Жыл сайын ерте көктемнен атыз жағалап, белі бүгіле еңбек ететін еңбекші қауымының қиындығы аз емес. Егінді ысы­рапсыз жинап алу қарекетімен жүретін диқанды бірінші кезекте су тапшылығы тығырыққа тірейді. Алайда әрбір науқанда кезігетін бұл мәселені еңсеру мүмкін болмай тұр.
Сыр диқандарының көңілі күпті
1,127
оқылды

Биыл да дария суы жылдағыдан жоғары болды деп бөркін аспанға атып қуанған диқан қауымының қуанышы ұзаққа бармаған сыңайлы. Жаппай егін егу жұмысы қарқын алған сәтте әдеттегідей су тапшы­лығы бір бүйірден қыса бастады.

Бір ғана Қызылорда облысына қарасты Жаңақорған ауданының диқандары дария суының болмауына байланысты егілген дән құстың жеміне айналып бара жатқанын айтып, дабыл қағып жатыр. Жағдай бұлай жалғаса берсе, берекелі күзде жер-ананың ырзық-несібесінен қағыламыз ба деп қорқады. Күрішті бастыруға су таппай сергелдеңге түскен шаруалардың шарадай басы шақшадай болып жүр.  

Негізінен, биыл облыста 195,6 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған. Соның ішінде күріштік алқап 83,9 мың гектарға межеленген. Осы ар­қылы күріштің көлемін өткен жылға қарағанда 5,3 мың гектарға арттыру көзделген. 

Дала төсін дүбірге бөлеген диқан қауымы бұл науқанда тұқым, басқа да қажетті жабдықтармен толық қамтылғанымен, суға бастыру кезе­ңін­де тағы да су тапшылығына кезігіп отыр.

Бұл тұрғыда Сырдария өзеніндегі су деңгейін бақылайтын сала маман­дары егіс алқабына жіберілетін су көлемі толық қамтылғанын, алаң­дауға негіз жоқ екенін айтып отыр. Бұл жайында жуырда Қызылорда облысы әкімдігінде өткен брифингте «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Зейнулла Қазтоғанов мәлімдеген болатын.

«Жалпы, Шардара су қойма­сынан жеткілікті деңгейде су келіп жатыр. Қазір қоймада 4 301 млн текше метр су  бар. Бұл орайда Шар­дара су қоймасы мен Көксарай су реттегішінің жұмысы ұдайы бақы­лауда. Жергілікті атқарушы органдар және су шаруашылығы ұйымдары­мен Сырдария өзеніндегі су дең­гейіне бақылау жұмыстары тұрақты жүргізеді», – деді ол.

Негізінен, бүгінде су қоймасына жіберіліп жатқан тіршілік нәрінің көлемі секундына 82,8 текше метрді құ­райды екен. Ал төменге  секунды­на – 200 текше метр су жіберіліп жатыр. Сол сияқты Көксарай су реттегішінде 750,56 млн текше метр су көлемі болса, Әйтек су торабынан өзеннің төменгі ағысына жіберілген су көлемі секундына 5 текше метрді құрап отырғанын алға тартады. 

Ал «Қазсушар» РМК тарапынан егілген егісті суармалы сумен қамта­масыз ету бойынша алдын ала су пай­далану жоспарына сәйкес жұ­мыс­тар жүргізіліп жатқанын мә­лімдеді. 

Бірақ күріш өсіріп отыр­ған шаруашылықтар биыл да мәселе басы ашық күйде қалып отырғанын айтып, ашынып отыр. Сала маман­дары айтқандай, мол судың игілігін көре алмай отырғанын, еселі еңбек­тің өтеуі қайтпай тұрғанын жеткізді.

«Егін шаруашылығында мәселе шаш-етектен. Жыл өткен сайын шешімін табар емес. Былтырғы ахуал биыл да қайталанып отыр. Қазір егінжайда вегетация кезеңі жүріп жатыр. Күрішті суға бастыруда су тапшылығының зардабын тартып отырған шаруашылықтар жетіп артылады. Өзімізге қарасты шаруа­шылықтар қатарынан бір ғана «Бесарық» серіктестігін алып қа­расақ, бүгінде қиын кезеңді бастан кешіп отыр. Осы Сырдария ауда­нына қарасты Бесарық ауылын­да 500 гектар күріш егіледі. Оны Жаңа­дария каналы арқылы суарамыз. Алайда судың өз күшімен жеткілікті деңгейде келмеуіне байланысты 9 электрлі су тарту сорғысын іске қосып отырмыз. Егер сорғы болмаса егінжайдағы еселі еңбектің зая кететіні ащы да болса шындық», – дейді бұл жайында «Абай-Дәулет» ЖШС директорының орынбасары Жасұлан Тұрлыбеков.

Сыр диқандарының айтуынша, қыс мезгілінде су мөлшері жеткілікті деңгейде келіп тұрады. Ал көктем, жаз айларында тапшылығы байқа­лады. Бұл жылда қайталанатын құ­бы­лыс. Себебі дария суы көршілес мемлекеттерімен байланысты бол­ған­дықтан егін науқанында диқан қауымына үлкен қиындық туады. Сол себепті де әр шаруашылық ша­ма-шарқынша су айдау сорғысын пайдалануға мәжбүр. 

«Жалпы, мұндай қиындықтар егін шаруашылығында бар. Жыл сайын қайталанып отырады. Дей­тұрғанмен, қиындықтар болды екен деп қол қусырып қарап отыра ал­май­мыз. Қиындықты еңсерудің түр­лі жолдарын жасап келеміз. Биыл да жұмыстың ретін келтіріп, күріш­тік алқабымызды әупірімдеп суға бастырып алдық. Негізінен, жылда қайталанатын мәселені оңтайлы ше­шудің жолдарын қарастыру қа­жеттілігі туындап тұр», – деп өз ойымен бөлісті тағы бір іргелі ша­руашылық «Жан-Арай» ЖШС директоры Бақдәулет Махашов.

Негізінен, күрішшілердің көңі­лін күпті еткен су мәселесі жылда жырға айналған. Су тапшылығына байланысты күріш көлемін азайтып, суды аз қажет ететін өнімдерді егуге бетбұрыс жасап отырса да, мәселенің азаймай тұрғанын мәлімдеді. 

Сондықтан құзырлы орындар тарапынан көрші мемлекеттермен келісімге келіп, су тапшылығын еңсерудің оңтайлы жолын тапса деген ұсыныстарын жеткізіп отыр.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы