«Кішкентай» қонаққа да комфорт керек
Видео авторы балаларды жақсы көретінін, алайда қонақтар тойда алаңсыз көңіл көтере алғанын қалайтынын айтады.
«Қонақтардың өзі де демалғысы келетін шығар. Ол үшін баланы үйде қалдырған дұрыс. Әрине, менің тойыма кейбір қонақтардың бәрібір бала ертіп келетінін білемін, бірақ туысқандарымның көпшілігі ойланып, іс-шара форматы басқаша екенін түсінер. Ата-анам да менің бұл шешімімді қолдады, олар да тойда топ баланың жүргенін қаламайды. Бұл, әлбетте, менің өз туыстарымды жақсы көрмейтінімді білдірмейді», – дейді желі қолданушысы Индира Тыржанова.
Жалпы, тойға бала ертіп келуге қатысты пікірталас тойлар жаппай мейрамханада өте бастағалы бері өзекті. Мұның бір себебі – мейрамханадағы әрбір орынның ақылы екенімен байланысты болса, енді бір себебі – ойын қуып жүретін балалар тойхана қызметкерлеріне кедергі келтіруі мүмкін, сол себепті кейде тойхана әкімшілігінің өзі соған мүдделі болады. Мәселен, Қызылорда облысындағы ауылдардың бірінде мейрамхана есігіне тойға бала ертіп келуі тыйым салынатыны туралы хабарландыруды көзіміз шалған (суретте). Әрі хабарландыруда тойхана әкімшілігі ескертуді елемегендерге айыппұл да қарастырылған айтқан. Әйтсе де, балалы қонақтардың айыппұл төлеген-төлемегенін белгісіз. Бірақ осы жазудың өзі біраз ата-ананы ойландырған болуы ықтимал.
Астанадағы той ұйымдастырушы агенттік өкілі Динара Бекболатқызының айтуынша, мейлі үйлену, мейлі мерейтой болсын, сауық кештері кішкентайлар баратын орын емес.
«Бала ертіп келген қонақ бәрібір алаңсыз отыра алмайды. Тост сөйлеуге шыққанда да, тіпті дастарқан басында отырғанда да, баласын тамақтандырумен, баласына көңіл бөлумен, оны ойнатумен, киімін ауыстырумен әуре болады. Ерсілі-қарсылы жүгіріп жүрген балалар той иелерінің де шамына тиетіні өтірік емес. Кім қанша күн бойы дайындалған қуанышының шырқы бұзылғанын қалайды?! Иә, түсінемін, біздің халық балажан. Бес жылдық тәжірибемде бірде-бір баласыз өткен тойды көрмеппін. Сондықтан «тойға баласыз келіңдер» дегеннен гөрі балалы қонақтардың комфортына арналған жағдай жасау қисындырақ сияқты. Мәселен, былтыр осы Астанадағы бір тойда той иелері мейрамханадағы бөлек бөлмені балаларға арнап жалдады. Арнайы аниматор мен бала күтушісін шақырып, балаларға бөлек ас мәзірін дайындады. Әрине, мұндай жағдай жасау үшін қосымша шығындануға тура келеді. Бірақ есесіне той иелері де, қонақтар да алаңсыз жүрді», – дейді агенттік маманы.
Сауықшыл сәби көпшіл ме?
Аталмыш мәселеге қатысты психологтердің да айтары бар. Кейбір маманның пікірінше, той-томалақтар – балада өзінің кім екені туралы идентификациясының қалыптасуына ықпал ететін алаң.
«Тойға бару, жақындарын іздеу, жағдай сұрасу деген дүниелер біздің менталитетте бар. Жалпы, қазақ тойларының бірден-бір мақсаты – туыстармен бас қосу, қуанышыңды бөлісу, осылайша туыстар арасындағы өз маңызыңды сезіну. Ал мұндай ортаға кішкентайынан көзі үйренген балада да өзінің қазақ екені жайлы идентификация жақсырақ қалыптасады. Тойға жиі баратын бала мен сыртқа көп шықпаған баланы салыстырсаңыз, айырмашылықты кәдімгідей байқайсыз. Тойға жиі бару баланың коммуникациялық дағдыларының жетілуіне, әлеуметтенуіне де оң әсер етеді», – дейді психоанализ бағытындағы балалар психотерапевті Әсем Ілесбай.
Дегенмен маман баланың жас ерекшелігін де ескеру керегін айтады: үш жасқа дейін бала көбіне анасының ықыласына ғана мұқтаж, сондықтан тойға үш жастан асқан балаларды ғана апарған дұрысырақ.
Ал енді бір балалар психологі Әйгерім Құлмаханбет тойға бала ертіп апарарда ата-ана өзіне жауапкершілік алуы тиіс екенін айтады.
«Бала үшін үйдегі ата-ананың үйреншікті образы бар. Егер тойда ата-ана ішімдік ішіп, я болмаса көңіл көтеру барысында басқа да ерсі қылықтар жасаса, онда бала өз ата-анасын өзіне бейтаныс мүлдем жаңа күйде көруі мүмкін. Бұл, әрине, оның психикасына кері әсер етеді дер едім. Сондықтан тойға бала ертіп баратын ата-ана, ең әуелі, өзінің әрекеттеріне жауап бере алуы керек», – дейді маман.
Тойхана тәрбие алаңы емес
Той балалардың көпшіл болып өсуіне, қазақы мінезінің қалыптасуына ықпал ете ме – бұл турасында алдыңғы буын өкілдерінің де пікірін білдік. Ақын Ақұштап Бақтыгереева бүгінгі тойлардан балалар алатын тәрбиелік дүние жоғын айтып, қынжылысын білдірді.
«Менен сұрасаңыз, баланы тойға емес, театрға ертіп апарыңыз деген болар едім. Қазіргі тойда жас бала тәрбие алатындай көп нәрсе жоқ. Даңғаза айқайдан үлкендердің өзі құлағы жарылардай күй кешіп, бір-бірімен сөйлесе алмай, ешкім ешкімнің сөзін естімей, шаршап тарайды. Сәби бүгінгі даңғаза тойдан не көреді? Келіннің әдепсіз биін, жастармен жағаласып ортада жүрген әженің дарақы қимылын, үлкендердің мәнсіз-мағынасыз ойындарын, ішімдікке сылқия тойып алып, жағаға жармасатын аға-көкелерді көреді. Бұл жерден ұлттық ештеңе үйренбейді. Оның үстіне, кейде біреулер кішкентай қызын, ұлын ән салушы еді деп ортаға шығарады, қонақтар оған ақша береді. Бұл да онша бір ұлағатты тәрбиенің жөні емес. Өз басым ешқашан тойға бала апарып көрген жоқпын. Театрға ертіп барамын», – дейді қоғам қайраткері.
Бұл пікірмен көпбалалы ана Салтанат Елікбек те келіседі.
«Лажы болса, балаларымды тойға ерітпеуге тырысамын. Тойда балалар түгілі үлкендер көруге ұялатын небір масқаралар болып жатыр. Баланы апаратын басқа да орын көп. Тұсаукесер, шілдехана немесе туыстарымның балаларының туған күні деген сияқты жиын-тойлардың өзі жетеді», – дейді ол.
Расында, тойдан басқа да бала көруі тиіс нәрсе көп. Ал тойға... әлі талай рет барып үлгереді.
Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ
Әсел БАЛТАҚЫЗЫ (коллаж)