Заман талабына сай кітап оқитын жастардың саны артып келеді. Солардың ішінде оқырмандардың іскерлік әдебиетке қызығушылығы ерекше. Жас жазушы, маркетолог Мирас Кесебаев Қазақстанды кітап оқитын елге айналдыруды басты мақсаты санайды. Сол үшін ол «Супер жады», «Жылдам оқы», «Әдеп күші», «30 күнде ағылшын тілінде сөйле» атты кітаптар да жазған. Біз Мирас Кесебаевқа хабарласып көрдік.
Мирас Кесебаев: Қазақша кітаптарға сұраныс артып келеді
1,549
оқылды

– Қазіргі таңда  жастар арасында сұра­нысқа ие бірнеше кітаптың авторысыз.  Жалпы кітап жазуға деген қызығушылық неден басталды? Бір кітап жазуға қанша уа­қыт жұмсайсыз? Қазақша кітаптарға сұра­ныс бар ма? 

– Иә, бұл кітаптарды осы бағытта жарық көрген алғашқы қазақша туындылар деп айтсақ болады. Мысалы, бұған дейін жылдам оқу туралы қазақша кітап шыққан жоқ. «Ағылшын тілінде сөйле», «Супер жады», «Әдет күші» болсын, бәрі – өз саласындағы алғашқы туындылар. Бұл кітаптарды жазуыма қазіргі қоғамдағы жағдайлар себеп болды. « Кітап деген жаз­ба­саң болмайтын жағдай туған кезде ғана жазылады» дейді атақты орыс жазушысы Л.Толстой. Менің де кітап жазбауыма амал қалған жоқ. Жалпы өзім бес жасымнан бастап кітап оқимын. Кітапты жылдам оқи алатын әдістердің барлығын  үйреніп ал­дым.  Қалаға келген соң одан ары жетіл­дірдім. Сол кезде айналамдағылар менен кітапты жылдам оқу әдісін сұрай бастады. Қазақ тілінде материал жоқ болғаннан кейін осы «Жылдам оқы» кітабын жаздым. «Ағылшын тілінде сөйле» де дәл осылай дүниеге келді. Өзім де ағылшын тілін үйре­ніп жүргенде қиналдым. Ағылшын тілін қатты үйренгім келгенімен қазақ тілінде ма­териал өте аз болды. Өзім үйреніп, бес жыл өткеннен кейін үйренген тәжірибемді жи­нақтай отырып, ағылшын тілін жылдам меңгергісі келетіндерге арнап кітап жазып шық­тым. Ең бірінші, өзім жақсы меңгер­геннен кейін ғана оқырманға арнап кітап жазамын. Жылдам оқуды, ағылшын тілін, есте сақтау қабілетін жақсарту жолын жетік білген соң қолыма қалам алдым. «Әдеп күші» кітабын жазарда түрлі әдіс-тәсілдерді сынап көріп, со­ған байланысты көп кітап оқыдым. Сон­дықтан да ақпараттық база жағынан қинал­ған жоқпын. 

Ал бір кітап жазуға аз дегенде жүз елу, одан ары кетсе екі жүз күндей уақытымды жұм­саймын. Осы уақытта қаншама кітап­ты, ғылыми материалдарды, әртүрлі ғалым­дардың еңбектерін оқып шығамын. Сол ақпараттарды сұрыптап, қазақ тіліне кел­тіремін. Қазіргі таңда қазақша кітаптарға сұраныс көбейіп келе жатыр. Себебі кітапты жарнамалап, оның  пайдасын айтып, подкаст түсіріп, кітап оқу жарысын ұйымдастырып жатырмыз. Соған байла­нысты жастар да кітаптың пайдалы екенін түсінуде. Әрине, барлығы емес. Бірақ өткен он жылмен салыстырғанда, жыл сайын кітап оқитын жастар көбейіп келеді. Оған қазақша кітаптар сапасының артуы және түрлі тақырыптарда жарық көрген қазақша кітаптар санының көбеюі де әсер етіп отыр.

– Өмірлік тәжірибеңізге сүйене отырып ағыл­шын тілін жылдам меңгеруді насихаттап жүрсіз. Тілді тез меңгерудің жолы қандай? 

– Ағылшын тілін тез меңгерудің жолы – тілді тура сәби сияқты үйрену. Сәбидің екі жаста тілі шыға бастайды. Бірақ балаға ешкім тілді үйретпейді. Барлығын тыңдау арқылы және тілі келмесе де, қате болса да қайталау арқылы сөйлеп кетеді. Ағылшын тілін мен дәл осылай үйрендім. Ең бірінші, ағыл­шынша жеңіл киноларды көріп баста­дым. Бірте-бірте жоғары деңгейлерге өте бердім. Көптеген подкаст  тыңдап, айна­ның алдында тұрып күнделікті қайталап жүрдім. Сәл де болса пайдасы тисін деп ережелерді де қайталадым. Әртүрлі сөздік­тер­ді жаттадым. «Apple-алма» деп жат­тағанға қарағанда, «I am eating an apple – мен алма жеп жатырмын» деп тіркес немесе қысқа сөйлеммен жаттаған тиімдірек. Тіл үйренуде кино көрген дұрыс. Себебі адамдар өмірде тура кинодағыдай сөйлейді, кітаптағыдай сөйлемейді. Кинодағыдай сөйлеп үйренсеңіз ертең шынайы өмірде шетелдікпен оңай сөйлесіп кете аласыз.

– Әлеуметтік желіде «жылдам оқы» ав­тор­лық курсын ұйымдастыратыныңызды байқадық, жалпы «жылдам оқы» кітабынан бұл курстың айырмашылығы қандай? Әлде бұл курс кітапта жоқ тың ақпараттармен қам­тылған ба? 

