Тараз қаласындағы «Түй­те» каналы төңірегіндегі түйткіл басылар емес. Өткен жетіде адвокат Рена Кери­мова жаса­ған мәлім-демеден кейін көп шендіден маза қаш­ты.
«Түйте» төңірегіндегі түйткіл
958
оқылды

Оған негіз де жоқ емес. Өйт­ке­ні жеке кәсіпкер Хасият Мада­минованың құқығын қор­ғау­шы адвокат «арыздану­шының  иелігіндегі «Түйте» каналын Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов заң­сыз тар­тып алғалы жатыр» деп сананы сан-саққа жүгірт­ті. Мұндай мәлімдемеден кейін жергілікті билік өкілдері аб­дырап қалғаны да жасырын емес. Алайда олар бұл ақ-параттың шындыққа жанас­пайтынын мәлімдеді. 

Әңгіменің әлқиссасын әріден бастасақ, Нұржан Молдиярұлы Жамбыл облысы әкімінің орын­басары болып тұрған кезде «Түй­те» каналына көз тіккен кө­рінеді. Тіпті, жеке кәсіпкер Мадами­нованы қорқытып, жекемен­шігін­дегі каналды сатуға мәжбүр­лепті. Арызданушы мен қазіргі облыс әкімінің арасында телефон арқылы өрбіген сол әңгіменің ау­дио­жазбасы да жазылып қал­ған. Мұндай деректі Мадамирова­ның адвокаты Рена Керимова келтіріп отыр. Алайда арыздану­шы тарап әлі күнге сол аудио­жаз­ба­ны жарияламады. Тек Астана қаласындағы Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне шағым түсірді. 

Адвокаттың сөзіне сүйенсек, аталған аудиожазба 2021 жылы жазылған. Ол тұста облысты Бер­ді­бек Сапарбаев басқарып тұр­ған-ды. Алайда рейдерлік басып алу туралы әңгіме биыл қозғалып жатқан көрінеді. Рена Керимова арызданушы жақ қазір өздеріне қысым көрсетіліп жатқанын мәлімдеді. Тіпті, оларға каналдың орнына басқа жер беру де ұсыны­лыпты. Бірақ бұған арыздану­шылар келіспей, Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігі тарапынан тексеріс жүргізуді сұрады. 

Әрине, мұндай айып ешкімге абырой әкелмейтіндігі анық. Облыс әкімдігінің баспасөз қыз­меті бұл арыз «жаптым жала, жақ­тым күйе» екенін хабарлады.

«БАҚ және әлеуметтік желі­лерде тарап жатқан Жамбыл облысы әкімінің рейдерлікке қатысы бар екендігі туралы ақпа­рат шындыққа жанаспайды. «Түйте» каналы Тараз қаласын­дағы ирригациялық жүйелерге, арықтарға су жеткізу, жасыл же­ле­к­терді қурап кетуден сақтаудағы негізгі канал болып табылады.

Кезінде жекешеленіп кеткен «Түйте» каналы облыс орталы­ғындағы каналдар жүйесінің күре тамыры саналады.

Осыған орай, каналды реттеп, тазалау арқылы толық әлеуетін тиімді пайдалану үшін оны ком­му­налдық меншікке қайтару маңыз­ды.

Бұған дейін бұл бағытта қар­жы қаралғанымен, жұмыстар нақты нәтиже бермеген. Былтыр мамандармен қаладағы қураған ағаштар бойынша 919 акт, биылғы жылдың 5 айында 312 акт жасал­ғаны – соның дәлелі. Бүгінде заң­сыз жекешелендірілген мүлік­ті коммуналдық меншікке қай­тару шеңберінде жергілікті атқа­ру­шы және құқық қорғау орган­дарымен бірлескен шаралар жал­­­ғасып жатыр.

Барлық жұмыс заң аясында жүзеге асырылады.

Қазіргі уақытта бұл бағыттағы аза­маттық іс Жамбыл облыстық сотының апелляциялық саты­сын­да қарауында», – деп Жамбыл облысы әкімінің баспасөз хат­шысы Данияр Асқарұлы ресми мәлімдеме жасады. 

Негізі, су айдындары мәсе­лесіне қатысты Шу ауданының тұрғыны Қазақбай Байжұманұлы да шырылдап келген болатын. «Абай» шаруа қожалығының иесі тіпті әлеуметтік желі арқылы ви­део­­үндеу жасап, құзырлы орган­дардан көмек сұраған. Ол 2011 жылы көлді жалға алғанымен, оның  жалға алу мерзімін ұзартуға әкімдік рұқсат бермей отыр­ғанына наразылығын білдірген. Тіпті, «көлді тартып алу үшін әкімдік белден басу әрекетіне де барып жатыр» деп шаруа жанай­қайын жеткізген. Алайда облыс әкімі Нұржан Нұржігітов жеке­меншіктегі су айдындары мем­лекет меншігіне заңды түрде қай­тарылып жатқанын мәлімдеді.  

 «Облыстан 100-ден астам су қоймасы бар. Соның 80-нен астамы­ның жалға беру жөніндегі нормативтері бар. Олармен ар­найы инспекция айналысады. Бірақ «Абай»  шаруа қожалы­ғының көлді пайдалану мерзімі біткен. Жалға алушы келісімді мерзімді әрі қарай жалғастыру жөнінде комиссияға ұсыныс бер­ген. Бірақ сол 10 жылдың ішінде қандай жұмыстар атқарылғаны зерттеледі. Жоспар құрылып, бе­кі­тіледі. Сол жоспардың орында­луы тексеріледі. Комиссия жүр­гіз­ген тексеріске сәйкес, жоспар орын­далмаған. Комиссия келі­сім­шартты жалғастырмау жөнінде шешім қабылдады», – деді  облыс  басшысы Нұржан Нұржігітов.

Шырылдаған шаруа шағымын сотқа да жолдапты. Алайда сот комиссия шешімін дұрыс деп тапқан. Енді Қазақбай Байжұман­ұлы көлді жалға алу мерзімін ұзар­ту үшін Жоғарғы сотқа ша­ғым түсіріп жүр.

Әрине, мұндай жағдайда біреу­дікін дұрыс әлде бұрыс деу қиын. Алайда «Түйте» каналының жекеменшіктен мемлекет мен­ші­гіне қайтарылуын көпшілік құп көреді. Тіпті, «Тараз қаласын ке­сіп өтетін сегіз каналды да мем­лекет меншігіне қайтару керек» дейтіндер де табылады. Себебі каналдардың үстіне жекеменшік иелері түрлі кәсіпкерлік нысан салып тастаған. Ал бизнес нысан­дарынан шыққан қоқыс каналды да, қоршаған ортаны да ластап жатыр. Бірақ жамбылдықтар су айдындары жекеменшіктен алы­нып, қайта жекеменшікке беріліп кетпегенін қалайды. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы