«Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» дейді қазақ. Сол айтпақшы, 2021 жылы Қазақстан халқына Жолдауында Президент 5 жыл ішінде орман қорында 2 млрд және елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызуды тапсырған болатын. Ендеше 2 млрд ағаш егу жоспары қалай орындалып жатыр? Сан қуамыз деп сапаны ұмытып кетпедік пе?
2 млрд тал қалай егіліп жатыр?
824
оқылды

5 жыл мен 5 пайыз

Президенттің 5 жылда орында­луы тиіс тапсырмасының түпкі мақсаты 2030 жылға дейін еліміздің орман алқабы көлемін 5 пайызға дейін ұлғайту болған-ды. 2 млрд ағаштың 318 млн данасы тұқымын егу арқылы, 1 миллиард 682 мил­лион данасын көшетін отырғызу жоспарланған екен. Мұндағы жұ­мыстарды негізінен әкiмдiктер ат­қарып жатыр. Одан кейінгі кезекте Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ведомстволық ба­ғынысты ұйымдары және табиғат пайдаланушылар мен бастамашыл топтар. Жобаны жүзеге асыру үшін облыс әкімдіктері Экология ми­нистрлігімен мақұлдай отырып, ормандарды қалпына келтіру және молықтыру жөніндегі 5 жылдық кешенді жоспарын бекітті. Бір айта кететіні, басқа елдерден отырғызу материалдары сатып алынбайды. Жұмыстар көктемгі және күзгі тал егу маусымы боп екі кезең бойынша жүргізіліп жатыр.

«2021 және 2022 жылдары ағаш отырғызу жоспары асыра орын­далды, 232,4 мың гектар аумаққа 421,2 млн дана ағаш отырғызылды. Одан басқа, Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2025 жылға дейін Арал теңізінің құрғаған түбіне жал­пы көлемі 1,1 млн гектар жерге сек­сеуіл отырғызу жұмыстары жү­зеге асуда. 2021 жылы 100 мың гек­тар, 2022 жылы 250 мың гектар алаң­да ағаш отырғызылды», – дейді Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы Бақдаулет Аман­гельдинов. 

Жобаны қаржыландыру үшін 5 жыл iшiнде республикалық бюд­жеттен 22,4 млрд теңге, жергiлiктi бюджеттерден 60 млрд теңге бөлу қарастырылған. Бұл қаражат осы жұ­мыстарды материалдық-тех­ни­ка­лық қамтамасыз етуге жұмсалмақ. 

Негізінен, 2025 жылға дейін әр жыл сайын орташа есеппен 85 мың гектар аумақ қамтылып, оның әр 1 гектарына 4 300 түп ағаш отырғызу жоспарланған. Осылайша, жылына 365,5 млн түп ағаш отырғызылмақ. Сонда 5 жыл ішінде ел бойынша 1 млрд 860 млн түп ағаш егіледі. Қалған түп ағаштар бұрын шықпай қалған көшеттердің орнына қайта ағаш отырғызу есебінен жүзеге асады. Осының бәрін есептегенде 5 жыл көлемінде Президенттің тапсырмасы орындалатындай.

Еккеннен бұрын отамау қажет

Қазір елімізде 6,1 млн гектар сексеуіл алқаптары бар. Бір сек­сеуілдің 10 шаршы метр немесе төрт тонна құмды ұстап тұру мүмкіндігі бар екен.

«Егемендік алған жылдардың басында осы сексеуіл ағаштарына сұраныс артып, оның көптеген мың гектар алқабы бейберекет кесіліп жойылды. Одан бөлек орман өрті мен түрлі антропогендік фактор­лардың әсерінен сексеуіл ағаш­тарының алқаптары айтарлықтай азайып кетті. Осыған байланысты алғаш рет Қазақстан Үкіметі 2004 жылы сексеуілді кесуге мораторий жариялады. Осы уақыт ішінде заң­сыз кесу фактілері азайып, табиғи жаңару арқылы көбеюі және көп­теген алқаптарға орман шаруа­шылығы мекеме қызметкерлеріның күшімен сексеуіл көшеттерін отыр­ғызу жәнеде тұқымын себу арқылы сексеуіл алқаптары ұлғайып келе жатқандығын аңғаруға болады. Осы мораторий биыл аяқталады», – дейді Ә.Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроор­манмелиорациясы ғылыми-зерттеу институты» Алматы филиалының жетекші ғылыми қызметкері, PhD Данияр Досманбетов.

Мамандар осы сексеуілді шабуға салынған тыйымды тағы да соза түсу керек деп санайды. Одан бөлек, самырсын ағашын және Қызыл кітапқа енгізілген ағаштарды кесуге тыйым салынған. Осындай шара­лардың арқасында оларды сақтап қалу мүмкіндігі арта түспек. Бұл жер­де мәселе егуде ғана емес, ота­мауда да болуы тиіс. 

Орман зауалы – өрт пен дерт

Оталғанынан бөлек, орманға төнген зауал – өрт пен дерт болып тұр. Қаладағы өрттерге қарағанда даладағы, әсіресе ормандағы өрттер қауіпті. Өйткені таралуына ауа температурасы, жел жылдамдығы және өрт бағыты әсер ететін мұндай өрттерді сөндірмек тұрмақ, тіпті бақылауға алудың өзі қиын. 