– «Жылдам оқы» курсы «Жылдам оқы» кітабының негізінде жасалған. Себебі адамдардың ақпарат қабылдауы үш түрге бөлінеді. Біріншісі көру арқылы, екіншісі есту арқылы, үшіншісі ұстап көру, сипау арқылы ақпаратты қабылдайды. Сол сияқ­ты кейбір адамдар кітапты оқып отырып жақсы ақпарат алса,  ал кейбір адамдар курстан көріп даусыңды тыңдау арқылы ақпаратты жақсы қабылдайды. Сол себепті «Жылдам оқы» курсын аштым. Қазіргі уа­қыт­та екі мыңнан аса жасқа, соның ішінде мұғалім мамандығында білім алатын сту­дент­терге жылдам оқу әдісін үйреттім. Курс қатысушылары екі сағат ішінде нәтижеге жетіп отыр. Студенттер жылдам оқуды бірінші өздері меңгеріп, ертең сабақ беретін мыңдаған шәкіртіне үйрете алады. Сол үшін жылдам оқу қабілеті өте маңызды. Өйткені ақпараттық заманда оқитын ақпа­рат та көп, кітаптар да көп. Заманның ағы­мы­на ілесу, бейімделу үшін ақпараттың ішіндегі пайдалысын таба білуіміз керек.

– Қазақстанды кітап оқитын елге айнал­дыру­ды негізгі миссия  қылып, под­каст түсі­ріп жүрсіз. Жалпы подкаст түсіру бү­гінгі заман­­ның талабы ма? 

– Әр заманның өзінің тренді болады. Біз соны ескере отырып халыққа ақпарат бе­руі­міз керек. Қазіргі жастар подкаст арқылы ақпаратты көбірек қабылдайды. Подкастың артықшылығы, бірнеше адам қатысып, еркін сөйлеседі. Оны кез келген адам тыңдап ақпаратты қабылдай алады. Кітап жайлы алғашқы подкаст болған­дық­тан оқырмандар өте жақсы қабылдады. Жалпы бұрын пайдалы кітап оқу, кітап оқу­дың мақсаты туралы кең көлемде под­каст болмады. Біз сол саладағы алғашқы жо­баны жүзеге асырып, жақсы нәтиже көрсеттік.

– Адам миын дамытуға арналған « Супер жады» кітабыңызда адам өміріне пайдалы ақпарат өте көп. Сол жайлы айта кет­сеңіз?

– Негізі менің еске сақтау қабілетім нашар. Егер біреу  кеше не істедің, осыдан бір жыл бұрын  дәл осы уақытта не істедің деп сұраса есіме түсіре алмаймын. Соған байланысты мен бала кезімде ақпаратты жаттаудың түрлі әдісін үйрендім. Ол мнемотехника деп аталады. Қиын термин­дер­ді, ағылшынша сөздерді, адам атын, телефон нөмірлерін  сол әдіспен жаттауды үйрендім. Әсіресе, бұл әдіс ҰБТ-да қатты көмектесті. Қазір ақпарат өте көп. Адамдар әр түрлі жерден қысқа-қысқа ақпарат оқы­ған­нан кейін «цифрлық деменцияға» ұшырайды. Яғни ақпараттың көптігінен есте сақтау қабілеттері төмендейді. Сол үшін миды қозғайтын, мидың бұлшықет­терінің жақсы жұмыс істеуіне көмектесетін, белсенділігін арттыратын түрлі әдістерді айтқым келді. Осы кітапта миды дамытатын елуге жуық әдіс және жиырмадай есте сақ­тау жолды жазып шықтым. Бұл кітап­тарды өзім жазсам да жиі қайталап оқимын. Қайталап оқу ұмытылып қалған ақпаратты еске түсіреді. Біз миымыздың бұлшықет­терін, нейрондарын жиі- жиі қозғау арқылы олардың белсенділігін арттырамыз. Кез келген адам өзіне қажет болмаса да кейбір ақпараттарды есте сақтауы керек. 

– Алдағы уақытта  кітап жазу жоспарда бар ма? Егер бар болса қандай бағытта жаза­сыз?

– Біздің қазіргі қоғамға ерлерге арналған кітап қажет. «Ең бақытты әйел», «Әйел бақыты», «Бақытқа ұмтылған әйел», «Әйел бақытының сыры» деген әйелдерге қатысты кітап көп. Бірақ ерлерге қатысты кітап жоқ. Яғни, ер адам ол кітап­ты оқығанда, шынайы жігіттің қандай бо­ла­тыны, жігіттің білімі, отбасын асырауы, жауапкершілігі, өмір сүрудегі мақсаты, ба­ла­ға беретін тәрбиесі, спортпен айналы­суы деген сұрақтарды кеңінен қамтитын, оқыған жігіттің мотивациясын оятатын Б.Момышұлы сияқты батыр, Ә.Марғұлан сияқты ғалымдарға ұқсауға ұмтылдыратын кітап жазу ойымда бар. Бұл идея осыдан үш жыл бұрын пайда болған еді. Бірақ әлі жүзеге асқан жоқ. Бұйырса шығып қалар деген үміттемін. Бұдан бөлек балалардың интеллектісін дамытуға арналған кітапты бастап қойғанмын. Ол кітапта жылдам оқу, есте сақтау, логиканы дамыту, интеллектіні дамытуға арналған түрлі ойын, жаттығулар бо­лады. Осындай кітаптар – біздің елде жоқ­тың қасы. Бізде көбіне шетел кітап­тарын қазақшаға аудара салады. Сәтін салса, бұл кі­таптар да жарыққа шығады деген ойда­мын.

– Әңгімеңізге рақмет! 

 

Сұхбаттасқан

Айкүміс ЕСЕЛХАНҚЫЗЫ