Астана халықаралық университетінің педагогикалық коллежінде «Экологиялық мәдениетті арттыру, жастар мен балаларға қолайлы экожағдай жасауға бағытталған кешенді шаралар» жобасын іске асыру бойынша баспасөз конференциясы өтті.
Экомәдениет ертеңіміз үшін
937
оқылды

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ гранты аясында жүзеге асырыла­тын жоба табиғат ресурсын тиімді пайдалану үшін қоғамда экологиялық жауапкершілік қалыптас­тыру­ды көздейді. Іс-шараға экологтар, экобелсен­ділер, қоғамдық экологиялық ұйымдар мен жалпы білім беру мекемелерінің өкілдері қатысты.

Соңғы жылдары елімізде өскелең ұрпақ арасын­да экологиялық мәдениет қалыптастыру жайы жиі айтыла бастады. Мектептер мен жоғары оқу орын­дарында экологиялық білім беру процесін кешенді жүзеге асыру, тіпті «Экология» пәнін енгізу мәселесі бірнеше жылдан бері күнтәртібінен түскен жоқ. Бұдан бөлек, жастардың экологиялық ой-өрісін дамы­ту мақсатында түрлі жобалар қолға алынды. Эко­логиялық мәдениетті арттыру, жастар мен бала­ла­рға қолайлы экожағдай жасауға бағытталған ке­шен­ді шаралар да осы мақсатты көздейді. Кон­ференцияны ұйымдастырушы – «Қазақстанның экологиялық қорының» президенті Айгүл Әбду­алиева жастар арасында экологиялық білімді дамы­ту жобасының барысы туралы айтты.

«Бұл бүгінгі іс-әрекетінің жақын болашаққа әсерін ойлайтын адамдарға арналған жоба. Өскелең ұрпақтың бойында экологиялық өмір салтын қалыптастыру аса маңызды, сондықтан жастарды жобамызға белсенді тартамыз. Жақында ғана плас­тик жинауға арналған эко-акция өткіздік. Мектеп оқушылары қайта өңдеу үшін 100 келіге жуық пластик жинады», – деді ол.

Қор жетекшісінің айтуынша, жоба аясында Қостанай қаласында Neco базасында оқушыларға, колледждер мен жоғары оқу орындарының сту­денттеріне арналған экологиялық орталық ашу, республиканың барлық облысында интерактивті тренинг өткізу жоспарланып отыр. Ондағы мақсат – қоршаған ортаға, табиғаттың әртүрлі объектілеріне қатысты шешім қабылдағанда дұрыс экологиялық көзқарас қалыптастыру, іс-әрекетінің нәтижесіне талдау жасау арқылы жас ұрпаққа ой салу. 

«Алдағы онжылдықта жастар климаттың өз­геруі, құнды табиғи ресурстардың жетіспеушілігі, энергия тапшылығы, әлемді қоқыстан тазарту сияқты көптеген мәселемен бетпе-бет келеді және экологияның мұндай проблемаларын қалай шешу керегін білуі керек. Жастарды табиғатты және қор­шаған ортаны қорғау жауапкершілігіне үйретуіміз керек. Жыл сайын миллиондаған гектар орман өртеніп, мыңдаған аң-құс өледі. Тек былтырғы Әулиекөлдегі өрт 43 мың гектар орманды шарпыған. Орман қорының көп бөлігі тілсіз жаудан зардап шекті. Біздің қор Әулиекөлге 500-ден астам көшет отырғызды, бұл аз. Орманның ахуалына бей-жай қарамайтындардың көбейгенін қалаймыз. Экология адамға көбірек мұқтаж», – деді ол.

Асыл ТҰМАР