«Биыл елде жыл басынан бері 146 орман өрті тіркелді. Тілсіз жау 24 мыңға жуық гектар жерді шар­пыған. Одан келген шығын 66 млн теңгені құрады. Соның ішінде Абай облысындағы өрт аса ауыр болып отыр. Онда 3,5 мың гектардан астам орман күлге айналды. Соңғы жыл­дары орман өрттерінің саны азайып келе жатқанымен, өрт шалған аумақ көлемі 9 есеге дейін артып отыр. Әсіресе Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Қостанай облыстарында ахуал нашар», – дейді ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов.

Мамандардың айтуынша, қурап кеткен ағаштар өртті өршіте түседі. Бұдан бөлек, олардың өзегі ылғал­дан шіріп, опырылып, оған пара­зиттер жиналады. Олар ағашты жеп одан сайын қуратып, айналасындағы сау ағаштарды зақымдай бастайды. Оған ыстық ауа райы қосылып, ауру ағаштар қурай түседі. Мұндай ахуал қазір Алматы қаласының өзінде де, сол маңайдағы тау бөктерінде де ушығып тұр. Алатау баурайында жапырақтардың ішінен қурауы секілді өсімдіктер арасындағы жұқпалы ауру дендеп кеткен.

«Қаланың әл-Фараби даңғы­лынан төмен бөлігін экологиялық тұрғыдан өлі аймақ деп санауға болады. Өйткені зиянкестер қаптап кетті. Олар маусымның аяғында бел­сенді бола түседі. Өңдеу жұмыс­тары жүргізілгенімен, тиімділігі күмән тудырып отыр. Қаладағы емен, талшын, үйеңкіні тазартқан күннің өзінде, ол дәрі ағашқа 21 күн ғана әсер етеді, зиянкестер жойы­лып кетпейді, олар қайта пайда болады. Сондықтан мұны уақытша шара деп айтуға болады. Ендігі жер­де шындап жаппай оңалту шара­ларын қолға алмасақ, ертең тамыз айында кеш болады. Қала ағашсыз қалады», – дейді Алматы бота­никалық бағын жаңғырту жобасы­ның ландшафт сәулетшісі Нелли Лаптева.

Қаланың Жасыл экономика бас­қармасының мәліметінше, ар­найы зерттеу нәтижесінде, Алма­тыда ағаш зиянкестерінің 30-ға жуық түрі бар екені анықталған. Олардың ішінде ең қауіптісі – ин­вазивті зиянкестер, яки ара тектес жәндіктер мен күйе жұқтыратын құрттар, жапырақ шиыршықтағыш көбелектер. Сондықтан да мамандар бұл мәселені шешудің бір жолы – зиянкестерге төзімді ағаштарды отырғызу екенін айтып отыр. Одан бөлек, ағаштарды суару мен арық­тардың жағдайына жауап беретін «Зеленстрой» және «Гидроучасток» сияқты ұйымдарды қайта жұмысқа тарту қажет. Себебі қазір әкімдікте ағаштардың жай-күйіне жауап бе­ретін дендрологтар, агротехниктер, өсімдіктерді қорғау жөніндегі қажетті мамандар жоқ. Ботаника және фитоинтродукция инсти­тутына, Өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу инсти­тутына жүгіну қажет. Олармен ­жұ­мыс тобын құрып, кешенді жұ­мыс­тарды қолға алу керек. Егер осы­лай дереу әрекет етпесе, Алматы желе­гінен айырылып, шөл қалаға айналмақ.

Көшетке де күтім керек

Десе де, 2 млрд ағаш егу бас­тамасына сын көзбен қарайтындар да бар. Олар бұл жобаның жоспарлы орындалып жатқанына сенбейді. 

«2 млрд тал дегеніміз 80 шаршы шақырымды алып жататын аумақ. Яки, нормасын сақтар болсақ, 1 гек­тар жерге мәселен 3000 дана терек ағашы кету керек.

Қалаларымыз жасыл болу үшін көп ағаштың керек екені рас. Мәселен, Астананы алайық. Сая­бақтарымыз неге жап-жасыл емес. Қашан қарасаң да солғын. Өйткені онда да бұталар мен көпжылдық гүлдер және ағаштар егілуі керек. Онда да аралары сирек болмауы қажет. Жалпы байқағаным, қай қалада болмасын көгалдандыруға жауаптылар жергілікті жерлерге қарай ағаш түрлерін дұрыс таң­дамайды. Отырғызу маусымын таң­дауда қателіктер бар. Жас өскіндер алғашқы 3 жылда дұрыс күтімге алынбайды», – дейді кәсіпкер Ер­лан Оспанов.

Қай маманның да айтып отыр­ған пікірлерінің жаны бар. Ек­кеннен бұрын отауға тыйым салу­дың берері көп болса, орман өрттері мен зиянкестермен күресте ше­ші­мін күткен мәселе аз емес. Егер 2 млрд бастамасы кешенді эколо­гия­лық саясатқа айналар болса, онда зәулім ағаштар саясында «Қазақ­станым – қалың орманым» деп әндетіп жүрер де күн туары анық.

Нұрлан ҚОСАЙ