Астана қалалық Экономикалық тергеу департаменті қаржы пирамидаларын құрықтау күрделене түскенін растайды.
«Біз осы уақытқа дейін қаржы пирамидаларын офлайн семинарлар, презентациялар, салымшылар арасында қолма-қол ақшаны қайта бөлу немесе екінші деңгейдегі банктердің шоттары арқылы жасалған аударымдардан байқаған болсақ, қазір қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылар цифрлық технологияларға көбірек жүгінеді» деп ескертеді департамент өкілдері.
Қаржы пирамидасының салымшыларға арналған семинарлары онлайн режимінде өтеді. Онда алаяқтар адамдарды жеке кабинетті ашу, сол арқылы табыс табу, өз қаражатын басқаруға арналған интернетплатформаларға тіркелуге шақырады. Жәбірленушілердің қаражатын алу үшін сандық активтер, әртүрлі криптовалюта биржаларының әмияндары пайдаланылады. Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, биылғы жылдың үш айында Қазақстанда қаржы пирамидасының белгілері бар 4 мыңға жуық сайт пен аккаунт бұғатталған.
2023 жылдың басынан бастап @baiqapiramidabot жеделхат-боты іске қосылды. Бұл бот арқылы қазақстандықтар сайттар мен әлеуметтік желілерді қаржы пирамидаларының белгілеріне дербес тексере алады. Пайдаланушыға компанияның веб-сайтына, Instagram парақшасына, Vkontakte тобына немесе Telegram арнасына сілтеме енгізу жеткілікті. Сондай-ақ ақша табуды ұсынатын компанияны ЖСН арқылы тексере алуға мүмкіндігі бар.
Бұдан басқа, енді өз қаражатын инвестициялағысы келетін әрбір азамат Қаржы мониторингі агенттігінің сайтында жарияланған қаржы пирамидаларының тізімі бойынша компанияның сенімділігін тексере алады.
Естеріңізге сала кетейік, қаржы пирамидасын мына белгілерге қарап-ақ анықтауға болады. Біріншіден, мұндай күмәнді компаниялар қолма-қол ақшаны инвестициялауға шақырады әрі олар салынған ақшаны өте жоғары пайызбен қайтарып алу мүмкіндігін ұсынады. Сонымен бірге компанияға тамыр-таныстарыңызды тартуға міндеттейді. Және де компания жақында тіркелген, оның ең төменгі жарғылық капиталы және жалғыз құрылтайшысы бар. Келісімшартта жауапкершіліктері толық көрсетілмейді.
Экономикалық тергеу департаменті елордалықтарды сақ болуға және қаржыларын күмәнді қаржы ұйымдарына салмауға шақырады.
Ж.ҚҰТТЫБАЙ