейін егін себу науқаны жүреді. Одан кейін жер­гі­лікті билік өкілдерімен бірге жердің қаншалықты пайдаланылғанын анықтаймыз. Егер заңбұзушы­лықтар анықталып жер игерілмей жатса, бір жыл көлемінде күтіп, одан кейін мемлекет меншігіне қайтарып аламыз, – дейді басқарма басшысының орынбасары Аян Тастанбекұлы. 

Атбасарлық диқан қауымының басына түскен бейнеті қазір осын­дай жағдайда. Істің ретке келтірілуі құзырлы органдардың жылдам әрі нақты әрекет жасауына тікелей байланысты екені анық. Бір жағы­нан киіктердің шабуылы мен екін­ші жағынан жердің игеріл­меуінің салдарынан шығынға батқан ша­руа­лардың жанайқайы қалай ше­шімін табарын алдағы уақыт көр­сетер... 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы